Серік Боқан. Жұмақтың жолын Сәуле білмейді

/uploads/thumbnail/20170708153141159_small.jpg

Бірнеше күннің алдында “Facebook” әлеуметтік желісінде Сәуле Әбілдаханқызының  «МАҒАН МЕШІТ КЕРЕК ЕМЕС» деген шағын  жазбасы  көптеген желі қолданушыларды дүрліктірген еді, соған қарсы өз мақаламды жариялап  отырмын.

                       ҚАЗАҚТЫҢ  КӨКІРЕГІНЕ  СІЛТЕНГЕН ҚАМШЫ       

Біздің өзі тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының бірі мұсылмандық болмысымыздың қайта оралуы емес пе? «Бұрынғы өткен заманда, дін мұсылман аманба?», «Құдайсыз қурай сынбайды»  деген қазақ едік қой. Мұсылмандықты қабылдағанына  мың жылдар болған ел  аллаға, құранға, мешітке құрметі жоғар болған. Кеудесінен жаны ұшып бара жатса да еш уақытта шек келтірмеген. Шек келтірмегенінің үстіне,  ақырғы сөзін кәлимамен қайырған қазақты  діншіл емес деп кім айта алады? «Барды  ешкім барымталап әкетпейді» дегеніміз бекер екен, алты алашты қаратып қойып, қазақтан мешітті бөліп тастағысы келген барымталық емес пе?  Ежелден мешітке жүрегі байланған қазақ руханиятының бастауы болған мешітті ұлттан бөліп тастаса жөн бе? Он екі айдан көктемді алып тастасаң не қалады? Ештемеде қалмайды. Сол сияқты қазақтан исламды алып тастасаң ештемеде қалмайды?  Исламды білмеген адамға Абай сөздері тізгін ұстатпайды...  Уақытқа теңесетін еш нәрсе жоқ,  олай болса уақыттың дауылына төтеп беретін құндылықтың бірі – Мешіт. Кеше әлеуметтік желіден «Маған мешіт керек емес» деген жазбаны көріп төбеден біреу су құйып жібергендей болдым... Қазақ руханиятының Алтын алқасындай болған Мешітке қарсы шығу жақсы емес, мешіттің артында сенде, менде, олда емес ешқандай серігі болмаған құдіретті жалғыз –  ұлы Алла тұр!

           Мешіттің жұмыс істеуіне өткен ғасырда пролетарияттар ғана қарсы болған. Мақалада  ой таласымыз салтанат құрады деп сенем. Алла тағала құранда: «Адамдардың ішінде Аллаһтың жолынан адастыру үшін алдандыратын әңгімені сатып алатындар бар», – дейді(Лұқман сүресі,  6 аят). Олай  болса біз неге адамдарды адастыруға мейілдіміз? Әлде біреудің жең ұшы жалғастығына сатылып отырмыз ба? Көкірегімізге сілтенген бұл да бір қамшы болды... Шағын мақала  авторын қарасам белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы екен. Ол кісіні елдің алдында жүрген кісі болғанан кейін қаймана қазақтың бәрі біледі,  жақсы таниды, . Осы аталмыш журналистика саласында өзіндік  қол таңбасы бар,  құрметпен қарайтын кісілеріміздің бірі еді. Апырмай, өте сәтсіз жазылған дүние болғандығына қынжылам.Халықтың алдында жүрген сол апайымыз мұндай уәж айтқанан кейін  басқадан не қайыр? «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді қазақ. Енді ақиқат пен шындықтың алдында әділін айта алмасам азаматтығым қайсы? Сондықтан қолыма қалам алдым. Жалпы жеке мамандық пен исламның арасы –  аспан мен жердей. Журналистиканы білгенімен исламды білмейтіні көрініп тұр...  Себебі мазмұн  басталмай жатып сөзден сүрінеді.  Жазбада бүй дейді: «Ақырзаманның бір белгісі – әр ауылда бір мешіттен болады... Деген екен Аллам», – деп адам айтқысыз  қателікке ұрынады. Алайда, құран туралы жалған сөйлейтіндер туралы  еш нәрсе айтпай-ақ қояйын. Түсінерсіздер бауырларым. Алла айтты десе ол – құран сөзі, дәл құранда еш жерде  мұндай сөз  жоқ.  Шындығы қыстағы мұзданда тайғақ осы жазбаны көріп жаным ауырды. Алланың атынан айтпағанды айтты деп жалған сөйлеуден артық қандай жалғандық  болсын. Мақала тағы былай жалғасады: «Сол ақырзаман белгілері күн сайын көбеюде, әр ауылда қаңырап тұрған бір мешітті көреміз»,- дейді. Сәуле ханымның айтуына қарағанда, мешітте күзетші жоқ, айналасы махаббат құрған жастардың қыз ойнағы мен алқаш, наркомандардың  жын ойнағына айналыпты. Бұл туралы бәсім бар, еш қашан қандай жынды болсада исі қазақ баласы мешіт десе киелі деп қарап жолаудан қорқады.  Жастарды былай қойғанда атып кеткен алқашың да жоламайды. Естіген құлақта айып жоқ, алқаш деген адамның өзінің: «Қасиетті жер ғой пәле болады» дегенін талай естігем. Сонда деймін, олар маңайлаудың өзінен қорыққанда, жоғалтуға жаны ауырмай жүргендерге не жорық?    Мешіттің жолын кескенше, казино, түнгі клуб, жын ойнақ, түрмелермелер азайсын деп дабыл қақса естіген адам алғыс айтар еді ғой!   Айдаладағы мешіт Сәуле ханымды неге сонша шошытқанына қайранмын. Ауылды жердің жалғыз мешітін неге көп көрді екен?  Қараңғылықпен тербелген, бағытсыз ауылдың маңдайдағы  бағдар шамы сіпетті, бес күндік жалғанда жалғыз  нұры  көз қарашығын шығарайын дегені ме?  Жыл сайын ауылды жерлердің мешітінің жамағаты молайып келеді. Әсіресе жастардың қарасы мол. Даналықтың бесігі, имандылықтың есігі болған мешіт ауылдың көкжиегін жыл сайын кеңейтіп келеді. Байдың асын... бауырымыздан қызғанудың не керегі бар? Ауылдағы мешіттердің  жыл сайын ықпалы кеңейіп келе жатқанында шүба жоқ. Демек, әр ауылды мешітін тіркеуге алып, мұфтият қадағалап отыр. ҚМДБ төр ағасы қызметін атқарып отырған өте білімді, көз аясы кең азамат Ержан қажы Малғажыұлының  ықпалымен көптеген айтулы шаралар өркендеп келеді.  Демек, сол кісінің есіміне екпін  түсіре айтар білтелі ойымызды келесіге қалдырдық.

            «Жемісі жоқ ағашқа тас ату ойымда жоқ...» ол нақұрыстық болар.  Санаға қорғасын басқан осы бір жазба,  елдің еркін билеп  кетпесін дегендік. Енді-енді аяғын басып келе жатқан иманиятқа азда болса демеу болу.  «Мешітті бизнес көзіне айналдырғандар қанша ма!» дейді дабыл қағып, бұлда шынында өте үстірт айтылған сөз. Біреу мешіт салып пайда тапты дегенді естімеген екенбіз.   Көз таныс бір кісінің  Мақаншы ауданына мешіт салып, соған қалтасынан 80 мың доллар шығарып, бір жылға таяу уақытта салғанын өз көзіммен көрдім. Демек бизнес көзі емес, малын сол жолға шашады.  Бұл шынында қаңқу сөз. Ол тағыда  мешіт салынуға тиісті ауыл тұрғындарынан сауалнама жүргізіп, мониторинг жасау туралы ұсыныс қойған екен. Сауалдың сықпыты былай: «Сіз мешіт салатын ауылда қанша халық тұрады, қаншасы мұсылман, қаншасы мешітке барады, мектеп, балабақша бар ма, ауыз су бар ма, газ бар ма, кіапхана бар ма, дем алатын саябақ бар ма?», - дей келіп тағы: «Ол болмаса ол ауылға мешіт бес тиінға керек емес!»- деп өзі үкім шығарған. Мені ойландырғаны ауылдың ауыр мәселесін мешіттің мойына қыл шылбырғып кісендеуі нені көрсетеді? Мешіт салу жеке адамдардың халқына қызмет етудің үлкен бір – үлгісі. Үкімет қолға алып, жүзеге асыруға тиісті  заманауи құрылымды мешіттің жолына жуа қылып жатқызып, маңдайына сары жұлдызғып таңу қандай әділетсіздік? Мұны адам санасына бекітілген қандай сөзбен айтуға болады?.   Ауыл туралы ондай керемет жағдай, кешегі  өлмей тұрып-ақ, жұмаққа(Коммунизмге) жетеміз деп, байлықтан  кекірік атқан Кеңес одағының өзінде жоқ болатын.  Бұл шынында анасы мен баласын бір-біріне қарсы қойғанмен бірдей. Мешіттің бағын мың жылдар бойы шешімін таппаған газ бен саябақпен байлау адамдыққа саяма? Бұл бейкүнә жаныңды жазықсыз  түрмелегенмен бірдей емес пе?  Ұшқан құстай дамыған бүгінгі Қытайдың өзінде ондай жағдай жоқ. Газ бен саябақ сол аспан асты еліңнің өзінде шешімін таппаған мәселе.  Сонда ақылға симайтын, ойға олақ сорынан бағы алыс ұсынысты әлеумет алдына тепсіне ұсыну  неге керек болды екен? Әлихан Бөкейханов «Халқыңа қызмет ету, білімнен емес иманнан, шайтан жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ, имансыздығынан қуылған»- дейді. Сонда кітапхана, мектеп, газ, балабақша исламнан, иманнан артық болғаны ма?  Мешіт деген біле білсе қазақы рухтың, елтірідей жұлмаланған қазақ тілінің де алтын арқауы емес пе еді. Қазақстандағы бүкіл мешіт қазақ тілінде уағыз жүргізгенде, нағыз қазақ мемлекетінде жасап отырғаныңды сезінесің. Қайсы мешіт болса да, қазақы болмысын жоғалтпаған имамдар қазақша тәрбие жиынын өткізеді. Бұл тарапындағы құндылықты таратсам том жазуыма болады...  Кешегі қазақ көкжиегіндегі жұлдыздардың келу қайнары мешіт пен медіреседен екені хақ. Сол аспани құндылықты жермен жексен қылыған кешегі  пролетерият қана болатын. Дәл бүгінгі тәуелсіздік тұсында бұлай айтуға бола ма екен?  Басында мұны Сәуле жазды дегенге қимадым, артынан білгенен кейін өкіндім...   Содан келіп тағы айтады «Алланың сүйікті құлына айналып жұмаққа барғың келсе:  балабақша сал, құдық қаз, газ жүргіз, кітапхана сал, саябақ жаса»-дейді. Дискотека сал демегеніне шүкір...  Адамзаттың асылы, абсолют  болған пайғамбар  Мұхаммет с.а.у өзі сен былай  істесең жұмаққа барасың деп айтпаған...  Тек Алла уахи қылғанда ғана айта алатын болған. Ғайып ілімінен хабарсыз болғанына қарамастан, өзіне сенгені сонша Сәуле апайымыз жұмаққа қолынан жетелеп кіргізе салатындай кесіп айтады.  Менің тағы бір ойландырғаны  газ бен балабақшаның қорлығы  бұл кісігі неге сонша өтекен деп таң қалдым. Тезектің отымен ыстық ішіп, даналықтың  теңдессіз көкжиегіне көтерілген Абай, Шәкерім өмірге қайта келіп, газ бен саябақ  болмаса намаз бен мешіт керек емес деген қарғылы дауды естісе не дер еді?   Бәлкім «Қайнайды қаның, ашиды жаның» деп құсадан ажалынан  бұрын өлер ме  еді? Біз өзі оң мен солды, ақ пен қараны ажырата алмай қалдық. Мұның бәрі кезіндегі  пролетариятқада жаба беруге келмейді ағайын! Әрине түбі тұнық халық емеспіз бе, елімізде иманияттің жақсы деңгейге өрлеу белгісі жоғары. Қазіргі кезде елде он  адамның жетеуі исламға бет бұруға дайын, тек халыққа ислам толық жетпей жатыр... Алғы болашақты ата дініміз салтанат құрады деп сенем.

