10 ӘЙЕЛДІҢ 6-СЫ ФИЗИКАЛЫҚ НЕМЕСЕ ЖЫНЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚТЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛАДЫ

/uploads/thumbnail/20170709190204474_small.jpg

Әйел құқығы. Бұл екі сөздің астарында әйелдің өмірі, денсаулығы, болашағы мен абыройы жатыр. Жылда дүние жүзі бойынша миллиондаған нәзік жандынның құқығы бұзылады. Ең қорқыныштысы әйел заты көбіне бөтен адамдар тарапынан емес, жақын жандардың құрбаны болады. Статистикалық мәліметке сүйенсек,  әлем бойынша қайтыс болған 40-70% нәзік жандылар, күйеуі немесе кездесіп жүрген адамының қолынан қазақ тапқан. Ал «жақын» адамының тарапынан зорлық-зомбылық көріп жүрген әйел көп жағдайда құқық қорғау органдарына шағым түсірмейді. Сондықтан, нақты статистика келтіру мүмкін емес. Десек те, ресми мәліметтерге сай Қазақстанда жылына 500 әйел отбасындағы зорлықтан көз жұмады.  Ал әр бесінші әйелге отбасында күш көрсетіледі. Солардың бірі Алина (есімі өзгертілген).

Қорлықпен өткен өмір

Алина 20 жасында сүйгеніне қосылды. Оның айтуынша кездесіп жүргенде жігіттің бойынан ешқандай жағымсыз мінез байқамаған. Отбасын құрғаннан кейін ғана, оның шынайы бет бейнесін көрген.

«Біз көп кездеспедік. 4, 5 ай жүріп, отбасын құрдық. Ол әрқашан өзін сыпайы ұстайтын. Алайда, мейрамханаға барғанда бірдеңке ойынан шықпаса, қатты ашуланатынын көргенмін. Қатты ғашық болғаннан кейін бе, мән бермедім. Соқыр махаббатпен тұрмысқа шықтым. Тойымызды дүркіретіп өткіздік. Бастапқы кезде барлығы жақсы болды. Тек күйеуімнің той-домалақтарда, достарымызбен бас қосқанда қатты ішетінін байқай бастадым. Бір күні кезекті бір тойдан кейін, менің көп билеп қойғанымды айтып алғаш рет қол көтерді. Сол жолы денеме жарақат түсірмесе де, жаныма жара салды. Ертесі күні кешірім сұрады. Кешіремін, қайтемін енді. Екінші мәрте қайталанбайды деп ойладым. Алайда, бұл отбасылық өмірімдегі қиыншылықтың тек бастамасы екен. Ішіп келсе болды, жұдырық ала жүгіретін болды. Кейін тіпті масаймай-ақ қол көтеруді шығарды. Әке-шешем алыста тұрғандықтан, басымдағы қайғыммен жан құрбыммен бөлістім. Ол «Шыда, сабыр ет. Қол көтерсе сенің де кінәң бар» деумен болды».

Отбасылық психолог Арманай Сүйіндікова қазақ әйелдерінің кейде соққыға да, қорлыққа да көнетіндігінің түп тамыры тәрбиеде жатыр деп есептейді.

«Қазақ отбасында қыз дүниеге келгеннен бастап оның құлағына отбасының ұйытқысы, берекесі де әйел. Үйдің тыныштығы саған байланысты деп өсіреді. Бұл өте жақсы тәрбие. Десек те, кейде қыз бала тұрмысқа шығып, Алинаның басынан өткергені қайталанса, ол оған өзін кінәләйді. Мен бірдеңені дұрыс істемей жатырмын деп барынша өзгеруге тырысады. Шын мәнісінде, мәселе онда емес, күйеуінде болуы мүмкін. Бұндай жағдайда отбасын сақтап қалу үшін, барлығына шыдап жүре беруге болмайды. Онымен мәселе шешілмейді. Керісінше оны ушықтыра түседі. Сондықтан, кәсіби психологтарға бару қажет. Сонымен қатар елімізде көптеген орталықтар бар. Қиын жағдайға тап болған әйелдер орталықтардың көмегіне жүгіне алады».

1999 жылы ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын бөлім ашылды. Қазастан ТМД елдерінің арасында аталмыш бөлімді ашқан жалғыз ел. Олардың басты мақсаты – нәзік жандылардың құқығын, еркіндігін, өз еркінен тыс мәжбүрлеуді болдырмау. Күш көрсетілген әйелге көмектесу үшін олар кризисті орталықтармен тығыз жұмыс істейді. Қазіргі таңда Қазақстанда 30-ға жуық кризисті орталықтар бар. Оның 16-сы әйелдер мен олардың балаларын уақытша баспанамен қамтамасыз ете алады. Барлық орталықта психологтар, заңгерлер жұмыс істейді.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Бұл мақал-мәтел отбасылық өмірдегі кикілжіңге қарата айтылғандай. Мамандар тұрмысқа шықпас бұрын жігіттің мінез-құлқын жақсылап біліп алуға кеңес береді. Олардың айтуынша әйелге қол көтеруге - ашуланшақ, әрқашан өз дегенін істететін, өз мүддесін барлығынан жоғары қоятын, ішімдікке жақын, жан-жануарларға қатігездік танытатын ер адамдар бейім. Отбасында махаббат көрмеген немесе үнемі қатігездікті көріп өскен бала, өзі де қатігез болады. Сондықтан жігіттің отбасына да мән беру керек екенін алға тартады. Ер азамат жұмысында жолы болмағанда немесе оның ер заматтық қасиетін төмендететін жағдайлармен бетпе-бет келгенде, өзінен әлсіз (физикалық) жандарға күш көрсетеді.

Отбасы – кішігірім мемлекет. Оны сақтап қалу үшін адамдар барын салады. Себебі мұнда екі адамның ғана тағдыры емес, бейкүнә балалардың да болашағы, өмірі, психологиялық жағдайы бар. Мақала кейіпкері Алина да отбасын сақтап қала алды.

«Қазір күйеуім екеуіміздің арамыз жақсы. Екі баламыз бар. Мұнымен тоқтамаймыз. Сұрықсыз күндер артта қалды. Алайда, осы бақытқа жету үшін, күйеуімнің жол апатына ұшырауы себеп болды. Ішіп алып көлікке отырғаннан кейін апатқа ұшырады. Дәрігерлер ешқашан жүре алмайды деген еді. Алайда, мен оның аяғынан тік тұрып кететініне сендім. Оған барынша қолдау көрсеттім. Қазір жүре алады. Қиын сәтте қасынан табылып, көмек қолымды созғанымды жоғары бағалап, түбегейлі өзгерді».

Әйел қырық шырақты         

Бұл миллион адамның ішіндегі бір ғана мысал. Ал дүние жүзі  бойынша қанша әйел болса, сонша тағдыр бар. Әлемде 603 миллион әйел отбасындағы зорлық қылмыс болып есептелмейтін елдерде тұрады.  Өкінішке орай әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықтың түрі тек отбасындағы ұрып, соғумен шектелмейді. Оның ішінде психологиялық, сексуалды және экономикалық зорлық бар.

Психологиялық зорлық – әйелді кемсіту, қорлау, үнемі дауыс көтеру, жеке басына тиісу.

Сексуалды зорлық – оның еркіне тыс жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу.

Экономикалық зорлық – әйелдің тапқан ақшасын өзіне бермеу немесе оны материалды тұрғыда мүлде қамтамасыз етпеу.

Әйел құқығы жиі тапталатын мемлекеттердің қатарына Иеменді жатқызуға болады. Онда қызды 9 жасынан күйеуге беруге заң түрінде  рұқсат етілген. Тұрмыс құрғаннан кейін 13 жасар қыз іштей қан кетіп, қайтыс болғанын дүние жүзі естіп, жағасын ұстаған. Ал Пәкістанда қыз баласы білім алуға деген талпынысы үшін ғана жазланады. Малала Юсуфзай есімді пәкістандық қыз мектепке баруға деген ынтасы үшін Талибандардың тарапынан жазаланған. Осындай қарсылықтарға қарамастан, өз құқығы үшін күрескен қаршадай қыз Нобель сыйлығын да алған болатын. 

Әлемдік статистика бойынша, 10 әйелдің 6-ауы физикалық немесе жыныстық зорлықтың құрбаны болады. 14-66 жас аралығындағы нәзік жандылардың арасындағы өлім мен мүгедектік жағдайы аталмыш зорлық түрінен болады. Сарапшылардың айтуынша, елімізде жыныстық зорлық көрген әйелдер құқыққорғау мекемелеріне көбіне шағым түсірмейді екен. Оған менталитет пен ішкі қорқынышы да әсер етеді. Себебі қоғам қылмыс жасағандарды емес,  жәбір көрген әйелді кінәләуі әбден мүмкін. Оған дәлел ретінде қазақстандықтарды шулатқан Жібек Мусинаның оқиғасын айтуға болады. Еңбекшіқазақ ауданында қыздың зорланғанын естігенде қоғам пікірі екіге жарылды. Бірі Жібекті қолдаса, енді бірі қыздың өзін кінәләді. Әлеуметтік желілерде оның ашық киіммен түскен фотоларын салып, ашық-шашық киіммен жүретінін бетіне басты, «түнде не істеп жүр?» дегендер де табылды. Осыдан біздің қоғамда барлық кінәні әйел затына артып қоятынын байқауға болады. Себебі, қыз ашық киінсе де, түнде көшеде жүрседе ешкімнің оған зорлық көрсетуіне құқығы жоқ және ол қылмыс істеген адамдардың іс-әрекетін еш ақтай алмайды. Ең алдымен осыны есте сақтау қажет.

Еңбекшіқазақ ауданында орын алған зорлау фактісі бойынша сот процессі аяқталып, Жібек Мусинаға зорлық-зомбылық көрсеткендер бірнеше жыл арқалап кетті.

ҚР Қылмыстық Кодексіне сәйкес зорлау фактісімен ұсталғандар  15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылады және 10 жылдан 20 жылға дейін белгілі бір лауазымды иелене алмайды немесе тек бас бостандығынан ғана айрылуы мүмкін.

 «Cato Institute» ұйымының 2016 жылғы рейтингісінде әйелдерді зорлықтан қорғау бойынша Қазақстан алғашқы ондыққа кірген. Аталмыш мәселе елімізде өршіп тұрғанымен, оны оңтайлы шешуге қадамдар жасалып жатқанының көрсеткіші болса керек. Бұл Қазақстандағы жағдай. Ал әлем бойынша статистика адам шошырлық. Мәселен, Үндістанда әр 20 минутта бір қыз зорланады. Оның әр үшіншісі 18-ге толмағандар. Қоғам жаппай зорлау әрекеттеріне қарсы үкімет пен құқықорғау органдарынан ешқандай әрекет жасалмағанына наразы. Осы себеппен талай мәрте митингілерге де шықты. Халықтың наразылық білідіретін жөні бар. Себебі, зорлау бойынша тіркелген 700 істің тек біреуі ғана қаралған. Бұл бір ғана Делидің  көрсеткіші. Дегенмен, Үндсітан зорлау әрекеттері көп болатын елдердің арасында 62 орынды алады. Ал дамыған елдердің арасында алғашқы үштікте – Швеция, Британия мен АҚШ тұр.

Тарихтан бір үзік сыр

Әлем бойынша әйелге көрсетілетін зорлық-зомбылықтың тарихы тереңде жатыр. БҰҰ 1993 жылы қабылдаған «әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықты жою» туралы декларациясында, «әйелдерге қатысты күш көрсету тарихи қалыптасқан жағдайдың салдары» деп көрсетілген. Тарихқа үңілетін болсақ ежелгі Римде күйеулері әйелдерін өлімге жақын жағдайға дейін жазалауға рұқсат етілген. Ал Британияда 18 ғасырда күйеулері әйелдерін таяқпен жазалайтын болған. Ал таяқтың жуандығы оның үлкен саусағынан үлкен болмауы керек деп заңда көрсетілген. Мұндай мысалдардан әйелдерге меншік ретінде қарағандықтан туындаған мәселе екеніне көз жеткізесің.

Алайда біз өркениетті, дамыған заманда өмір сүреміз. Әйелдің құқығы жоқ деген уақыт келмеске кеткен. Әйел ол ана, жар, әпке, қарындас, қала берді біртұтас  ұлттың болашағы, ұрпақ жалғастырушы. Барлық әйел шынайы махаббат пен қамқорлыққа, жылулық пен құрметке әбден лайық жандар. Сондықтан сау ұрпақ тәрбиелеп, ел тізгінін сауатты жастарға ұстатқымыз келсе, алғашқы қадамды әйелді сыйлаудан бастау керек.

Қамшыгер: Әсем Әлмұханбет

Қатысты Мақалалар