Шавкат Мирзиёев қайда туды?
Шавкат Миромонұлы Мирзиёев 1957 жылы 24 шілдеде туылған.
Өзбекстан Президенті қайда туылғаны жайлы екі нұсқа бар: бірі – Өзбекстанның Жизак облысының Заамин ауданында туылған; екіншісі – Мирзиёев ол жаққа 60-жылдары қоныс аударған, ал туған жері Тәжікстандағы Ура-Тюбин облысының Яхтан ауылы.
Шавхат Мирзиёев тәжік болуы мүмкін бе?
Бұлай болуы екіталай, өйткені ол туылған Яхтан ауылы тұрғындарының басым көпшілігі этникалық өзбектер. Бірақ бұл оқиғаның тағы бір нұсқасы бар: Мирзиеевтың ата-бабасы Матчидан (Тәжікстанның солтүстігіндегі аймақ) «мир» (басқарушы) деген атақты рудан тараған. Сондықтан олардың есімдері «Мир» сөзінен басталады, яғни атақты, қадірлі, білімді адамдар. Шавкаттың бабасы оқымысты, дәулетті адам болған. Бухар медресесінде білім алған, 1920 жылы Қызыл Әскер Бухарды жаулап алғанға дейін билеген Бухар эмиратының соңғы әмірі Әлім ханның сенімді серігі болған.
Шавкат Мирзиёев қайда оқыды?
Мектеп бітірген соң, Шавкат Мирзиёев Ташкент ауыл шаруашылығын суландыру мен механизациясы институтына оқуға «инженер-механик» мамандығы бойынша түсіп, 1981 жылы тамамдайды. Оқу бітіре салысымен, бітірген университетінде жұмыс істеуге қалады. Ол онда 11 жыл бойы қызмет атқарады. 1981-1992 жылдары кіші ғылыми қызметкер, комсомолдық ұйымның хатшысы, одан кейін осы институтта партия ұйымдастырушысы мен 1992 жылы проректоры лауазымына дейін көтерілген. Дәл осы университетте техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін алады. 1990 жылы Өзбекстандағы Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды, 1994 жылы мемлекеттің жаңа парламенті сайланады. (Олий Мажлис). Проректорлық қызметтен кейін Ташкенттегі Куйбышев ауданының әкімі, 1974-1991 жылы суландыру жүйесі мекемелері мен кәсіпорындарында, 1992-1996 жылдары Ташкент қаласының Мирзо-Улугбек ауданының, ал 1996-2001 жылы Жизак облысының, 2001-2003 жылдары Самарқан облысының әкімі болды. 2003 жылы 11 желтоқсанында Олий Мәжіліс Өзбекстанның Премьер-министрі етіп, Уткир Султанов қызметінен кеткеннен кейін Ислам Каримовтың ұсынысымен тағайындалды. 2005 жылы да орнынан түспеген ол ауыл шаруашылығы мен аймақтың дамуына жетекшілік етіп, қатар алып жүрді.

Шавкат Мирзиёевтің отбасы қандай?
Шавкат Мирзиёев – Миромон Мирзиёев деген дәрігердің ұлы. Ол әйелі туберкулезбен қайтыс болғаннан кейін, өмірін осы аурумен күресуге арнаған. Балалық шағында өгей анасының қолында тәрбиеленген. Олардың қарым-қатынасы жайлы да екі нұсқа бар: бірі – өгей анасы оны үлкен махаббатпен тәрбиеледі, сондықтан ол анасын өгей деп атағандарды жақтырмады; екіншісі – кішкентай қатесі үшін ол Шавкатты сусыз, нансыз қалдырды, салдарынан ағасының үйіне көшуге мәжбүр болды. 2010 жылы өгей анасы тірі және Шавкатпен арласып тұрады деп айтылып жүрді. БАҚ өкілдерінің айтуынша, Шавкат Мирзиёевтің екі туған әпкесі және әкесінің екінші некесінен туылған ағасы мен әпкесі бар. Шавкат Мирзиёевтің әйелінің аты Зироатхон Хошимова. Дерек көздері бойынша, ол Ферғана облысындағы Кокандта туылған. Ол көп жылдар бойы күйеуінің тасасында жүрсе де, күйеуінің тегін алмаған екен.

