«Halyknews.kz» :Желтоқсанның ызғарында қазақ жастарын алаңға алып шыққан қандай күш? Сол күндері болған оқиғаның барысын айтып беріңізші.
Амангелді Әбіл: Ұлттық рух пен патриоттық сезім. Басқа ештеңе де емес. Ол кезде бүгінгідей ұялы байланыс, интернет деген атымен жоқ. Жаңалықты тек радиодан тыңдаймыз. 30 жыл өтсе де ол күндер жадымда әлі жаңғырып тұр. Сол 86 жылдың 16-желтоқсаны күні түскі 14,00 шамасында радио республика жаңалықтарын берді. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында Дінмұхаммед Қонаевтың орынына Колбиннің сайланғаны хабарланды. Бұл хабар «КазГУ» студенттерінің ешқайсысын бей-жай қалдырған жоқ. Тез арада фойеге жиналып қалдық. Мен ол кезде топтағы 9 коммунистің белсенділерінің бірі едім. Барлығы бізге қарады. «Мынау сұмдық қой, бізді халық деп санамағаны ма?», «Наразылық білдіру керек» деген пікірлер айтылып, ойымыз бір жерден шығып жатты. Соңында 17-сі күнгі 3 пар лекциядан соң орталық алаңға баратын болып келістік. Кейіннен тарих факультетінің жігіттері келді. Оларға да осы ойымызды айтып,«наразылығымызды тек бейбіт түрде жеткіземіз» дестік. Ертеңіне оқу корпусына келгенімізбен, лекция болған жоқ. «Алаңға жастар жиналып жатыр» деген хабар жан-жақтан келіп жатты. Ұстаздарымыз белсенді деген жігіттерді жинап «әкеңдей болған партияға қарсы шығуға болмайды, бармаңдар» деп ескертулер жасай бастады. Екі пар лекцияның уақыты әйтеуір өтті. Студенттердің түрі өрт сөндіргендей, қабақтары қатулы. Түскі үзілісте бәріміз бір адамдай бас корпустың алдына жиналдық. Проректорлар мен декандар бізді алаңға жібермеуге барын салды. Ректор ол кезде Ерғожин еді. Ол алаңға кетіпті. Жігіттер «Әр ұлттың өз көсемі болсын!», «Теңдік.Туысқандық.Бостандық» деген трансфаранттарды әкеліп жатты. Оларды 1 түнде қалай дайындап үлгергенін білмеймін. 6-7 қатарға тұрдық та, Тимирязев көшесінің бойымен Брежнев атындағы орталық алаңға қарай жүрдік. Жақындағанда марқұм, Жуалылық мұзбалақ ақын Бауыржан Үсенов «Менің Қазақстанымды» бастап жіберді. Барлық студенттер оған қосылып, Алматының аспанын жаңғыртып орталық алаңға келдік. Алаңды 3-4 мыңдай қолына қызыл белгі байлаған полиция жасағы қоршап тұр екен. Қоршаудың арғы жағындағы жастар «ҚазГУ келді!» деп уралап, бізге қарай толқығанда, жасақтың қатары сетінеп, жол ашылды.Генерал Басаров деген болды, басқа да адамдар бар, әркім сөйлеп жатыр. Бірақ, қазақ тілінде жеріне жеткізіп, түсіндіріп айтатын бір де бір адам болған жоқ. Жастар шулайды: «Дінмұхаммед Қонаевтың өзі келсін, айтсын!», «Қазақ халқының тілі мен ділінен хабарсыз, дәстүрін білмейтін айдаладағы адам бізді қалай басқарады!» «Қазақстанда басшы болатын адам жоқ па?» деп. Бірқатар обкомның бірінші хатшыларының аттары аталып жатты. Шығармалары сол кездегі жастардың ұранына айналған Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов сөйлесін деген талаптар қойылды. Бірақ бізді тыңдаған жоқ. Тек «жатақханаға қайтыңдар, арты жаман болады» деген сөздер айтылды. Алаңдағы жастардың белсенділерін сөйлетпей тастады. Болмаған соң Нұртай Сабильянов дауыс күшейткішпен сөйледі. «Колбинмен кездеседі» деп біраз жігітті алып кетті. Кейін естідік оларды апарған бойы қамап тастапты.
«Halyknews.kz»: Ары қарай оқиғаның барысы қалай өрбіді? Бейбіт шеруді қанды қырғынға айналдырған кімдер?
