Өткенде бір бауырларға марқұм Дүкенбай ағамыз туралы бір әңгіме айтып беремін деп уәде беріп едім... Қара жер хабар жеткізбесін. Болған оқиға. Президент әкімшілігінің архивінде жатқан болар...
2002 жыл-ау деймін. Президент әкімшілігінде істеп жүрген кезіміз. Күндердің күнінде Дүкенбай Досжан ағамыздың үлкен кісіге жазған үшбу хаты келді. Үстінде "Қалмырзаевқа: ұсыныс беріңіз" деген бұрыштамасы бар. Президент әкімшілігінің сол кездегі басшысы марқұм Сарыбай Қалмырзаев дәл осындай бұрыштамамен хатты Ішкі саясат бөліміне тапсырды. Хаттың орындалуын ол кездегі бөлім басшысы Бақытжан Жұмағұлов қазақ ішін біршама жақсы біледі деп Төлен аға Әбдіков пен маған тапсырды. 11 беттік үшбу хаттың қысқаша үрдісі былай (бәрін айтып жату тым ұзақ): "Аса құрметті Елбасы! Айтып едіңіз, бір кездескенде, осы қазақ жазушылары Астана туралы ештеңе жазбай жүр деп. Сөзіңіз жаныма батып, маза бермеді, тыныштығымды алды. Ұйқыдан қалдым. Ойлана-ойлана, "Ақорда" деген роман жазуды ұйғардым" - деп 10 бетте әлгі туындысының әрбір тарауының тарихын, концепциясын айтып береді. Соңында: "Астанаға сый, өзіңізге сый болсын. Осыны шығарып, таратуға көмек сұраймын" деп аяқтайды. Ең соңында: "ПыСы: бір кездескенде айтып едіңіз: "Дүкенбай, осы Алматыда не бар? Астанаға көшпейсіңдер ме? Бір жағдайы болар деп..." Үміттімін!" - деп түрте салыпты... Негізі шенеуніктердің ішінде қалыптасқан ереже бойынша "Ұсыныс беріңіз!" деген бұрыштама мәселенің анық-қанығына жетіп, дұрыс ой-ұсыныс беріңіз дегенді аңғартады. Егер жағдайды жаса, шеш деген тапсырма болса, "Орындау үшін" деп бұрыштама соғылады. Осыны ескеріп Төлен ағаға жетіп бардым. Төкеңде ойланып, күйіп-пысып отыр екен. Түсіндіре кетейін: 2002 жылы Астанада бірнеше жыл бұрын көшіп келген, қызмет атқарып жүрген жүздеген ғалым, қаламгер үй-күйсіз жүрген болатын. Есесіне Дүкеңнің ұлы Ардақ замминистр, 3-4 бөлмелі үйі бар, келіп тұрам десе кет дейтін адам емес. Ойлана-ойлана Төкең екеуіміз отырып-отырып аса мейірімді, аса жұмсақ хат жауабының жобасын жасадық. Үрдісі: "Дүке, рахмет. Кітабыңды шығарамыз, жақсы екен, азаматсың, үй мәселесін қалыптасқан тәртіп бойынша шешу керек" дегенге саяды... Бірақ, онымыз іске аспады. Тағы бірер хаттан кейін Сарыбай Қалмырзаев Астана қаласы әкімдігі мен Президенттің Іс басқармасына арнайы тапсырма беріп, Астанадан жақсы пәтер бергізді. Лайықты шығар. Бірақ, мен осы хатты көшіріп алып, үйсіз жүрген жігіттерге казуистика мен жағдай сұраудың тың үлгісі ретінде таратып жібергем. "Үйреніңдер" деген бұрыштама басып. Ақыры астаналық достар арасында "Үміттімін" деген сөз қанатты сөзге айналып кетті. Бірдеңені қажет етсең, бірақ сұрауға қысылып тұрсаң болды "Үміттімін" деп қалып, артынан қарқылдап күлетінбіз. "Үмітсіз - шайтан" деген... (Айдос Сарымның фейсбуктегі парақшасынан)
Пікір қалдыру