Ресеймен қарым-қатынасы:
Шавкат Мирзиёев проресейлік саясаткер саналады. Оның үстіне ол атақты ресейлік миллиардер Алишер Усмановтың туысқаны. Мирзиёев Мәскеуге жақындасу саясатын ұстанатын болады деп күтілуде.
Қазақстанмен қарым-қатынасы
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының сайланған президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев Ш.Мирзиёевті президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысында оған табыс жəне мемлекеттік қызметте жаңа жетістіктер тіледі. Мемлекет басшылары Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығының басымдығы бар бағыттары бойынша екіжақты қарым-қатынасты одан əрі жандандырудың маңыз дылығын атап өтті. Президенттер халықаралық күн тəртібінің жəне өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың мəселелері жөнінде пікір алмасты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Шавкат Мирзиёевтің сайлауалды бағдарламалары
2030 жылға дейін Өзбекстандағы жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру; Мирзиёевтің сөзінше қазірдің өзінде сегіз арнайы бағдарламалар қабылданды және олар химия өнеркәсібі, түрлі-түсті және сирек металдарды өндіру, көмірсутек шикізаты, текстиль, былғары аяқ-киім, фармацевтикалық өнеркәсіп, жеміс-көкөніс өнімдері және құрылыс материалдарына бағытталып отыр.
Сонымен қатар, оның сөзінше жергілікті шикізатқа бағытталған текстиль өнеркәсібінің алдағы даму бағдарламасы аяқталды. Ендігі кезекте 2 миллиард 300 миллион долларды құрайтын 140 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде текстиль өнімдері үш есеге дейін өседі деп күтілуде.
Ол сонымен қоса фармацевтикалық өнеркәсіптің жедел дамуы жайлы бағдарламасы бар екенін айтты. Айтуынша, 67 аумақтық жобалардың жүзеге асырылуы жаңа 162 дәрілік препаратты өндіруге және дәрілік заттарды шығаруға 2,5 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Каримовтан кейін өзгерген 9 нәрсе (Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның уақытша басшысы болғандағы өзгерістер)
- Өзбекстанның тұрғындары мемлекеттің Президентіне тікелей наразылықтары мен ұсыныстарын айта алады. Gov.uz үкімет порталында виртуалды қабылдау ашылды. Оның нәтижелері Facebook-та Мирзиёевтің парақшасында жарияланады.
- Өзбекстанның еңбек министрлігі Халықаралық еңбек ұйымының мақтаны зорлықпен тергізу жөніндегі тыйым салуды бекітуін атап өтті. «Сенім телефоны» пайда болды, «ақ алтынды» жинауға зорлықпен қатысатындар осы телефонға жүгінсе болады.
- 2012 жылы биліктен аластатылған Абдулла Ариповты Кабминге қайта оралды. Сондай-ақ, вице-премьер Рустам Азимовтың өкілеттігі күшейтілді. Жизактың әкімі Асрор Кобиловты қызметінен босатты, орнына бұрынғы Ташкент әкімі Абдукаххар Тухтаев келді.
- Бас қаланың аймақтарында тіркелу үшін рұқсат алуға болатын туыстардың қатарын азайтты. Енді тек жақын туыстары: жолдастары, кәмелеттік жасқа толмаған немесе кәмелеттік жасқа толған, өзінің отбасы жоқтар паспортына штамп қойдырта алады.
- Мирзиёевтің билікке келуі қуғынға ұшыраған беделді криминалшы Гафур Рахимовқа оң әсер етті. Мирзиёев атақты әртістерді – Шерали Джураев, Юлдуз Усманова, Обид Асомовты үлкен сахнаға қайтарды. Бұған дейін оларға тыйым салған болатын.
