Куба лидері Фидель Кастро бүгін өмірден өтті. Қазаны Куба мемлекеттік телеарнасында інісі Рауль Кастро «Куба революциясының көшбасшысы жұма күні Фидель Кастро 90 жасында жергілікті уақыт 22. 29-да өмірден озды» деп жария етті. XX ғасырда аты қалған әлем лидері турасында әлемдік БАҚ түрлі деректер жариялап жатыр.
Осыдан 10 жыл бұрын Guardian басылымы оған өмірінде 638 рет қастандық жасалғанын жазған.
Куба үкіметінің өкімімен ел халқы кубалық революция көшбасшысы Фидель Кастроның қайтыс болуына байланысты тоғыз күн бойы аза тұтады. Аза тұту сенбіде басталып, 4 желтоқсан, жексенбі күні аяқталады.
Рауль Кастро өзінің ағасы, Куба революциясының көшбасшысы Фидель Кастроның сенбі күні кремацияланатынын хабарлады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан достық пейілдегі Куба Республикасының халқына көңіл айтты.
Сондай-ақ, «Куба революциясының көшбасшысы Фидель Кастро дүниеден өтті. Мен онымен 1995 жылдың қаңтар айында Гаванада кездескен болатынмын», - деп жазды Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында.