АЛМАС АХМЕТБЕКҰЛЫ. БІЗ – АЗАТ ӘДЕБИЕТТІ ЖАСАУШЫЛАРМЫЗ

/uploads/thumbnail/20170709184824291_small.png

29 қараша күні Қазақстан Жазушылар одағында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – Ұлт рухының бастауы» атты  мерекелік IV – Пленум өтті. Егемен еліміз еңсе тіктеген ширек ғасыр аралығындағы ұлт әдебиетінің беталысы мен жетістіктері, шешемін күткен түйткілді мәселелері талқыға түскен жиынды Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин ашты. Қаламгер қауым Қазақ әдебиетінің қарашаңырағында жиналып, арқа-жарқа күйге енген бұл күні айтылған ойдың өзегі Алаш жұртына арналады. Еркін елдің төл әдебиетін ертеңгі ұрпаққа саф алтындай таза күйінде жеткізу жолында еңбек етіп жүрген, ұлт рухын қадір тұтатын жазушы қауымның Тәуелсіздік тақырыбына арналған Пленумындағы ақын, Алмас Ахметбекұлының «Біз – азат әдебиетті жасаушылармыз» атты баяндамасын «Қамшы» порталы оқырман назарына ұсынады.

***

Тәуелсіздік ұлт мүддесінің жеңісі.

Тәуелсіздік азат әдебиеттің бастауы.

Құрметті жазушылар, қаламгерлер сіздерді тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерейтойымен құттықтаймын.  Тәуелсіздік азат  әдебиеттің бастауы дедік. Егер ол – тәуелсіз әдебиеттің белгісі азат ойдың ұлт рухының  – оның тәуелсіз сезімінің бейнесін көрсету болса біз Қазақстан жазушылары сол  азат әдебиетті жасаушылармыз.  Әр  қазақтың өзінің азаттығын сезінуіне, тәуелсіздікті бағалауына, сондай үлкен рухты болуына қызмет етушілерміз. Әлгінде ғана  осындай құлшыныстағы жазушылардың бір парасын Кәдірбек Сегізбаев ағамыз атап өтті. Ол тізімдікті молайта түсуге болады. «Азат әдебиет» дегенде сондай құндылығы бар шығармаларды дәріптеуге, оны жазған авторларды атауға тиіспіз.

Мен азаттықпен бірге отанға  оралған қазақпын. Маған сөз берілгенде ең алдымен Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен оралған миллион қазақты айтамын. Ол миллион адамның оралуы ғана емес, миллион сағыныштың, миллион арманның, Отанын шексіз сүйген миллион жүректің оралуы; Отанын күшін беретін миллион білектің оралуы; Қаймағы бұзылмаған қазақ тілінің оралуы; Салиқалы салт-дәстүріміздің оралуы. Тек қазақ тілінде ғана сөйлейтін, тек қазақ тілінде ғана тыңдайтын миллион рейтингтің оралуы; миллион электораттың оралуы. Бұл қазақ әдебиетінің миллион оқырманы деген сөз. Қазақ тілінің миллион сақшысы деген сөз.

Әрине, осыншама сағынышпен, арманмен, махаббатпен оралған жұрттың бастауында соның бәрін жан жүрегінен өткізетін ақын-жазушылар жүрді. Азаттықтың алғашқы айларында ғана қаламгерлер інілерін ертіп Қазақстанға оралған Жақсылық Сәмитұлын айтамын. «Қаһарлы Алтай» көп томдығы мен жаныңды баурайтын лирикалық хикаяттары қандай еді ол кісінің.  Қазір ол кісі  арамызда жоқ. Бірақ, қазақ әдебиетінде қомақты бағалы дүние қалдырды.  Тәуелсіздіктің 10 жылдығында азат әдебиетке жариялаған бас бәйгені «Көк бөрілердің көз жасы» романы алды.  Роман айтса айтқандай азаттықты шексіз жырлаған тәуелсіздік дастаны еді. Соны жазған Тұрсынхан ол кезде отыздың ішінде ғана болатын.  Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романы да сол көшкен елдің теңінде келді. Роман бір кейіпкердің бір адамның басына жинақталған алты томнан тұратын алып шығарма, қазақ тілінің қазақ әдебиетінің қомақты қазынасы еді. Сол алыстан оралған ағайынның қаламынан туған жүздеген поэзиялық кітаптар, жүзге жуық прозалық шығармалар бүгінгі қазақ әдебиетінің үлесінде.  Алыстан оралған ағайынның азат елдің ән, өлең өнеріне де қосқан үлесі қомақты.  Күн ертең елу жылдық мерейтойы өткелі отырған марқұм Ермұрат Зейіпханұлының әр жанрдағы шығармасы ұлттың рухын байытқан дүниелер. Осында менің ауылдастарым Дукен  Мәсімхан, Бақытбек Бәміш, Ғалым Қалибектер отыр.  Бақытбектің сол жылдары жазылған бір шумақ өлең есіме түседі:

Берсең бер, бермесең қой азаматтық!

Әйтеуір арман жонын аман астық.

Қазақтың көк паспортын ала сал деп

Кетемін ұрпағыма аманат қып.

Біз Қазақстанның азаматтығын алмай тұрып-ақ, өзімізді одан да биік сезіндік. Нағыз қаны тасыған қазақ азаматы деп түсіндік.

Біз ұлттың бодан шағын көрдік.  Сол бодандықтан босап, тізесін қағып еңсесін көтерген, шалқая тұра келген сәтін көрдік.  Азаттықтың алғашқы таңын көрдік.  Азаттықтан асқан байлық, одан асқан қуаныш, одан асқан құндылық болмайды. Азаттығымыз мәңгі болсын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құтты болсын!

Ақын болған соң өлеңмен аяқтайын:

Тәңірімсің, Кең даласы қазақтың,

Қанымда тұр қасиеттің  құюлы.

Мені шексіз махаббатпен жараттың,

Сен үйреттің және шексіз сүюді.

Көзім көрді азаттығын ұлтымның  –

Еңсе тіктеп көтергенін тізесін.

Қуанышы жүрек жарар бұл күннің,

Маған қандай күш бергенін білесің.

Отаным деп бұлқындым да ұмтылдым

Қайратты едім  тепсе темір үзетін,

Сенде өтті ата-бабам еңселі

Таптым ізін – сан ғасырдың мұрасын.

Атамекен, құшақтадым мен сені

Құшақтауға жетіп тұрды құлашым.

Сүйген жарым маған арнап әр демін,

Маған ерді күйдіріп қос өкпесін.

Ұл-қыздарым менің асыл дәндерім,

Отанымда орман болып көктесін. («Асқар Жакулинннің Монологы»  атты өлеңінен.)

Тәуелсіздік құтты болсын! Азаттық жыршылары жасымасын!

Қазақ тілі, қазақ елі жасасын!

 

29.11.2016 жыл. Қазақстан Жазушылар одағының «Тәуелсіздік ұлт рухының бастауы» атты пленумында.

Қатысты Мақалалар