Мәтіннің аяғында: «Иә, маған мешіт керек емес. Мешіттен гөрі әулие-әнбиелердің кесененсіне, ата – бабамның, ақ әжемнің, асыл анамның зиратына, Раймбек бабамыздың, Жамбыл атамыз бен Нұрғиса атамыздың басына барып іштей сырласу, арылу, тілек тілеу, дұға жасап бет сипау әлде қайда ішкі жансарайымды тазартып кеңейтеді...», - дейді. «Сен әруахта мен пенде, ортамызда бір перде» деген  өлеңімен кезінде көптеген халықтың басын қатырған аққулар мен сұңқарлар туралы білетін боларсыздар.  Дәл мына мәтін кезіндегі елді бастаған бақсы, тәуіп, көріп келдердің дұйым жұртты бастап, Қожа Ахмет, Арстан бап, Бекет ата, Райымбек сияқты сәлихтар жатқан қабырлерді сиынатын құлшылық орны қылып алуды қайтадан жаңғыртып ұсынып отыр...  Пайғамбарымыз Мұхаммет с.а.у өзі «Ертең менің қабырымды, құлшылық қылатын орын қылып алмасын» деп Алладан тілеген. Кеше ғана сені мен мен сияқты пенде болып жүрген адам өлгенен кейін құдайлық дәрежеге көтеріп алу қандай ақылға сияды? Олардан бұл туралы шынында өлгенен кейін қасиет біте қалдыма десе, есептен жаңылған адам құсап, жоқ олар Алла мен біздің арамызға дәнекер болып  шапағат етеді дейді. Олар сонда өлген  әруахты Алла мен өздеріне делдал  болады деп ойлайды?  Демек  олай болса адамға табыну керек пе Аллаға ма? Сол туралы бір дәлел келтірейін:  Құранда Алла тағала: «Одан өзге қамқоршы етіп алғандар: «Біз оларға өзімізді Аллаһқа көбірек жақындатулары үшін ғана табынамыз»  -дейді. Олар Аллаһты қойып, өздеріне зиян да жасай алмайтын, пайда да тигізе алмайтындарға табынады және: «Бұлар Аллаһтың алдында біздің шапағатшыларымыз», – дейді», – деген(Юнус сүресі, 18 аят). Алла айтып жатыр олар Алланы тастап қойды да пайдасыз нәрселерге табынып кетті дейді.  Және бір неше Алланың сөзін келтіреміз құраннан: «Шынында, мен – Аллаһпын. Менен өзге ешбір құдай жоқ. Ендеше маған құлшылық ет және мені еске алу үшін намазды орында», – дейді(Таһа сүресі, 14 – аят). Осыдан артық не керек. Аллаға серік қоспаңдар, маған құлшылық ет деп отыр. Сонда дүниені ғана көріп, ақиқатты көрмейміз бе?  Олген әруақ емес, тірі адам қайта бір нарсемізді көтерісіп жіберер  десең шындыққа үйлесер еді ғой. Исламдағы бүкіл пайғамбарлар өмірі таухид(бір ғана Аллаға құлшылық қылу). Ислам шариғат үкімі Аллаға серік қосудан ерекше қайтарады. Кешегі өлген кісінің басына барып жардем тілесек Аллаға серік қосқандық болып табылып, кешірілмейтін күнә табамыз. Олген әруахқа тек қана Алладан жәрдем тілеп, тозақ отынан құтқар оларды деп дұға жасаймыз.

            Мақаланың өзегі тағы былай өріледі: «Жалпы мешіт деген қазақта болмаған. Мешіттің қашан, қайдан, кімнен  келгенін білесіздер... Қазақта мешіттің пайда болғаны - кеше ғана... Қазақ мешітсіз де иманды еді... Әсіре діншіл емес еді, бірақ әсіре адал еді...» деп аяқталады. «Өнбес дауды өспейтін пенде  қуады» дегендей қазақта мешіт болмаған деген  не сөз? Мың жылдан бері қазақ мешітсіз өмір сүрмеген...  Олай болса бойға қайрат, ойға көз бітіретін дәлел келтірейін:  Мешіт қазақ даласында болмаса, архивтағы жазба деректе Тараз шаһарында 893 жылы бұрынғы ғибадатхана орынына мешіт салынғаны баяндалады. Маңғыстаудағы Шақпақ ата мешіті 9-10 ғасырда халыққа жұмыс істеген. 1994 жылы Алматы қаласынан шыққан «Тарихи қазақ мәдениете» деген кітапта: «Құйырық төбені қазу жұмыстары Қазақстанда салынған ең байырғы ескі мешіт қалдықтарын  тапты. Шамамен бұл 9 ғасырдағы  мешіт қалдықтары болса керек. Ол күйдірілген кірпіштен салынған», -дейді.  Ақмола тарихында 1838 жылы мешіт жұмыс істеген, 1851 жылы Қарқаралыдағы Құнанбай қажы салдырған мешіт қазақ руханиятының алдырмас қамалы болғаны аталады. Этнограф жазушы Сейіт Кенжетайұлының зерттеуінше 1920 жылы бір ғана Торғайдың өзінде 54  мешіт бар болса, ауыл, аудан, облыс көлемінде көптеген мешіттер халыққа қызмет еткен.  Ол туралы дәлел келтірсек жеткілікті. Қазақтың барлық зиялы азаматтары мешіттен алғашқы білімін алғанын ерекше атап көрсетеді.  Сода осылардың бәрі болмаған деп, тарихқа, дәстүрге, құндылыққа қалай көз жұмып, ағаш басына қарап отыр ол кісілер?  Осындай аспани құндылықтың бәрі болмаса,  кешегі қазақия алдаспаны болған жұлдыздар  қайдан келді? Бұратана халықтардан артық екенімізде,  осы мұсылмандығымыз емес пе?  Сол кездің ақын, молда, ишан, зиялы азаматтарының бүкілі мешіт, медіреседен сауат ашып  даналыққа жеткен. Бұлар шынымен ақиқи ілімнің аспаннан келетінін білеме екен?

