МАКС ПЕН ТАЛҒАТТЫҢ ТАҒДЫРЫ. АҚШ-ТЫҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҒЫ ҺӘМ ТАЙШЫБЕКОВ ПАРАДОКСЫ

/uploads/thumbnail/20170709184452322_small.jpg

28 қарашада, Жеріміз жаттың қолына кетпесін деп ұрандаған Макс Боқаев пен Талғат Аянды режим 5 жылға соттап жіберді. Елбасына мараторий жариялатқан митингтен кейін қамауға алынған екі азамат – дабылды ерте қаққан, қазақ жерінің ең ояу «күзетшілері» еді.

Олар соттағы соңғы сөзінде: ««Жер кодексі» түбегейлі өзгертілсін. Талғат екеуміздің айтарымыз бар, бұл біздің соңғы сөзіміз емес. Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қоса алатынымызға сенімдімін. Еліміздің гүлденуіне барлық мүмкіншіліктердің бар екеніне сенемін», - деп азаматтық позициясынан танбай тас түрменің қақпасына қасқайып қарап тұра берді.

«Ұзын Орал, күн мен түн шекарасы,

Бір жағы түн, бір жағы күн баласы.

Арғы жағы көккөзді жын ұясы,

Бергі жағы Түріктің сар даласы.

Осы сөздерді айтқан Қазақ мақтанышы, Ресей мен Орыстың кім екенін аңғарған Мағжанды большевиктер атты. Орысқұл жерлес Мағжанға қарсы домалақ қағаздарын төпелетті. Халық үндемеді. Десе де, Мағжан, Абай, Шәкәрімдер Ұлт мақтанышы болып қалды мәңгілікте. Ал атақ пен шен іздеген арсыз жендеттерді өмірдің өзі жұтқаны былай тұрсын, тозаққа тура жолмен аттанды олар. Айтпағым, алтынымызды дер кезінде қадірлей білейік, уақыт өте аһ ұрып жүрмейік. Бүгінгі Қазақтың ары мен қос батыры - Макс Бокаев пен Талғат Аянды барынша қолдайық, Сол бояғы мықтыларымызды жұтқан арам күшке қарсы шығайық!», - деп жазып еді Сот үкім кесерден 20 күн бұрын Расул Жұмалы.

Екі азамат сотталып кеткенде де Қазақ ұлтшылдары шыр-пыр болды. Ел алдында жүрген азаматтар Талғат пен Макстің кінәсіз екендігін, сот үкімінің әділетсіз екенін ашық сынады.

Иә, біздің сот әділетсіз. Қалың қазақтың көзін бақырайтып қойып, қазақтың даласында туып-өскен, дәміміз бен тұзымызды жеген талай опасыз Қазақстанды Ресейге қоспақ болып тайраңдаған еді. Соларға сот не істей алды? Ұмытпаған боларсыздар...

Ермек Тайшыбеков деген ит болды. «СССР-дің ыдырауы мен үшін трагедия болды. Өйткені менің отаным ыдырап кетті. Енді отаным СССР  қайта бірігуі керек. Отаным – СССР, Ресей»,  - деп тантыды ол. Тіпті Қазақстан Ресейдің құрамына қосылса, губерниясы болса деп құрбандық та шалды.  Елімізді территориялық тұрғыда бөлшектеп, Ресей Федерациясының құрамына қосуға шақырды. Бұл Қазақстан Конституциясының алғашқы бабына тікелей қайшы. Қазақстанның территориялық тұтастығына көз алартқан кез-келген адам біздің еліміз үшін дүниенің ең қауіпті террористтері қатарында есептелуі керек-ті. Сот не істеді? Оған бар болғаны 5-ақ жыл жаза кесті.  Сотталмайтын да ма еді, егер ұлтшылдарымыз дабыл қағып, билікке үн қатпағанда.

Қазақ жерін бөлшектегісі келетіндер жалғыз Тайшыбеков болмады. Игорь Сычев деген біреу де Шығыс Қазақстан облысын Ресей федерациясы құрамына қосу туралы арандатушы материалынан кейін 5-ақ жылға сотталды. Ал, жыл сайын «Жеңіс күнін» желеу етіп, Оралда, Петропавлда басқа қалаларда Ресейдің, Совет одағының туын желбіретіп көлік шеруін өткізетіндерге құзырлы органдар жол ашып бермесе, шектеу қойған емес. Георгий лентасын тағып, сеператизм мен қабырғамыздың сөгілуін насихаттайтын орыс-казактар МАКС БОҚАЕВ ПЕН ТАЛҒАТ АЯНДЫ соттағандардың көзіне көрінген емес.

Макс Боқаев пен Талғат Аян сотталған соң Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігін оларды босатуға шақырды. «Макс Боқаев пен Талғат Аянды өз көзқарастарын бейбіт түрде білдіргені үшін ғана соттау - өрескел қателік. Боқаев пен Аян дереу босатылуы тиіс» деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман.

Тіпті, АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы елде биыл көктемде өткен митингілерге байланысты Макс Боқаев пен Талғат Аянды 5 жылға соттаған үкімге алаңдайтынын мәлімдеді.

«АҚШ Қазақстан Республикасының заңдары мен институттарының құрметтей отырып, айтылып отырған істерді Қазақстан Республикасының заңдары мен конституциясының жоғары стандарттарына сай болуын қамтамасыз ету үшін қазақстандық азаматтардың өз пікірлерін еркін және бейбіт түрде білдірулерін азаматтық және заңды құқықтарын сақтайтын, азаматтарға еркін және әділ үкім шығарылуына кепілдік беру мақсатында осы істер бойынша Қазақстанның уәкілетті мемлекеттік органдарын құқықтық процесті қайта қарауды шақырады» делінген елшілік сайтындағы мәлімдемеде.

Сөз соңында: Қазақтың жыртығын бүтіндеп, кемін түгелдейтін, халықтың мұңы мен зарын тыңдайтын, тыңдап қана қоймай қажетті шараларды атқаруға тиіс мекеме Парламент қой. Сол Парламент азаматтарымызға араша түсер арнаулы заң шығарар деген үмітпен жаздық бұл мақаланы. Неге дейсіз бе?

2016-жылдың 30-наурызы күні ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мақсатында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, жергілікті атқарушы органдар 1,7 млн. гектар жерді аукцион арқылы саудалайтыны және оның Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам ұлттық жоспарының» ІІІ. «Индустрияландыру жəне экономикалық өсім» бағытын жүзеге асыру мақсатында жүзеге асып жатқандығы туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев ресми мәлімдеме жасады.

Бірақ, бұл мәлімдеменің шикілігі сол, жерді аукцион арқылы саудалауда «ҚАЗАҚСТАННЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖЕРЛЕРІ ШЕТ ЕЛДІК ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА САТЫЛМАЙДЫ» және «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ӨЗІНЕ ТИЕСЕЛІ ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН ШЕТ ЕЛДІК ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА САТУЫНА ТИЫМ САЛЫНАДЫ» деген сөздер болмады.

Ресми дерекке сай, 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңы қабылданды, ол 2016 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуге тиіс еді. Онда бос жатқан ауылшаруашылық жерлерінің бәрін аукцион арқылы сату көзделген. Аукцион барысында жердің сатып алушысы анықталмаса онда нысанның құны төмендетіліп, қайта сатылымға шығарылады. Жерді сатып алған азамат оны қайта сатуға құқылы. Жер Кодексіне сәйкес, жер жеке меншікке қазақстандықтарға ғана сатылады. Ал, шетел азаматтары аукционға қатыса алмайды. Ең сорақысы сол, жерді бақандай 25 жылға жалға алады. Бірақ, жат елдік келген жердің ширек ғасырда не тамтығы қаларын заңды жасағандар ойламаған.

Осыған не Парламент үн қатпады, не Үкімет өзгеріс енгізбеді. Қазақтың жері жаттың қолына кете ме деген қазақ амалсыз митингтерге шығып, билікке үнін жеткізуге тырысты. Атыраудан басталған қарсылық жиындары республикалық сипат алды. Қауқарсыз Парламент сонда да үнсіз қалды. Депутаттар Камералардан қашты. Президент мараторий жарияламағанда Үкімет қазақтың жерін талан-таражыға түсіруге шақ қалды.

Тәуелсіздікке 25 жыл! Осымен Постсоветтік дәуір аяқталды. Қазақстан өзінің жаңа дәуірін, жаға ғасырын бастауға тиіс. Қазақ даласын қорғаған батыр азаматтар Талғат Аян мен Макс Боқаевқа билік бостандық бермесе, бұл біздің Тәуелсіздік тарихымызда бетімізге басылған қара таңба болып қала бермек... 

Нұрғали НҰРТАЙ

Қатысты Мақалалар