- Унгар Тепа тауындағы шекара бойындағы даудан Ташкент пен Бішкек арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түсті. Каримовтың қазасынан кейін Мирзиёев шығыстағы көршісіне бейбіт келісімге орнатуға шақырды. Қырғызстан да көп созған жоқ, 1 қазан күні бірінші вице-премьер Мұхамметқалы Абулғазиев бастаған 130 делегация Андижанға іс-сапармен барды.
- Каримовтың қауіпсіздігі үшін өзгелерге тыйым салынған президенттік жол торабы Ташкенттің автомобильшілеріне қайтарылды. Бұл президенттік жол атымен әйгілі трасса Темур Малик көшесіне іргелес жатыр. Құрылысшылар жол жиегіне торлар орнатып, жаяу өтпе жолын қалпына келтіріп жатыр.
- Шавкат Мирзиёев 23 қыркүйек күні «ӨзР азаматтығы жайлы» заңға қол қойды. Енді шетелдік азаматтықты алғандар Өзбекстанның азаматтығынан айырылатын болады.
- Ташкентте қыркүйек айында бірден бірнеше жол жөндеу жобасы қолға алынды. Бас қаланың әр аудандарындағы квартал ішіндегі жолдар жөнделіп жатыр.

Президент болып сайланғаннан кейінгі жарлықтары
Елде 4 желтоқсанда өткен мерзімінен бұрынғы президент сайлауында ресми есеп бойынша премьер-министр әрі президент міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияевтың 88,6 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткені хабарланған.
Шавкат Мирзиёев сайланған күні кешкісін Халықаралық форум сарайында сөйлеген сөзінде Ислам Каримовтың Конституцияны құрудағы орны жайлы атап өтті және 2016 жылы «Сау ана мен бала жылы» болған мемлекеттік бағдарламаға есеп берді. 2017 жылды Президент «халықпен диалог және адам мүддесін қорғау жылы» деп енгізді. Сонымен қатар, ол облыс пен қала әкімдерін сайлауды ұсынды. Бұған дейін әкімдерді Президент өзі сайлап келген болатын.
Ташкентте ел конституциясының 24 жылдығы құрметіне арнап сөз сөйлеген Мирзиёев: «халық сайласа, жергілікті биліктің жауапкершілігі арта түспек. %88 халық мені таңдады. Мұндай көрсеткіш өте сирек болады. Бұл – біздің халық үлкен де маңызды нәрсені күтетінін аңғартады. Мен бұл сыннан халқыммен ақылдаса отырып өтуге дайынмын. Және оны орындаймын», – деді.
Шавкат Мирзиёев Өзбекстан Республикасының Президенті ретінде бірінші болып істеген ісі – құжатқа мамырда қайтыс болған Өзбекстанның халық ақыны Эркин Вохидовтың 80-жылдық мерейтойын тойлауға қол қойды.
Өзбекстанда туризмді дамыту үшін дамыған 15 мемлекетке визаны алып тастау туралы жарлыққа қол қойды. Ол мемлекеттердің ішіне Австралия, Австрия, Ұлыбритания, Алмания, Дания, Испания, Италия, Канада, Люксембург, Нидерланды, Корей Республикасы, Сингапур, Финляндия, Швейцария және Жапония кіреді. Сондай-ақ, 12 мемлекеттен келетін 55 жастан асқан туристер жатады. Олар Бельгия, Индонезия, ҚХР, Малайзия, АҚШ, Франция, Вьетнам, Израиль, Польша, Венгрия, Португалия, Чехия.
6 желтоқсанда жарияланған туризмнің дамуы мен «атақты мемлекет және саяси қайраткер, Өзбекстан Республикасының Бірінші Президенті Ислам Абдуғаниұлы Каримовқа» ескерткіш орнатуға байқау жариялау жарлығына Шавкат Мирзиёев сайлауға дейін қол қойған болатын.
Қамшыгер: Марал Шайхы