Ол табаны тозып пәтеріне кеш келді. Үйге кіре портфелін төсекке лақтыра сап, етпетінен сұлай жата кетіп, құрт-құмырсқаға зәбірсіз жуас жүзімен қалта телефонның көзесіне қыдия әлгі хатты қайта оқыды. Қанша қайталап қарағаны есінде жоқ. “Нью-Йорктегі жермен жексен болған дүниежүзілік сауда орталығындағы құрбандарды еске алуға бардым” деген сөздер санасында жатталып қапты. Одан бұрынғы жазғандарын да шолып шықты. Сосын жағын таяна қос бұрым, қос етек көйлек киіп түскен суретке көз жүгіртті. Осы фотоны тапсырып алғанда скайып арқылы тілдескен. “Ежелгі ата-бабамның жерінде түрме, жетімдер үйі, қарттар үйі, мейманхана болмапты” деп қайран қалған ол.
Сол бір жілік күміс күзден бері тұп-тура жыл өтіпті. Дәл бүгінгідей ала-кеуім мезгіл еді. Шығысын Атлант, батысын Тынық мұхит көмкерген жарты шардың қия беткей, шың құзынан көктей ұшқан ұшақ Алматы әуежайына келіп қонған. Төркіндеп келген қыздай «ағатайлап» мойнына асыла түсіп “туған жерім!” деп жасын ірке алмай бұршақтата төгіп жіберген. Өзекті өртер өксік зар дерсің! Жаутаң жанарына отаны оттай ыстық басылды ма екен?! Кім білсін! О жағын ойлауға мұның мұрсаты болмады. Ит арқасы қияннан жеткен қарындасын қолды-аяққа тұрғызбай жетелей жөнелген.
Төбесін күн өпкен ұлы даланың ақбас шыңына көз сала қарағаны сондай сүйкімді көрінген. “Шіркін! Мынау алдымдағы қараторы, қыр мұрын, сымбатты жігіт Америкалық болғанда ғой!” деп наздана қиылып тұрғандай байқалған. Келуі қандай тез, қоржынын бөктеріп кетуі солай тез болды. Кетіп бара жатып шер-шемен шөккен сұраулы көзбен қимай қарағанын деші!
Сұрауға батпай жүргенін өзі сезді ме, өгей шешесінің протестант әйелдерден өзгешелеу католик дінін ұстанатынын айтқан. Әкесі ертерек бақилық болып кеткен. Ол кісі еврейтектес екен. Олардың екі баласы өз бетімен өмір кешіп жатса керек. Шаһарлы шақта жолға шыққалы жүргенінде өгей шешесі қайтыс болыпты. Көзі тірісінде қазақ қаны екенін есіткенде, бойын бір түрлі үрей билеп алғанын бүркеп жасырмады. Туған ата-анасының мейіріне бөлену бақыты бұйырмаған қасіретін қан жылап отырып жеткізгенде іштей аяды. Екі әлем, екі өмір жан дүниесін қақ айырып қаңғыртып жібере жаздағанын түсінді. “Сені Құдай жолықтырды, ата-бабаңның салт-дәстүріне тәнтімін, сол үшін азан шақырып қойған есіміңді өзгертпедім. Есейгенде еліңнің азаматтығын алу-алмауды өзің шеш, әке-шешеңді тауып берем, олармен бірге қалам десең өзің біл, қандай шешім қабылдасаң да Америкадағы ең озық оқу орнында оқытамын” депті жарықтық шешесі шынашақтай қыздың шекесінен сипап. Сол кісінің арқасында аты мәшһүр Америкада не ішіп, не жеймін демепті. Гавай, Кариб аралдарын қыдыртып, үлде мен бүлдеге орап, аспандағы айдан басқаның бәрін әперген шыншыл, ақ ниетті анасына шаң жуытпаған түрін. Дүние қызығына керімнің желісіндей елп етіп ере жөнелмеген шөкімдей қыз өзі тұрып жатқан жаққа әлемнің түкпір-түкпірінен қауым елдің тектен текке сабылып жатпағанын түсініп түйген болар. Ондай жерде бағып-қағып, шартарапты шарлатқан кісіні кім жек көрсін! Мейлі, жөн-ақ делік. “Американдық төлқұжат алғанға шейін не бақ, не сорын білмегені оқа емес. Бұла өскен өмірін жазмыштың жазуына жауып жалтара салудан аулақ етсін.” деді ол өз-өзіне күбірлеп.
Шалқасынан аунап түсіп, қолын айқастырып желкесіне қойды. Төбедегі бір ноқатқа қадала қарап үнсіз жатыр. Сол бір нәзік бейне көз алдында қаз-қалпы тұр. Алабажақ алаң өмірде қоңылтаяқ аяғын мүк басып, ыстықта қаталап, суықта тоңып, зұлымдық дәмін татқан бір бейбақтың қызына алуан жүйрікті бауырына басқан ұлы дала төсі тарлық еткеніне қынжылып іші удай ашыды. Арқан керіп құда күтетін салтты көрмей, жат жұртта жетілген қара көзді ойлап мәжнүн болып кетердей күй кешкені қалай? Кіндік қаны тамған жұртын, ен-таңбалы елін жүрек төрінде сақтар деген үмітпен өзін-өзі жұбатып әлсін-әлі әлекке түскені несі!
Жеті қырдың астында жағасы тырна-тырау “жетім өсіп, желкені тессін?!” Дәркүмән өмір кешкен сол бір қыздың көз жасына боз жер жібісін!
Орнынан тұрып екі қабатты коттедждің екінші қабатының түкпіріндегі тым-тырыс дәліздің ашық тұрған терезесінен сыртқа мойнын созды. Саумал самал еседі. Сол самалмен Тәңірі өзі жебеген бабаларың бұ дүниенің рахаты, о дүниенің ұжмағын аңсайтын пендеуи пиғылдан биік дегендей бір үн естіткен болады. Пендешілік мезі еткен мезгілде бұлда бір алданыш сезім екен. Асадал асын ішкізбей, өзгеге жетектетіп жіберген “жетім құлын жорға болар!” деп кім күтті? Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, Құдайға құлдық ұрып періште сәбиін тал бесікте тербетіп әлдилеп өсірген ел едік деп күрсіне тыныс алды.
Бұрынырақта оқыған дүниелері ойына оралды. “Бала асырап алу ежелгі римдерден-ақ басталсын. Орыстар да жетім балаларын христиандардан басқа біреудің бауырына басып алғанын қаламайды екен. “Жетімді жебеу – сауап, игі іс, сол ісіңмен Христостың даңқын асқақтата түсесің” деп миссионерлер жазыпты. Ілкіде Еуропадан Америкаға жеткен діншілдер жетім балаларды асырап, ер жеткенде солардың үнімен діндерін үгіттепті. Осыған қарағанда бабаларымыз “бала баққандікі” деп бір ауыз сөзбен бекерге түйіндемесе керек.
Бағанадан бал-бал тасқа арқасын сүйеген жүдеу әйел күн қақтаған маңдайын ақбас Алатаудан бұрып, қасындағы ағаш орындыққа жайғасып, көнетоз шапанның өңірінен шырпы алып шылым тұтатты. Аһ, дүние-ай! Әлдекімнің мүсәпірге тастаған пақыр тиынындай дат басқан кейіп-кеспірі көңілін тіпті түсіріп жіберді.
– Бейшара бейбақ құбақан өмірден нендей тауқымет тартты екен? Әлдекімді пір тұтып, тас жұтып, алдап-арбап асайтын ашкөз қудың жағына Құдай шықпай қойып, пейілін бұзды ма екен? – деген ой жетегімен бөлемесіне кіріп, экран ішіндегі күңіренген қобыздың әуені тебіренткен теледидардың дауысын бәсеңдетіп, жантая жатып еді, көзі ілініп кетті.
