Дулат Бабатайұлы шығармаларындағы лексемалардың семантикалық қолданысы

/uploads/thumbnail/20170709184742727_small.jpg

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Филология және әлем тілдері факультетінде Дулат Бабатайұлы мұраларын талдап, таңдауға ерекше мүмкіндік берілген. Жас зерттеушілер Дулат мұраларын әдебиеттану және лингвистика ғылымдарының шеңберінде зерттеу нысанына айналдырады. Дулаттың адамзаттық құнды ой-пікірлері мен пәлсафалық тұжырымдары,  қанатты сөздері жас буынды тәрбиелеуге ерекше септігін тигізетіні сөзсіз.

Жазба поэзияның іргетасын нық қалаған Абай атамыз болса, осы іргетасты қалай қалау керек екендігін, алғашқы үлгісін көрсеткен қазақ поэзиясының ХІХ ғасырдағы алыптарының бірі - Дулат Бабатайұлы.

Дулат – жыраулық мектептен шығып, ақындық мектепті күшейткен суреткер. Бұл – жыраулықтың төмендігінен, әлсіздігінен емес, заман талабынан туған бетбұрыс. XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы үшін енді өлең сөз арқылы ақыл, насихат айтатын дидактикалық сипат пен заман, қоғам, адам туралы жалпы философиялық толғаныстар аздық етеді. Ендігі жердегі поэзиядан нақтылыққа көшіп, заманға ілесіп отыру, жалпы насихаттан гөрі сынау, күйіну, сүйіну сияқты нақты суреттерге бару талап етіледі. Дулатты кейде тіпті, жырау деп атағанымен және  сырт қарағанда өлең жырлары 7-8 буынды жыр ағымындағы өлшеммен келгенімен, ол жырау емес, ақын. Ал, ақындық жағынан Дулаттың өлеңдері бұрынғы жырауларды былай қойғанда, тіпті кешегі Бұқар толғауларынан, одан қалды өзімен тұстас ақындардың туындыларынан мүлде өзгеше дүниелер.

 

Орынсыз күлер күлкім жоқ,

Есепсіз ұйықтар ұйқым жоқ...

Қорған құрыш сөзім бар.

Бұлттан өтіп мұнарды

Болжайтұғын көзім бар.

Кеудем – ақыл сарайы,

Кірем десең, кел, міне! –

деп бұдан бір жарым ғасырдай бұрын өзінің ақыл сарайына кіруге шақырған Дулаттың адамдық, ақындық әлеміне толық бойлап болдық па? Тіпті, Дулаттың өз сөзімен айтқанда, «сорғалаған нөсердей жырын» танып-біліп болған күннің өзінде әр кез сүйсіне оқып, осындай да алыбымыз болған деп сүйсіне атап жүрміз бе? Осы сауалдарға еш бүкпесіз жауап беретін болсақ, әрине, Дулаттай ақынымыздың мұрасын біз жеткілікті дәрежеде әлі де танып болған жоқпыз деп айтуға әбден болады. Сондықтан да Дулат Бабатайұлының тілін зерттеу, қарастыру, оның ерекшеліктерін айқындау – бүгінгі күнде өз өзектілігінен арылмаған іс болып табылады.

Жалпы ақын тілінің ерекшеліктеріне, енгізген жаңалықтарына келетін болсақ, ол – бұрынғы ауызша таралып келген жыраулар поэзиясының дәстүрі мен Абай атамыз қалыптастырған жазба поэзияның арасындағы көпір іспеттес. Бұның себебі, Дулаттың әдеби мұрамызды, ауызша әдебиет үлгілерін, жыраулық дәстүрді сақтай отырып, жыраулар қалыптастырған лексикалық қорды орынды  пайдаланып, онымен қоса, өзі жаңалық қосып, тың тіркестер мен образдар жасай білуінде.