Қас қарайғанда сол кездегі Мир көшесімен солдаттар әкеліне бастады. Ақ үйдің артына жиналып жатқанын көрген соң, бір сұмдықтың болатынын сездік. Бір мезетте алаңның алдыңғы жағынан шаққан «ПАЗ» автобусы шыршаларға соқтығып тоқтады. Жүргізуші түсе салып, қашып кетті. Дәл осы кезде ортадан құндыз бөрік, былғары тон киген 3-4 жігіт жүгіріп шығып, көліктің багына шүберек батырып алып, от қойды. Онымен қоймай толқып тұрған алдыңғы саптағы жігіттерді жұмылдырып, автобусты аударып тастады. Осыдан соң әр көшенің қиылысында тұрған милиция көліктерінің бірінен соң бірін аудара берді. Бұл – арандату болатын. Нағыз қырғын басталды. Өрт сөндіргіш машиналармен су шашты. «Жедел жәрдем» көліктері келді. Олар жараланған жастарға алғашқы медициналық көмек көрсеткен болып, арлы-берлі жүйіткіп жүрді. Бірақ ол көліктер көмек көрсету үшін емес, КГБ –ның адамдарын фото және видеоайғақ түсіру үшін алып жүрген екен.Осы көліктерден түсірілген суреттер мен видеолар кейін алаңға келген жастарды аяусыз жазалау үшін басты айғақ болды. Ол күні ит жіберген жоқ. Бірақ, солдаттар саны сағат сайын көбейіп, дубинкалармен соққылап, топты тарата бастады. Сол дубинкалардан қалған тыртықтар бетімде әлі бар. Толқу күшейіп, соққы үдеген соң жігіттерді бекерге қырып алмауды ойлап, Сәтпаев көшесімен «ҚазГуградқа» жаяу қайттық. Шашылған су үстімізге мұз боп қатқан. Алаңнан қайтқанымыздың айқын дәлеліндей-ақ.Жанұшырып жатақханаға жеткен бізді декан мен оқытушылардан басқа бөгде екі-үш адам күтіп алып, түнгі 3 шамасында бас корпусқа шұғыл жиналысқа алып кетті. Ол жиыннан «қалай да болса басыңдар депті» – дегенді естіп, нағыз қырғынның ертеңіне болатынын бар санамызбен сезініп, есеңгіреп шықтық. КГБ адамдары журналистердің эфирге шығып кетуінен қатты сескеніп, журналистика факультетін қатты бақылады. Тіпті жатақханамызға келіп жатты. Сонда да сыбырласып, тілдесіп ертеңіне қайта алаңға баратын болдық. Ертеңіне таңертең бір-де бірімізді шашау шығармай, мал айдағандай етіп, оқу корпусына алып келді де сыртымыздан құлыптап тастады. Бір-екі жігіт терезеден шығып үлгерді. Айтқанымыздай, ең жауыздықтың шегіне жеткен күні – 18-желтоқсан болыпты. Соққыға жыққан, итке талатқан. Қазақстың өрімдей қыздарын, кіндіктен төмен теуіп, ана болу бақытынан айырған. Қалған топты қамайтын жер қалмаған соң, қоқыс төгетін орындарға апарып, адамның ойына келмейтін жауыздық көрсеткен. Осының бәрін естігенде….жан түршікті. Әкелінгендер – арнайы дайындалған, детдомдарда өскен, мейірімнен жұрдай жасақтың сарбаздары болған. Алматы аэропорты 8-9 түрлі қаладан тек соларды алып келген арнайы ұшақтарды қабылдап тұрған.
«Halyknews.kz»: Алаңға шыққанда тек «Колбин кетсін» деп шықтыңыздар ма, әлде, «Тәуелсіздік берсін» деп пе?
Ол кездегі партияның рөлі мен идеологияның мықтылығын мойындау керек. «Тәуелсіздік бер» деп алаңға шықпақ түгілі, ол туралы ойлаудың өзі қорқынышты болатын. Біздің тіліміз, дініміз құрып кетуге шақ тұрған жылдар еді ол. Қазақстың астанасы деген аты болмаса, Алматы – ұйғырдың асханасына, орыстың – баспанасына айналған-тын. Жетім бұрышта қазақтар ғана жүреді. Жалғыз қазақ мектебі болды. Осындай жағдайда елімізді мүлде білмейтін біреу басқарса құрып кететінімізді түйсіндік. Осының бәрі жиналып-жиналып, бүкіл қазақ жастарын бір мезетте алаңға алып шықты. Бірақ, сондай идеологиялық тәртіп пен тәрбиеге қарамай бір азаматтың азаттықты аңсап өткенін нақты білемін. Ол Жуалылық Бауыржан Үсенов. Алаңда да екеуміз бірге жүрдік. Ол тәуелсіздік туралы өлеңдер жазып, сол кезде-ақ КГБ-нің бақылауында болатын. «Бауыржан, қайтайық, мынаның соңы сұмдық болатын түрі бар» дедім. Ол : «Жоқ, бұл 100 жылда да қайталанбайтын ұлы ерлік! Тәуелсіздіктің бастауы осы күн болады!» деп бой бермеді. Тура осы сөзі 30 жыл өтсе де есімнен кетпейді, жадымнан шықпайды. Құдай аузына салғандай-ақ екен, тура 5 жылдан соң сол Алматыда Тәуелсіздігіміз жарияланды.
