Оңтүстіктегі ауыл шаруашылығын өркендетудің жолдары туралы ойыммен бөліспекшімін. Бұл тақырыпты қозғау үшін оңтүстіктегі ауыл мәселесінен бастағанымыз абзал. Қазіргі ауыл халқы дегеніміз кімдер? Олар - көбінесе өздерінің қолындағы азын-аулақ малы мен егістік жерлеріне сүйеніп өмір сүріп жатқан, яғни тек үй шаруашылығымен ғана шұғылданып отырған адамдар. Қазіргі ауыл халқының кем дегенде 70-80 пайызын осындай адамдар тобы құрайтындығы анық.
Үй шаруашылығы негізінде ұйымдасып тірлік қылудың өзіндік қиындықтары бар екендігі анық. Мәселен, олардың қолдарындағы малдарды селекциядан өткізудің, асылдандырудың қиындықтары жетіп артылады. Сонымен қатар, әрбір үйден өнім жинап жүру де оңай емес. Оның үстінде әлемдік тәжірибе бойынша кәсіпкерлік субъектісі ретінде ұйымдаспаған жеке шаруашылықтың болашағынан үміт күту де қиын. Міне, осындай себептерге байланысты осы уақытқа дейін жеке үй шаруашылықтарының қолдарындағы малдар көптеген субсидия түрлерінен құралақан қалып отырды. Олардың қолындағы өнімді жинау мәселесімен де ешкім шұғылданбады. Енді Елбасы тапсырмасы арқылы мемлекет нақ осы адамдар тобына көңіл бөлетін болады. Бұдан былайғы кезеңде олар да мемлекеттік қолдауға ие бола бастайды. Біздің ойымызша нақ осы шешім біздің қазақ халқының, жалпы, Қазақстандағы ауыл халқының өзіндік ұлттық ерекшеліктеріне мән берген, сол ерекшеліктерге сәйкес қолдау шараларын көрсетудің жолдарын қарастырған бірден-бір ұтымды шешім болып отыр. Мұның мемлекетке, жалпы ел экономикасына беретін пайдасы да аз болмас. Өйткені, қазіргі зерттеулер малдың 70-80 пайызы осы жеке шаруашылықтардың қолында екенін, демек, бұл шаруашылықтардың қолында, егер ұйымдастыра білсе, мол өнім көзі бар екендігін көрсетеді. Сонымен, еліміздегі үй шаруашылықтарын дамыту мақсатында мемлекет алғашқы кезекте қандай мәселелерге мән бермек? Оның шет жағасын біз жоғарыда айтып та кеттік. 670 мың ұсақ өндірушінің тауарлы өндіріске қарай тартылатындығын айттық. Әркім өз қолындағы азын-аулақ малмен отырғанда оларды қалай ұйымдасқан өндіріске тартуға болады? Мұның жолы белгілі. Әлемдік тәжірибедегі мұның ең тиімді тәсілі осындай жеке шаруашылықтардың кооперациясын қалыптастыру және дамыту болып табылады. Міне, мемлекет осындай күрделі мәселені шешуге батыл кірісуді жөн көріп отыр. Осы жоба бойынша кем дегенде 20 үй шаруашылығы бас қосқан жерде олардың кооперативі ұйымдастырылатын болады. Бұл кооперативтерден бірінші кезекте сүт өнімдерін жинаудың, содан кейін ет өнімдерін жинаудың тиісті схемалары әзірлену үстінде. Осыны жүзеге асыру мақсатында сүт қабылдау пункті ашылып, ол тиісті технологиялық құралдармен және сүтті тасымалдайтын көлік түрімен қамтамасыз етіледі. Мұнда сүттің сапасын және көлемін анықтайтын құралдар болады. Сүт жинайтын адам белгіленеді және кооператив басшысы сайланады. Бұл үдерістердің бәрі ауыл адамдарының қолдауымен ерікті түрде жүргізіледі. Біздің ойымызша, мұндай шараны ұйымдастыруды ауыл адамдары, яғни жеке үй шаруашылығының иелері қолдауы тиіс. Өйткені, кооперативтің оларға беретін пайдасынан басқа зияны жоқ. Олардың қолындағы өнімдерді тұрақты түрде жинап алу және оларды өткізу мәселесі шешілсе, мұның өзі әрбір үй шаруашылығы иесінің тұрақты кірісін арттыратындығы анық. Яғни ол өз үйінде отырып-ақ, тұрақты жұмыс тапқандай мүмкіндікке ие болады.
Ерсұлтан Қайратұлы,
Шымкент қаласының тұрғыны
Пікір қалдыру