 Қазақ мешіттері салынуына кедергі болған кезеңдер қалмақ-жоңғар шапқыншылығы, алапат аштық, жұт  жылдары, саяси қуғын-сүргін кезінде, 1941 – 1945 жылдарғы соғыс кезінде, әтейістік үгіт  өршіген мезгілдерде ғана мешіт салынуына кідіріс болған. 1868 жылы «Дала уәләятының басқарудың уақытша ережесінде» бір облыста бір ғана мешіт болсын деп қатаң талап қойған. Енді міне азаттықты алып тұрып, мешітке қарсы шығып, руханиятқа қарсы болсақ  елдіктің мәні қайсы?

«Қазақ мешітсізде иманды еді, әсіре діншіл емес, әсіре адал еді» деп қалай тарих қатпарына күйе жағып отыр? Ғылымнан азда болса сауаты бар адам бұлай жазбайды. Жоғарыдағы деректерге қарағанда ежелгі қазақ даласында мешіттер бүгінгіден әлде неше есе мол екендігінен дерек береді. Бұрынғы қазақ өте тақуа, даналық шыңына шыққан ғұламалардан  мешітке жүрегі байланбағандары жоқ. Бір ғұламаның «Мешіт мұсылманың ордасы, құлшылықтың ақиқи майданы» дегені бар.  «Әсіре діншіл емес, әсіре адал еді» дегені ешқандай ақылға сыймайды. Хакім Абай : «Бұл жолға малың түгіл жаныңды қи» дейді. Мұны еріккеннің ермегі қылып айтып отыр дейсің бе? Әсіре діншіл деген сөздің өзі дұрыс емес... Иманы кәміл болмаған адам қалай әсіре адал болады?  Құлшылығы жоқ, бірақ адал еді деген сөзде қандай мазмұн бар?  Сөз соңында тағыда айтамын, адам баласының бақыты гүлденген экономикамен өлшенетін болса мың жыл жасаған Перғауындар қайда жатыр қазыр?!  Құранда Перғауынның(Мұса пайғамбардың тұсында өзін құдаймын деп такапарлыққа ұрынған патша) барзақ әлемінде азапталып жатқаны туралы айтылады. Ол азап сәт сайын күшейе беретінін айтып адамзатқа ескертіп отыр!   Сондықтан сүйкті бауырлар мешітке қарсы шыққанша, қайта оның аяғынан тұруына жол ашайық. «Судың ішінде отырып қай жерінен ішетінін білмеу» адасқандық.  Маңдайымызды тау мен тасқа ұрып таппай жүрген шындығымыз бірақ ауыз сөз екен: «Малым жанымның, жаным арымның  садағасы»(Құнанбай қажының тоқтаусыз қайталайтын сөзі осы екен.) Бүкіл адамиятқа тән құндылық осында жатыр. Маңдайымызды тау мен тасқа ұрып таппай жүрген бақытымыз табанымыздың астында жатыр екен, ол  – сәжде. Адаспайтын пенде жоқ, айыбын біліп, тәубе қылса бәрі кешіріліп жақсы болады... Тек қана туралықты тапса деген үмітпен ғана жазамыз.  Алланың бәрімізге туралығы мен кешірімі болсын бауырлар!!!

 Abai.kz

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар