«ҚАЗАҚТЫҢ ТАҢЫ!»-ДЕП АЙТАМ...
Қазағым, елім - мақтаным!
Шабатын тұлпар баптадым...
Келеді атып тағы да,
Арайлап, әне, ақ таңың!
Жанарға қалай сыр тұна,
Сыйларма ырыс жұрты ма?
Қайырлы болсын, атар таң!
Қайырлы болсын, Ұлтыма!
«Үмітті қайтіп молайтам?..»
Жақсы сөз, сосын көп айтам!
Шынымды айтсам, әр таңды:
«Қазақтың таңы!»- деп айтам!..
ТӘУЕЛСІЗДІК – БОЛСЫН МӘҢГІ БАЯНДЫ!…
Оған жетер тағдыр жолы сан алуан,
Ол найзағай, жарық ететін санаңнан!
Қандай Ұлтқа болса да бұл Жалғанда:
ТӘУЕЛСІЗДІК! – ең қымбаты саналған!
Тәуелсіздік - Жаратқаннан сый бөлек!
Тәуелсіздік – бастан кешер күй бөлек!
Тәуелсіз ел ұрпақтары қашан да
Бар арманын алға қарай сүйремек!
Тәуелсіздік – жүрек тербер аяулы,
Абайсыз да оған салма қаяуды!..
Қалай, қайтіп, қонса дағы Қазаққа...
ТӘУЕЛСІЗДІК – болсын мәңгі баянды!..
Жұмаш Кенебай
14.12.2016 жыл.