Ол – болмысынан, табиғатынан ақын еді. Ол әлдебіреулер секілді өмірде ақынның образын жасаған жоқ. Өмірде басы «ноқтаға сыймай» ақын болып өмір сүрді. Ол басқаша өмір сүре алмас та еді.
Есенин танымал ақынға айналғанда оны көруді, онымен танысып, жақын араласуды талай жас ақын, талай оқырман армандады. Есенинге еліктеп, Есенинше өлең жазғылары келді. Есениндей өмірге еркелеп, өмір сүргісі келді. Бірақ өмір ешкімді еркелеткен емес. Тіпті тумысынан дарынды, ерекше жаратылыс иесі, ерке, нәзік, сезімтал, сенгіш, аңғал, тәкаппар Есенинді де. ...Америкалық танымал биші, өзінен он сегіз жас үлкен Айседора Дунканға үйленгенін біреулер жазғырып жатты. Бірақ... өзін өзі құтқару үшін, сақтау үшін, тағы да өлең жазуы үшін ол солай етуге мәжбүр еді. Талантына тұсау, шабытына тежеу болған аяр дұшпандардан алыс кету үшін, біраз уақыт шетелге кету үшін кедей ақын бишіге үйленуге тиіс еді. Айседора Дункан орыс тілін өте нашар білетін, тіпті ойын жеткізіп айта алмайтын, ал Есенин ағылшынша мүлдем білмейтін. Екеуі ыммен сөйлесіп, бірін-бірі әйтеуір түсінетін.
Айседора талантты, тағдырлы биші еді. Үлкен ұлы мен қызы жолапатына ұшырайды. Олар мінген машина көпірден Сенаға құлап, машинамен бірге балалары суға батып, өледі. Ауыр қайғыдан көпке дейін биші өз өзіне келе алмайды.
Замандастары: «Алғаш танысқан сәтте-ақ екеуі бірін-бірі бұрыннан білетін секілді әсер қалдырды. Ерке, тентек Есенин Айседораның тізесіне басын қойып жатты. Айседора «алтын бас» деп оның шашынан сипап отырды» дейді.
Айседора Дункан Есенинге тұрмысқа шығарда өзінің жасын жасырып, тіпті паспорттағы өмірге келген жылын өзгертеді. Есенин «Айседораны өзінен тоғыз жас үлкен» деп ойлайды, ал шын мәнінде, әйелі өзінен он сегіз жас үлкен еді.
Айсодораға дейін Есенин Зинаида Райх есімде актрисамен некеде болды. Зинаидадан екі баласы бар. Журналист, әрі өзінің әдеби көмекшісі Галина Бениславскаямен Айседора Дунканға үйленгенше бірге тұрды. Дунканмен ажырасқаннан кейін Галинаға қайтып келді, бірақ екеуі үйленген жоқ. Есенин өмірден өткеннен кейін бір жылдан кейін Галина ақынның бейітінің басында өзін өзі атып, өлтіреді.
Лев Толстойдың немересі Софья – Есениннің соңғы әйелі. Софьяға үйленгеннен кейін бір жылдан кейін Есенин өзіне қолжұмсап өледі. Бірақ бүгінде мінезді ақынның өзіне өзі қолжұмсап өлмегенін, оның өліміне НКВД-ның қатысы бары жазылып та, айтылып та жатыр.
Пікір қалдыру