Дулаттың шығармашылығында өзі өмір сүрген Аягөз – Семей өңіріндегі жер-су атаулары жиі кездеседі.[1,103] Шығармаларында туған өлкенің тамаша бейнесі жасалады. Алайда, өлеңдерінде бейбіт дала көріністерінен гөрі отаршылдықтың езгісінен қисайып, сұлулығы мен сәнінен ,бастысы еркіндігінен айырылып бара жатқан өлкесі суреттеледі. Дулаттың өлеңдерінде Аягөз, Сандықтас, Ақжайлау, Сарыарқа, Сыр, Бұхар, Қаратау, Түркістан, Арыс, Келес, Талас, Шу, Тұран, Тарбағатай, Алатау, Көксала, Бақанас, т.б. деген жер-су атаулары кездеседі. Ақын жер мәселесін жырлау арқылы ұлттық, халықтық намысты жандырып, жігерді шыңдайды. Осы орайда ол кең даласының кешегісі мен бүгінін, қазіргісі мен ертеңін салыстырып,терең қорытындылар жасайды. Мысалы:

Ақжайлау мен Сандықтас –

Атамның қонған қонысы:

Түн асса тұтам түгі өскен

Басылмайтын сонысы![3,81]

Бұдан басқа, Дулат Бабатайұлы шығармаларында ономастикалық атаулар да кездеседі.  Ақынның өлеңдері кей кездерде жалпылықтан арылып, қоғам дертіне байланысты елді азғырып жатқан жекелеген адамдардың мінез-құлқын, әрекеттерін суреттеуге арналатындықтан, Барақ, Ешен, Сүлеймен, Ақтан деген замандастарының есімдері, сонымен қоса, ел тарихына қатысты шығармаларында Ақсақ Темір, Абылай, Әбілмансұр хан, Хан  Кене, Еспембет, Ер Қосай, Қабанбай, Ақтамберді, Саббас, Сасан, Әбілпейіз хан, Жолымбет, Ақтайлақ, Құттыбай, Нарынбай, Байғара, Сәтімқұл би, Құлмамбет, Жанғұлы, т.б. тарихи адамдардың есімдері кездеседі. Сондай-ақ, Найман, Жолымбет, Сыбан, Байжігіт, Төлеңгіт, Қалмақ, Төре, Арғын, Қаракерей сияқты ру атаулары да топонимдер жүйесінде ерекше қолданысқа ие.

Дулаттың ұлтжандылығына, елжандылығына байланысты оның шығармаларында ел, жұрт, халық, қазақ, алаш сияқты жалпы ұғымдардың қолданылуы көрініс табады.  Өлең мәтіндеріндегі әлеуметтік терминдердің жиі қолданылуы да өлең тақырыбы мен мазмұнына сәйкес келеді. Бұл әлеуметтік терминдер мыналар: патша, атқамінер, сұлтан, қазы, бай, кедей, би, болыс, старшын, хан, дуан, ұлық, бек, батыр, аға сұлтан, сопы, пір, абыз, падыша, майыр, т.б.

Ақын өлеңдерінде көрініс табатын лексикалық қабаттың тағы біреуі – бұл этнолингвистикалық терминдер. Олардың ішінде туыстық атаулар болып келеді. Яғни, өлеңдерінде ел мәселесі, отан мәселесі отбасы, жанұя мүддесімен бірлікте қаралады. Бұл орайда ата-ана, қарындас, немере, шөбере, әке, қыз, ұлан, бәйбіше, жеңге, ақсақал, абыз, шеше, әже сияқты туыстық атауларды әрбір өлең мәтінінен кездестіреміз:

Бәйбіше – тантық, бай –сараң,

Бозбаласы – бошалаң,

Қырсыға туда қыз балаң.

Дулат өмір сүрген заман – оның өлеңдерінде бар қырынан көрініс табатын құбылыс. Оның шығармашылығы заманының айнасы болып келетіндіктен, көшпелі салтпен тұрмыс кешкен, төрт түлік малды өзінің негізгі кәсібіне айналдырған, басқа да шаруашылық түрімен айналысқан халқының тынысын танытатын тұрмыстық лексика қабатының мол болуы заңдылық. Өлең мәтіндерінде қақпан, жемтік, құрық, егіс, терлік, бұйда, аспап, сайман, кетпен, балта, ара, қысқыш, балға, келі, бесік, тұғыр, сондай-ақ, Дулат өзі өмір сүрген өңіріндегі адамдарға ғана түсінікті болып келетін диалектизмдер – керсен, бұл, үме, кілеңдей, сінелі, жүремете, жобалаң, шайырлы, тарлаулары, ызу, іш құста,т.б. бар.  Дулат шығармашылығының құнарлы қабатын  қазіргі кезде тарих еншісіне көшкен көнерген сөздер – архаизмдер мен историзмдер құрайды. Мысалы, тобышық, шөңгел, қолаба, алал сопы, күскен, көбең, қаразы, ғайып ерен, қырық шілтен, әулие жар, имам, молда, алла, тәңір, шариғат, намаз, ораза сияқты діни сөздердің ұшырасуы да ұлттық ой танымымен байланыста болып келеді. Ал, кірме сөздер туралы айтатын болсақ, араб, парсы тілінен еніп, тілімізге әбден сіңісіп кеткен арман, жар, асыл, фәни, дүние, бақыт, ақыл, қаріп, қайғы, намыс, тағдыр сөздері, ал орыс отыршылдығына байланысты қолданысқа түскен майыр, солдат, шен, Сібір, кіреші, старшын, болыс терминдерін лингвопоэтикалық дәстүрмен шебер қолданған. Сондай-ақ, тарихи жағдайларға байланысты, өз елін, жерін қорғау қажеттілігінен туған, қолданысқа түскен жауынгерлік лексика да наркескен қылыш, найза, дөдеге, селебе, семсер, оқ, мылтық, шеп, сапы, сауыт, сүңгі, берен, кіреуке, адырна, дабыл соғу, ұран шақыру, жекпе-жек сынды сөздер арқылы көрініс тапқан. [1,105]

Бұдан бөлек, ақын шығармаларында фрезеологиялық тіркестер, тұрақты тіркестер, дисфемизм сөздер, антонимдер, синонимдер көптеп кездесіп жатады.

Көркем сөз дүниесіндегі жаңалықтардың бірі – образдар саласында. Образ тіл элементтері арқылы жасалады. Соны образ – тілдік тұлғалар мен тәсілдерде өзгерістер мен жаңалықтар әкеледі. Дулат бұл орайда да екі қырынан көрінеді: бірі – бұрынғы қазақ поэзиясы қолданып, қазақ әдеби тілінде нормаға айналған материалды еркін және орынды пайдаланған тұста, екіншісі – тың, жаңа сападағы образдарды ұсынған сәттерінде[2,167] 

Біріншіден,  Дулат қара қылды қақ жару, арғымақ аттай аңқылдау, қыран құстай саңқылдау, көл қорыған қызғыштай, еңбегі еш, тұзы сор, бел шешпей жорту, айдын ала ту алып жауға тию немесе ту ұстап тұлпар жарату, аузын айға білеу сияқты кәнігі образдарды шебер пайдаланады.

Тіпті кей тармақтарда:

Толғаулы найза қолға алып,

Тұйғын құстай толғанып,

Сары садақ асынып,

Егескен жауды қашырып...

деп, халық ауыз әдебиетінің батырлар жырында қолданылатын тіркестер мен оралымдар арқылы сөз ойнатады.

Дулат ақын тек поэтикалық образдар жасауда ғана емес, сонымен қатар, тұрақты тіркестер мен эпитеттерді қолдануда да өзіндік ерекшелігімен қатар бай қазақ ауыз әдебиетінің мұрасын пайдаланумен сипатталады. Оның өлеңдерінде мынадай тіркестер мен эпитеттер қолданылады: тұғырдан түсу, шепті бұзу, олжаны ортаға салу, жағасы сөгілу, қара қазан, сары бала, кең дүние, жалған дүние.

Дулат та өзінің алдында жасаған ақын-жыраулар сияқты өзінің шығармаларында қару-жарақ, сауыт-сайман, жауға мінер аттардың атауларын эпитеттермен қолданады. Бұл жердегі оның ерекшелігі – Дулат дайын анықтауыштардың орнына өзінің тың баламаларын ұсынады. Салыстырып көрейік: айбарлы ақ орда, шаншулы найза – Дулатта, еңсесі биік боз орда, қалайылаған қасты орда, толғамалы найза – Қазтуғандарда.

Сонымен қоса, Дулат ақын қазақ өлең мәтініне жаңа сапалық өзгерістер де енгізді. Оның фразеология саласына енгізген екі жаңалығы бар. Біріншісі – жаңа перифрастикалық тіркестер жасуы болса, екіншісі – жаңа фразеологизмдер ұсынуы.

Перифраз (немесе перифраза) дегеніміз – бір нәрсені немесе құбылысты сол нәрсенің (құбылыстың) бір белгісін, қасиетін көрсетіп, суреттеп атау. Мысалы, дүние, әлем дегенді «сегіз қиыр шар тарап», ал өмірді «жалған дүние» деп айту – осы перифрастикалық тіркеске жатады. Бұрынғы ақын-жыраулар бұл тәсілді өнімді қолданбаған болатын[2,73] .

Ал Дулат болса осы тәсілді едәуір жандандырған ақын.  Ол өз заманын «толқынды теңіз» деп атайды: қазақ қоғамының өз тұсындағы саяси-әлеуметтік күй-жағдайын ой-пікірде, іс-әрекетте, саясатта, талап-талғамда жел қайық сияқты жеңіл дүниелерді бетінде қалқытпайтын «толқынды теңізге» балап атайды. Жекпе-жекке шыққан екі батырдың біреуінің жеңіліп, қаза табуын «тіршілік пен өлімнің ұзақ дауы шешілген» деп суреттеуі де соны перифраз: адам өмірінің өзі – «тіршілік пен өлімнің дауы, ұзақ дауы», өлім – сол даудың шешілуі, дауласушы жақтардың біреуінің жеңуі. Немесе арман-аңсағанына жете алмай, тірлікте тапқан рухани олжасынан гөрі, өкініші басым болып кеткен өмірді «құмар ойнап ұтылған саудагер сарт» деп атуы да дәл айтылған, тың перифраз. Заманындағы әр алуан қайшылықтарды шеше алмай қиналған, ел басшысы – пысықтарға разы емес ойшылдың образын беруге «саулы иіп Дулат жүр, місе тұтып тұлыпты» деген перифраздарды ұсынады. Міне, осы типтес образдар Дулатта едәуір мол және жеке окказионалдық қолданысын дәйектейді.

Дулат Бабатайұлының тағы бір ерекшілігі – мағыналары бір-бірімен жанаспайтын сөздерді тіркестіріп, жаңа лексикалық тіркесімділік құруы. Мысалы, оның «Баласына айтқаны» деген өлеңінде мынадай жолдар бар: «Әкеңнің айтқан бұл сөзін Құтысына көңліңнің, Төгіп алма, дәлдеп құй».Бұл жерде ақын көңілдің құтысы, сөзді құю деген жаңа лексикалық тіркестер жасайды. Мағыналары жағынан «көңіл», «құты» сөздері бір-бірінен алшақ тұрған дүниелер болғанымен (құты – сауыт, оған нақты, деректі заттар ғана салынады: оқ-дәрінің құтысы, т.б. ал көңіл қолмен ұстап, көзбен көруге болатын нақты зат емес, дерексіз ұғым болып табылады) ақын бұл жерде екі сөзді шеберлігімен өте тиімді пайдаланып, соны тіркес жасап тұр. Тура сол сияқты сөз деген де зат емес, оны сүт не су сияқты құюға болмайды, алайда Дулат «дәлдеп құй» тіркесі арқылы осындай қабыспайтын дүниелерді қабыстырып, жаңа образ жасайды. Жалпы, бұл тәсіл қазақ әдеби тілінде XIX ғасырдың ортасынан бастап жиі көріне бастады.

Дулаттың жоғарыда көрсетілген тіркестерінен басқа мынадай тіркестер бар: жырдан алқа тағу, әділетке шөлдеу, көкірегінде қонақ жоқ, сұлулық сәулетінің сағымы, ұйқы беріп, қайғы алу, жырмен жуыну, жетімдіктің белі. Бұлар – сөздің экспрессиялық қуатын арттырған жаңа тың образдар, поэтикалық тың тіркестер. Қазақ әдеби тілінде осындай жаңа поэтикалық образдар мен сөздердің қолданылуы Дулатта басталғанымен, жүйелі түрде көркемдегіш құралға айналуы Абайдың еншісіне тиді[2,168]

Көргеннің көзі тойғандай,

Топты ортадан ойғандай,

Сәулетіңнің сағымы

Бұтағына шынардың

Күнді әкеп іліп қойғандай.

Сәндісің, жаным, сәндісің.

Сән салмақ сені азапқа

Бұл өлең жолдарында Дулат ақын әйел сұлулығын жырлауды жаңаша үлгіде көрсетті. Әйел сұлулығын жырлау қазақ поэзиясы үшін кәнігі тақырып болғанмен, оны асып кетсе айдай сұлу ақ ерке, ақ жүзің аппақ екен атқан таңдай деген теңеулерден аспай келген-ді, енді Дулат сұлу әйелдің ажары, ақ жүзі демей, сәулеттің сағымы деп бейнелейді , сол сағымды шынардың бұтағына іліп қойған күннің өзіне теңейді. Бұндай оқыс теңеу – қазақ поэзиясында бұрын-соңды кездеспеген образ. Мұнда әр сөз қосалқы образға ие: шынар – ең биік ағаш, сондықтан оның бұтағына ілінген затқа қол жетпейді – сұлу қыз да екінің бірінің қолы жете бермейтін жан, демек, бұл жердегі шынардың өзі образ. Сол сияқты күн нұрын шашып, айналасына жарық түсіреді, сұлулық та күн сияқты нұр себеді – әсемдікке деген сүйсіну сезімін туғызады, демек, мұнда күн сөзі де образ үшін алынған. Сол әсемдік жерде жатқан дүние емес, ие болғың келсе, қолыңды созып көр, шынардың ең биік бұтағына жеткізе аласың ба – сұлу да сол деген астарлы образды бұрын-соңды қазақ поэзиясы білген емес. Бұл өлеңнің тағы бір тосын сыры – мұнда көркемдеу құралдарының байырғысы мен жаңасының түйістірілуінде. Сырт қарағанда өлең шу дегеннен баяғы өлеңдер сияқты көрінеді: топты ортадан ойғандай, қараса көз тойғандай дегендер  бұрынғы таныс образдар, ал келесі үш жол, жоғарыда көрсеттік, мүлде тың образдар. Бұл шоғырдағы ең соңғы тармақ – алдыңғы алты жолдағы тезистің қорытындысы: қол жетпейтін сұлулығың сені азапқа салады: жұртты қызықтырады, таластырады, айттырады, мал берген «мықтылардың» біріне пенде болып кете барасың деген түйін.

Салыстыру, теңеу деген көркемдеуіш құралдар да қазақ әдебиетінде бұрыннан қолданылып жүрген тәсілдер болып табылады. Дулат ақын бұл орайда да өз қолтаңбасын салды. Оның Дүние – жемтік, мен – төбет, Соны бақпай не бақтым дегені жасалу формасы (қалыбы) жағынан бұрынғыдай болып келеді: шендестірілетін құбылыстың біреуі – адам, екіншісі – табиғат; ал одан туатын ассоциация тың: бұрын-соңды дүниені ешкім жемтікке теңемеген, ал ақынды сол жемтікті аңдып жүрген төбетке балау – мүлде антитезалық жаңа құбылыс

Сонымен, қорытындылай келетін болсақ, Дулат Бабатайұлы шығармаларының ерекшелігі – тақырыптарының ауқымдылығы мен кеңдігі, шынайы өмір сипатының айқын көрінуі, адамгершілік мүддесінің биіктігі болып табылады. Ақынның тілі бай, ойы терең болуының басты құпиясы шығармаларының нақтылық пен дәлдікке, даралық пен дәйектілікке бағытталғандығында. Сондықтан да Дулаттың лексикасы ұлттық рухты оятудың, шыңдаудың құралы ретінде қолданылады. Ақынымыздың тілі алмас қылыштай өткір, алдаспандай айбарлы, сыншылдық сипаты айқын көрінетін  құнарлы  лексика.  Ол елдің жағдайына, халықтың мүддесіне, ұлттың келешегіне өзінің ортасы мен айналада болып жатқан түрлі құбылыстарға өткір сын, терең пайыммен қарап отырып өзінің әділ бағасын береді. Ащы сөз ақиқаттың айнасына айналады.

 

 

Әдебиеттер

  1 Раев Қ. Дулат Бабатайұлы шығармаларының поэтикасы. Монография. – Алматы, 2007. – 281 б.

  2 Сыздықова Р. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Мектеп, 1984. – 248 б.

  3 Замана сазы: Өлеңдер мен дастандар. Құраст.,баспаға әзірлеген Қ.Өмірәлиев. – Алматы: Жазушы, 1991. – 160 б.

Авторы: Күркебаев Кенжетай

Қатысты Мақалалар