«Halyknews.kz»: Желтоқсан оқиғасына мектеп оқушылары да қатысқан деп жазыпсыз…
Сол кезде алаңға мектептің 9-10 класында оқитын жап-жас балалар мен қыздар да келді. Иін тіресіп тұрған біздерге: «Көкелер, біз осында жақын жерлерде тұрамыз. Қайтпаңыздар, кетпеңіздер, қарындарыңыз ашса біз тамақ әкелеміз, тек кетіп қалмаңыздаршы!» деп зыр жүгіріп жүрді. Тамақ, темекі, колбаса мен консерві тасыды. Мен нағыз патриоттарды жап-жас, өрімдей сол балалардан көрдім. Өкініштісі сол, қазіргі жастардың бойынан ондай қасиетті көре алмаймын. Олардың басы басқа ақпараттармен толы сияқты көрінеді.
«Halyknews.kz»: Желтоқсан оқиғасы кезіндегі қазақ қыздарының қайсарлығын бір еске алыңызшы? «Мен қазақ қыздарына қайран қалам»деген ән осы оқиғадан соң туған деседі?
Күн суық. Сол кезде мен қазақтың қыздарына қатты қайран қалдым. Олар саптың алдында болды. Біз оларды аяп, кері қайтарайын десек, жоқ, қайтпайды, «сендерді ұрып тастайды» деп алға ұмтылады. Оларды да аяп жатқан жоқ. Қан-жоса боп жатса да қайтпады-ау. 16-17 жастағы бір қыздың қолы сынды. Оны топ арасынан шығарып алып, бір ерлі-зайыптыға табыстадық. Ол қыздың қазір қайда екенін білмеймін. Есімі Гүлназ болатын. Гүлнар Әбішева деген курстасымыз, шығыстың қызы да болды сонда. Еш қорқынышсыз ректорға студенттік билетін көрсеткен. Суреттері де бар.
«Halyknews.kz»: Алаңға барған бір күн кейінгі өміріңізге қалай әсер етті? Қудалау қанша уақытқа жалғасты? Қалай құтылдыңыздар?
3 күн өткен соң қудалау басталды. Топтағы 9 коммунистің мәселесі майшаммен қаралды. Жиналыстарға салды. Гүлнар курстасымыз комсомол мен оқудан шығарылып, ауылына қайтарылды. Итжеккенге айдалып кетер ме едік, компартияның «азшылық көпшілікке бағынады» деген Жарғыдағы қағидасы аман алып қалды. Өйткені, біздің факультеттегі бастауыш партия ұйымында оқытушылардан студенттердің саны басым болатын. Барлығымыз партиялық қатаң жазаға тартылдық. Туған жерімізге отбасымыз жайында анықтама жинау үшін сұрау салынды. Бірақ біз-бір бірімізді сатпадық. Бір ауыз болдық. Партияда қалғанымызбен, тергеп-тексеру тоқтаған жоқ. Кез-келген уақытта, тергеушілер келіп алып кететін. 2-3 сұрақты айналдырып қоя береді. Ол кезде бізді ешкім қолдаған жоқ. Кеңестік идеологиямен тәрбиленген үлкендер қатты жазғырды. «Партияға қарсы шыққаның-әкеңе қарсы шыққанмен бірдей» деп те айтты. Тіпті бізді автобуста көрсе «баран, мал» деп, саусақпен шұқып көрсететін күйге жетті. Бұл өте қиын болды. Осы қудалау Колбин кеткенше жалғасты. 1 күн алаңға барамыз деп осындай күйге түстік. Бізді «Халық жауы» секілді көрді ғой…1986 жылы 30-желтоқсан күні Колбин зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Сол кезде ғана Жұбан Молдағалиев «Желтоқсандағы өрімдей жастардың қырғынын көргенше – соғыста, майданның өтінде өліп кетуім керек еді» деп, ең бірінші рет араша сөз сөйледі.
«Halyknews.kz»: Желтоқсан оқиғасы кезінде қайтыс болғандар туралы не айтасыз?
Осы күндері көп адам қайтыс болған деп айтылып жатады кей жерлерде. Бірақ, менің анық білетінім санаулы ғана. Қайрат Рысқұлбеков – түрмеде белгісіз жағдайда қайтты. Ләззат, Сәбира, алаңда Ербол қайтыс болды. Тағы бір телевидениенің операторы қайтыс болды. Оның неден, қалай өлгенін білмеймін. Бірақ анық білетінім, алаңға шыққан жастардың ешқайсысы маскүнем, нашақор емес. Алматыда жалғыз қазақ мектебі болған. Тіліміз бен дініміздің де халі мүшкіл болатын. Енді қазақты мүлдем білмейтін Колбин келсе не болады? – деген ой бізді алаңға алып шыққан. Осы қасиетті де, қасіретті күннің шындығы шыңырауда жатпайды.
«Halyknews.kz»: Алаңға шыққандардың ішінде басқа ұлттың өкілдері болды ма?
Алаңға шыққандардың ішінде бір де бір өзге ұлттың өкілін көргенім жоқ.Тек қазақтың жастары. Тіпті, қазақтардың ересектері де болмады. Болды, бірақ олар тек сырттан бақылап, қарап қана тұрды. Өйткені, олар 37 жылғы қырғынды, соғысты көрген. Жүректері шайлыққан. Негізінен студенттер, «Киров зауыты» мен тоқыма фабрикасының жұмысшы жастары шықты алаңға. Техникум мен училищенің студенттері. Намыстың күшімен формасын лақтырып, бұйрыққа бағынбай, біздің қатарымызға келіп қосылған органның жігіттері де болды. Ол кезде мен 26 жастағы жігіт екенмін. Ең ересектері біз болдық деп айта аламын. Біз тек өз пікірімізді ашық білдіру үшін ғана бейбіт шеруге шықтық. Билікті төңкеріп тастау туралы ешқандай ой болмады. Тым болмағанда Қазақстандық басқарсын деген оймен шықтық.
«Halyknews.kz»: «Кеңес Одағының ыдырауына басты себеп болған– Желтоқсан көтерілісі» дегенге көзқарасыңыз қалай?
Біздің қарсылығымызға құлақ асар ма еді, кім білсін, тастай қалыптасқан жүйе болмағанда. Ол кезде «жалғыз партия және партия екі сөйлемейді» деген қағида болатын. Сол қағиданы халық наразы болды деп бұзуға партияның дәрмені жетпеді. Колбинді Қазақстанға жіберіп тұрып олар қазақ жастары дәл осындай қарсылық көрсетеді деп күткен жоқ. Бірақ Алматыдағы оқиғадан соң Тбилисиде, Карабахта, барлық Балтық жағалауы елдерінде болған көтерілістер мен оқиғалардың бастауында осы Желтоқсан тұр. Кеңес Одағының ыдырап, құлауына бірден-бір басты себепкер болған дәл осы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі. Әлі оған көтеріліс деген статус берілген жоқ. Бірақ мен көтеріліс деп есептеймін. Ұлт-азаттық көтерілістің бір түрі бұл.
«Halyknews.kz»: «Желтоқсан оқиғасы» жеткілікті деңгейде насихатталып жатыр ма?
Кейінгі кезде бір байқағаным: «мен Желтоқсанға қатысқанмын, өйткенмін-бүйткенмін» дегендер көбейіп келеді. Олардың кейбірі ол кезде Алматыда оқымаған да, болмаған да. Сол оқиға болған 3 күн бойы Алматы жабық болған. Байланыстың барлығы қиылды. Поездар қабылданған жоқ. Алматыға басқа жақтан ешкімді кіргізген жоқ. Мұндай жалғандық – Желтоқсан оқиғасының қадір-қасиетін босқа түсіреді. Қатысушылардың өзін нақты анықтауға болады. Кім сол кезде Алматыда оқыды, жұмыс істеді? Бірақ олардың барлығы шықты деп тағы айтуға болмайды. Шықпағандар да болды. Өйткені барлығы шықса ол алаңға сыймас еді. Бір ҚазГудің өзінде 10 мың студент болды. Кімдердің нақты қатысқанын сол кездегі партиялық жазаға тартылғандар туралы архивтегі деректерден табуға болады деп ойлаймын. Оны анықтайтын адам болса… Бұдан бөлек, Желтоқсан оқиғасы – нағыз отансүйгіштіктің үлгісі. Осыны өз дәрежесінде насихаттай алмай жүрміз.
«Halyknews.kz»: Жыл сайын «Желтоқсан оқиғасын» қалай еске аласыз?
Мен әр жылдың 17-желтоқсаны күні ешқайда бармаймын. 30 жыл бойы осылай. Ол күні қайда шақырса да бармаймын. Үйде отырып теледидар қараймын. Желтоқсан туралы хабарлар, сол күнгі оқиғалардың кадрлары болса қараймын. Өзім анық білетін қайтыс болған Желтоқсан құрбандарының рухына Құран түсіртемін. Бұл 30 жыл болды дәстүрге айналған әдет.