Менің «ЗОБАЛАҢ» ДАСТАНЫМ АРАДА 30 жыл өтсе де тағы да жарық көрмепті!.. Кеше ғана 1986 ж. Әйгілі Желтоқсан Қасіретінің 30 жылдығы бүкіл елімізде, әсіресе, Қазақ Елі Тәуелсіздігінің алтын бесігі Алматы шаһарында белгілі бір деңгейде аталып өткені белгілі. Алматы қаласының әкімдігі бұл шараны өткізуге қал-қадірінше көңіл бөліп, Желтоқсан құрбандарына ас беріп, зардап шеккендерге көмек қолын созып дегендей жұмыс атқарғаны туралы осының алдындағы хабарымда айтқанмын.
...Бұл арада мен сол әйгілі Желтоқсанға қатысқан, ол жөнінде «Азаттық» радиосына тұңғыш рет хабар таратқан азамат, «Зобалаң» дастанын жазған ақын ретінде көңіліме қаяу түсіргендей болған мүлдем басқа бір әңгімені айтайын деп отырмын...
Желтоқсанның 30 жылдығы қарсаңында Астанада тұратын інім, желтоқсаншы Құрманғазы Рахметовтен олар шығарып жатқан кітаптарында менің қандай еңбегім кіргені туралы сұрағанымда, ол менің «Зобалаң» атты дастанымның, «Зобалаң» дастаны қалай дүниеге келді?» деген мақаламның толық енгенін айтып, менен сүйінші сұрағандай болғаны бар. Арада өткен 30 жылдан кейін елімізде тұңғыш рет баспа жүзін көріп отырған «Зобалаң» дастаным туралы қалың жұртшылықтан сүйінші сұрап, хабар таратқаным жұртшылық есінде болар деймін? Осы Болат Төлепбергеновтың Құрманғазы Рахметовтің басшылығында шығарған «1986-2016. Рух пен Ар» деген кітабының тұсаукесері болып, оған бәріміз қатысып, шіреніп төрге отырып, кітаптың тұсауын өз қолымызбен кесіп, мәре-сәре болғанымыз есімде. Желтоқсан құрбандарын еске алауға байланысты шараларға қатысып жүргендіктен арада өткен екі-үш күннің ішінде менің «Зобалаң» дастанымның толық нұсқасы енген ол кітапқа қарауға қолым тимеді. 18.12.2016 ж., жексенбіде сол «Ар мен рух» кітабын бастан-аяқ шолып қарап шықтым. «Зобалаң» дастанының аты да, заты да жоқ болып шықты. Осы Желтоқсан қасіретіне қатысқан, ол туралы тұңғыш рет жазып, шетелге таратқан мен туралы да бір ауыз дерек жоқ болмай шықты. Рас, кітапта бұрынырақта түскен екі фотосуретім жүр. Онда «Жұмаш Көкбөрі кім?» және «бұл арада неғып жүргені» турасында дегеннен басқа мен жайлы титтей де ақпарат болмай шықты. Сонда бұны қалай түсінуге болады? Кімді кім, не үшін алдап отыр және мені алдайтындай олардың басына не күн туды екен деген заңды сұрақ туындайды?
«Зобалаң» дастанының авторы, ақын, Жұмаш Кенебай