Бүгін Бас Прокуратураның алдында белгісіз әйел өзін өртеп жіберді деп хабарлайды Бас Прокуратураның баспасөз қызметі.
Үш адамды ертіп келген әйел сырт киімін шешіп, үстіне бензин құйып, өзін өртеп жіберген.
«Өртті сөндіру үшін бірден арнайы шаралар қолданылды. Оқиға күтпеген жерден, бір мезетте орын алды. Өзін өртегенге дейін әйелдің тарапынан ешқандай күмәнді әрекет байқалмады. Алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақырылды» дейді Бас Прокуратураның баспасөз қызметі.
Әйелдің аты-жөні анықталды. Ол М.Е.Рысманова есімді 48 жасар әйел 1988 жылы дүниге келген баласы Е.Н.Ахметовті заңсыз соттады деген себеппен осындай қадамға барған. Бас Прокуратураның мәліметінше, баласына қатысты қылмыстық істе М.Е.Рысманованың дәлелдерін Бас Прокуратурада тексеру туралы өтініші 28 қарашада 2016 жылы келіп түскен.
Шу аудандық соттың шешімі бойынша, 2015 жылдың 15 маусым айында Е.Ахметов ҚР қылмыстық кодексінің 4 бөлімі 296 бабы бойынша 4 жыл 6 айға қатаң режимдегі колонияға тоғытылған. 28 жастағы Е.Ахметов заңсыз 3,5 грамм героин мен 285 грамм анаша сақтағаны үшін сотталған.