Ой, Алла! Бейшара анасы ине көзінен жіп сабақтап Марста отыр. Тұмсық сыпырып, көз ашқан қара жерде емес, жат планетада жүргені несі деген ой келді. О жақта жан иесінің тегі өзгеруі мүмкін екенін бәлки білмейтін болар? Ол жерге Гагарин жете алмай қаңғып кеткенін анасына айтқысы келген. Айта алмады. Сонда да оны-бұны сонылап сөйлеп жатыр. Арыстандай айға атылған Гитлер тылсым күшке құрық салып, “өлмейтін өмірдің” легионын іздеуге сарбаз жіберіп, Шамболаны жасақпен күзетпек болғанда Марсты армандап, діңкелеп аһ ұрмаған дейді. Анасы бәрі-бір естімеді. Ертегідей елеске еліткені соншалық “өмірге бөрі – ене бола бермес” деді сәл сабыр сақтап. Осы көріп жатқаны қас-қағымда ғайып боп кетті. Енді, бір қараса, баяғы балалық шаққа оралыпты. Күндегі абыр-сабыр, күйбең тірлік. Аула ішінде әке-шешесі және бақташы жүр. Сонау күндер көз алдынан қайталанып өтіп жатыр. Жалғыз аяқ сүрлеу жолмен бірінен кейін бірі маң-маң басып, бәйге төбеден өтіп бара жатқан сиырлар, құйрығын бұлаңдатып қасынан қалмай жүгіріп жүрген ала күшік, қараған бұтаны кеміріп, ботасын танымай жеріп кеткен қара інген жүр. Бақташы қой қораның есігін ашып әбігер. Көк серкенің соңынан жерігіш қойдың қара төбел қозысы ере шықты.
– Енесін қоя берейін бе? – деді қозыға сүт берген бұл шешесінен сұрап.
– Күннің сұрқы жаман, туып қалса әуреге салады.
– Бара берсін, желімі толған жоқ, – деді күн шуақта отырған әкесі.
– «Ассалау...» қайда?
– Қолың кір.
– Қырсығын қарай гөр өзінің, аю келе жатыр десем, қарны арқасына кеткен өрмекшідей тырбына жөнелесің, ә? – деп еркетотай сақауша бұртия, бұның шашынан умаждай уқалап, жерде жатқан қарала қапты жұлқа көтеріп иығына салды.
– Айта береді, көңіліңе алма! – деп әкесі араша түседі. – Баламның бұйра шашты қазан басына бәлен жұрттың тілі сыйып жатыр, – деді артынша қойшыға қарап мақтанып.
Ол әкесіне қайыра құлақ түргенше болған жоқ, көз ұшындағы бейнелерден кенет көз жазып, жапан далада соқа басы сопиып жалғыз қалғанын сезді. Зәре-құты қашты. Құлында құлын шырқырап зыр жүгірді. Анасының айқайлап шақырған дауысы алыстан жаңғырып естілді.
– Құлыным! Ботам! Қайда кеттің?
Селк етіп шошып оянды. Қара терге малшынып жатыр екен. Төсектен атып тұрып терезенің алдына барып бабалары жатқан төбеге көз тікті. Тасы алтын сары даланың жұлдызды аспаны астында төбел туған қасқа құлындай көрікті Алатау менмұндалайды. Қуы қаңқылдап, күйкентайы қасқыр алған жусанды қыратта ашамай мініп, ат жалын тартқан мекен елестеді. Әлгінде түсінде көрген жерігіш қойды әкесі сойып алғалы жүргенде аяқ астынан жоғалып кеткен болатын. Соны іздеп бақташының есігі алдынан өте бере, ешкім көзге ілмейтін қойшыны шыжғырған қатынының сөзі есіне түсіп еріксіз езу тартты.
– Ақпақұлақ ақымақ! Осы кең дүниені қашанда келте кесіп көбең сөгіліп жүреді. “Жерде жетім налыса, көкте періште қайғырар” деп аяғыңды айқастыра тар қапаста жатып, пулеметше сақылдап құлдыраңдауды қоймайсың!
Есте жоқ қай-жайдағы ескі дүниелер еске орала бергенін. Әкесі жасаған итарбаны тәй-тәй басып айдағаны бал-бұл елестеді. Тай мініп Тәшкент барып, балшы боп қайтқан кісіше әкесі төңіректі көзінен таса қылмайтын. Өкшесіне нәл қағылмаған кезбе ойнақ салып кетердей жан-жағын қорып отыратын. Әкесі екеуі көрші кемпірдің көңілін сұрап қайтқандағы сөздер еске түсті.
– Мыстан неме итінің итаяқ жалағанына мәз, шошаңдап валерианка болып жүрмей бала туып алғанда, бүйтіп дөңбекшіп жатпас еді, – деп тыжырына бұрқылдап еді.
– Тут болит, здесь болит, не пойму где болит! – деп қаншырдай денесімен арлы-берлі аунап, барбиған саусақтарымен біресе санын, біресе белін нығырлай нұқыған кемпірді суқаны сүймей, – Сәбеттен қалған мыстан шүлдірлеуін қоймады! – деген үйге келе жатып.
– Әке, Құдай көп пе? – деп сұраған бір әйел бір еркектен қабырғаға тақап қойылған диванның жоғарғы жағына ілінген кемпірдің суреттерін есіне салып.
– Құдай жалғыз!
– Әлгі әжейдің дұғаларын қалың Құдайлары түгел ести ме? – әкесіне таңырқай қарап, – Соншама көп құдайы бола тұра неге ауырады? – деп тақылдап қоймаған.
– Қарағым-ай! “Ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес” деді әкесі қалтасынан бір тал кәмпит алып. – Міні, тоқсанға келген атаның сарқыты.
– Ол кісі қайда?
– Қайтыс болды.
– Әке тоқсан жыл өмір сүру аз, анам екеуің жүз жасауларыңыз керек!
Ол жалпақ танауының желбезегі желпілдеп ойға шомғанда, әкесін сөздерін есіне алатын. Ондай шақта абалап үрген ала күшік назарын бұрғыза амайтын.
– Жалы тілерсегіне түскен арыстандай айбатты ата-бабамыз қорғап келген жерде ұрпақ өсіру парыз! Қар ханның төрінде баладан артық байлық жоқ. Жеті жұрттың тілін білсең де, осынау ұлы дала топырағында бәрібір қазақ болып қаласың, – деп әкесі басынан сипап айтқаны жадында жатталып қапты. Құдіреттің хикметтіне шек бар ма?! Аяулы әке-шешесі елеске айналған. Ауылдағы бақташы болса, хабар-ошарсыз кеткен. Ол бағатын мал да жоқ. Бұл алты қырдың астындағы бір аруды аңсап күнде сарылып күткен өзінің кейпін өзі де түсінбейді. Дәл әзір, сабыр сарқылып таусылған соңғы бір сәт секілді сезіле береді оған.
Күн бойы нәр татпаған. Таңдайы кеуіп, ішінің шұрылдап тұрғанын білді. Ішке кіріп кеседегі суық шайды ұрттап, қосулы тұрған теледидардағы кешкі қорытынды жаңалықтарға құлақ түрген-ді “....кішкентайынан асырап алған ата-анасы екі жыл бұрын қайтыс болған Америкалық қазақ қызының үстінен қылмыстық іс қозғалды...” деген диктор жігіттің сөзін естіген кезде жан-дүниесі түршігіп, өзін қоярға жер таппай аласұрды.
Бағай Назарбайұлы