Белгілі саясаткер Мұрат Әбенов «Қазақ тілі мен мәдениетінің сақталып қалуында Қытайдың жасаған қамқорлығы аз емес екенін мойындауымыз керек» деп жазды өз парақшасында. Ол өз жазбасында басқа желі қолданушысының мына жазбасын қоса бөлісті.
«Қытай.
Мені бәрін қытай фобиясымен қорқытатын қазақтар таңғалдырады. Оларды жаулап алушы, жауыз етіп көрсетіп жатады.
Олар, 1916-17 жылдары Қазақтардың жаппай Қытайға бас сауғалағанын, 1920-30 жылдары да солай көшкенін ұмытып жүр. Шындығына келетін болсақ, Қытайда қазақтар 1950 жылғы қалпына келтіруге дейін Шыңжаңда үлкен саяси рөл ойнады.
Сондықтан да, кім Қытаймен қорқыта бастайтын болса, олардың есіне қазір Қытайда 2 миллион қазақтың өмір сүріп жатқанын, аштық пен сүргін жылдарында сол жақтан пана тапқанын есіне саламыз.
Тіпті лингвисттер мен ғалымдар Қытайдың қолдауының арқасында Қазақтың таза тілі, мәдениеті мен дәстүрі сақталып қалды деп айтады. «Қара жорға» биінің өзін алатын болсақ, ол бізге Қытайдан келді», - деп жазылған онда.
Иә, шындығында да бізге кейде қытай фобиясын қолдан тудырып, бойға әдейі үрей ұялататын сынды көрінеді. Қазақта «қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінеді» дейтін қитұрқы мақал бар. Яғни, Қытай фобиясын тудырушылар сол арқылы қазақты «Ресейді жақсы көруге мәжбүрлейтіндей». Себебі, Қазақстанда саяси һәм экономикалық нарыққа Ресей тікелей ықпал етіп отыр. Президенттің те ең көп баратын жері Мәскеу, ең көп сөйлесетін коллегасы Путин. Бұл тұрғыда қазақ даласына аңырайтып ауыз салмаса да, ресейлік агрессияның әредік ықпалын сезінуге болады. Орыс билігі Орта Азиядағы ең ірі серіктесін жоғалтып алмауы үшін қытай фобиясын тудырады.
Шындығында, Қытайлар біз ойлағаннан да қауіпті болуы мүмкін. «Құмырысқаша еңбек ететін» халықтың «илеуінде» не бар екенін тек өздері біледі. Тауарымен әлемді «жаулап» отырған Қытай үшін қай елден болмасын «дос көңіл» мен «ашық құшақ» өте маңызды. Олар, жерге, елге қатысты саяси мәлімдемелер жасамайды. Тек тауарын сататын «тыныш базарды» қажет етеді. Ал, олардың салтанат құрғысы келетін бүкіл әлем, оның ішінде Қазақ елі де бар, Қытайдың экономикалық үстемдігінен шындығында да қорқады. Сондықтан да кіріптар бола түспеуі үшін Қытай фобиясын қоғамға жаяды.
Рас, Қытайда қазақ мәдениеті мен тілі анағұрлым жақсы сақталды. Дұрысы сақталған еді. Соңғы жиырма жылда олар үздіксіз қытайландыру саясатын қолға алды. Оны қандай да бір заңмен айғайлап, аттандамай-ақ, тек қытай ұлтын қоныстандыру арқылы жүзеге асырып келеді. Сондықтан да Қытайға алғыс айтудың қажеті жоқ сияқты. Ал, қазақтар XX ғасырдың басында түрлі жағдайлармен қоныс аударған болса, ол кезде қазіргідей шекара жоқ еді. Қытайлар қазіргі Шыңжаңға толық әмір жүргізе алмай отырған. Сталин Орта Азияны қолда ұстау үшін Шыңжаңның Қытай территориясында қалғанын құп көрді. Ал, сол уақыттарда бас сауғалап қытай асқандар арасындағы һәм қытайда ежелден тұрып жатқан қазақтар арасындағы зиялы қауым өкілдері де түгелдей Қытай репрессиясының құрбаны болды. Сондықтан, Қытай Қазақстан үшін сақтана сыйласатын ел. Тоқ жүреміз десек, тек жүргеніміз абзал.
Қарабура Құлтай