Гүлнәз Жоланова: «Актердің сомдаған рөлі өміріне әсер ететініне сенемін»

/uploads/thumbnail/20170709184606373_small.jpg

«Қазақ аруы-2014» бәйгесінде барлығынан оза шауып, халыққа кеңінен танылған Гүлнәз, бүгінде актриса, тележүргізуші. Бірнеше телевизиялық жобаларда бой көрсетіп жүрген аруды сөзге тартып, сұхбаттасуды жөн көрдік.

- Гүлнәз, отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз.

- Отбасымда екі адамбыз. Мен және анам. Әкесіз өстім. Үйде жалғыз қыз болғандықтан айтқанымды орындатқызатын, ерке қыз болдым. Ең бастысы, үлкен махаббат пен қамқорлықты, жылулықты сезіп, көріп өстім.  

-  Бәрекелді! Сіздің ойыңызша 21-ші ғасырдың мінсіз болмаса да соған жақын қазақ қызы қандай болу керек?

- Әрине, пенде болғаннан кейін кемшіліксіз адам болмайды. Десек те идеалға жақын қыздар бар. Олардың бойынан, ең алдымен, білім, адамгершілік секілді қасиеттер табылу керек. Сонымен қатар, өзін ортада дұрыс ұстай білетін, бірнеше тілді еркін меңгерген, талғаммен киініп, өзін күтетін, салт-дәстүрімізден хабары бар болса нұр үстіне нұр.  

- Осы қасиеттер Сіздің бойыңыздан табыла ма?

- Өзім туралы айтуға қиналамын. Алайда, мені жақсы білетін адамдардан жоғарыда атап өткен қасиеттер мен де бар екенін жиі естимін.

- Шет елде оқуды армандайды екенсіз. Қай мамандық бойынша біліміңізді шыңдағыңыз келеді?

- Мен кино саласын жетік меңгеруді қалаймын. Оның тармақтары көп қой. Режиссерлік, продюсер, актриса секілді. Қазір нанымды актриса ретінде тауып жүргендіктен өзімді дәл осы салады шыңдап, білімімді тереңдеткім келеді. Жылдап болмаса да Еуропа, Америка елдеріндегі кино студияларда 3-4 ай оқысам деген мақсатым бар. Барлығы уақыттың еншісінде, болашақта көре жатармыз.  

- Қазір журналистика факультетінде магистратурада оқудасыз. Оны тәмәмдағаннан кейін газетке мақала немесе телевизиялық жобаларға сценарий жазу ойыңызда бар ма?

- Қазіргі таңда екі саланы қатар алып келе жатырмын. Бірі кино болса, екіншісі телеарна. Екеуінде де білікті маман болу, іздену, оқу парызым деп есептеймін. Тележүргізуші болғандықтан журналистиканы оқуды қажет деп шештім.

- Сіз бір сұхбатыңызда «Қазір жігіттер ұсақталып кетті» деген едіңіз. Сіздің ойыңызша, нағыз ер-азамат қандай болу керек?

- Менің түсінігімде нағыз азамат ер мінезді болу қажет. Яғни, сөзіне, ісіне берік, қайсар мінезді, жігерлі. Айта берсең, көп қой. Ең бастысы, мені шын сүйсе деймін.

- Сол идеалыңызды таптыңыз ба?

- (Біраз ойланып)Тұрмыс құрып, бір отбасы болғанша, таптым деп айтуға қорқамын. Сондықтан, әзірше ештеңе айта алмаймын.

- Сіз журналистерге берген сұхбатыңызда «Қазір қоғам жеңіл-желпі фильмдер мен сериалдарды жақсы көреді», - деген едіңіз. Өзіңіз түскен теле өнімдерді қандай санатқа жатқызар едіңіз?

- Мен түскен жобалар сұранысқа ие. Оның әрбірінен ойға түйетін, сабақ алатын дүниелер бар. Себебі, онда  шынайы махаббат, достық, сатқындық, қазіргі қоғамның келбеті  көрініс табады. Мәселен, «Махаббатым жүрегімде» телехикаясында әлеуметтік теңсіздікті, әділетсіздікті байқайсыз. Мұның барлығы шынайы өмір ғой. Ал телехикаяның екінші бөлімі «хэппи эндпен» болмайды. Әдетте, фильм, телехикаялардағы барша кейіпкер соңында бақытқа жетеді. Бірақ, шынайы өмірде, миллионның бірі ғана қиыншылықты жеңіп, бақытқа кенеледі. Сондықтан, мұнда пафосқа жол беріп, шынайы өмірден алшақ кетпедік. Ал «Құстар әніне» келер болсам, оның орны айрықша. Себебі, әйгілі күйші композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевті әрбір қазақ білу қажет деп есептеймін. Осы тұрғысында қоғамда «Құстар әні» секілді өнімдер керек. Ол арқылы біз күйшінің өмірі, шығармашылығымен танысып қана қоймай, қазақ мәдениетін, өнерін көре аламыз. Сондықтан, мұндай жобалар көп болу керек.

- Арманыңыздағы рөл бар ма?

- Қазақстанда, өкінішке орай, кино индустриясы қатты дамымаған. Мәселен,  Джони Депп сияқты түрлі образдарға еніп, бір-біріне мүлде ұқсамайтын рөлдер сомдауға әзірше мүмкіндік жоқ. Бұл ретте, мен әрбір үйдің төрінде орын алған қара жәшікте көрсететін өнімдерді айтып отырмын. Себебі, театрда жағдай мүлде басқа. Мәселен, актер бүгін қайыршыны ойнаса, ертең ханның рөлін сомдайды. Десек те кино, телехикаяларда бой көрсетіп жүрген Берік Айтжановтың образдары бір-біріне ұқсамайды, әртүрлі. Ал менің қазіргі ампулам – ауылдан келген қыз. Қандай кастингке шақырса да ауылдан келген, аңқау, ақкөңіл, кейде ақылы бар, кейде ақымақ қыздың рөліне байқап көреді. Сол берілген рөлді өз деңгейінде ойнап, тәжірибемді шыңдау міндетім. Оны жоғары дәрежеде алып шығып, өссем деген ойдамын. Кейін, одан да күрделі образдарды сомдау үшін пісіп, жетілемін. Бәлкім, болашақта жағымсыз кейіпкерді ойнармын. Жас та келеді дегендей. Одан кейін, жас, аңқау қыздың рөлін ойнай алмайсың. Барлығы өз ретімен болуы керек.

-  «Осы рөлді ойнауға ешқашан келіспеуші едім» деп біреуін дөп басып айта аласыз ба?

- Меніңше, Қазақстанда «Мен осы рөлді ешқашан ойнамас едім» дейтіндей фильмдер түсірілмейді. Себебі, біздің менталитетіміз оған жол бермейді. Дегенмен, нағыз актриса ешқашан олай айтпауы қажет. Себебі,  қандай рөл болсын, оны алып шығу актрисаның басты миссиясы.

- Гүлназ, соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

- Халед Хоссейнидің «И эхо летит по горам»  кітабын оқыдым. Жазушы Пәкістан туралы жазған. Классика емес. Бірақ, оқуға тұралық кітап. Ал, қазақ әдебиетінен соңғы мәрте «Ақбілекті» оқыдым. Жалпы, сүйікті жазушыларым ретінде, Мұхтар Әуезов, Әзілхан Нұршайықовты атай аламын. Ақындардан Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқимын.

- Кейіпкеріңіздің ауыр тағдырын жүрегіңізге жақын қабылдап, образдан шыға алмай жүретін сәттеріңіз бола ма?

- «Тараз» фильмінде, түсірілім басталғанда рөлге кіріп, жылау қажет болса, жылайсың.  Біреу айқайлап, төбелесіп жатады. Алайда, режиссердің «Стоп» деген сөзінен кейін барлығымыз күліп, қалжыңдасып, түсірілім алаңында жылы атмосфера орнайды. Барлығымыз татуласып кеттік.  Режиссеріміз де өте көңілді адам. Ал «Махаббатым жүрегімде» телехикаясының 1-ші маусымы көңіл-күйіме әсер етті. Себебі, сценарий ауыр болды және ең алғашқы тәжірбием дегендей. 1 ай бойы сериалдағы көңілсіз эпизодтарды ойнағанда, жүрегіме жақын қабылдадым. Қай жер жұмыс, қай тұсы өмір екенін аражігін ажырата алмай қалдым ба? Бірақ, уақыт өте келе барлығы орнына келді. Өз басым актердің сомдаған ролі өміріне әсер ететініне сенемін. Оны өз тәжірбиемнен айтып отырмын. Бәлкім бұл жай ғана сәйкестік шығар. Бірақ, аз-маз болса да сценарийдегі тағдыр қайталатын уақыттар болады.

- Өзіңізді 10 жылдан кейін, қалай елестетесіз?

- Аяулы ана, ардақты жар. Тележүргізуші әрі актриса. Сонымен қатар, отбасына да, жұмысына да уақыт тауып жүрген адам ретінде елестетемін. Мүмкін, тіпті басқа салаға кетіп қалатын шығармын. Оны уақыт көрсетеді.

- Рахмет! Барлық армандарыңызға жетуге тілектеспіз!

- Рахмет!

Сұхбаттасқан: Әсем ӘЛМҰХАНБЕТ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар