Райымбек (поэма)

/uploads/thumbnail/20170709191555961_small.jpg

Қалау Сәлеметбайұлы

 


 

Бұлт шақыру

Сүйсе иірім толқынымды тереңнен,
Жүрегім бар жұлқып ала жөнелген.
Жаратқанның жарты құсы, сірә да,
Жаралған-ау ақын менен өлеңнен.

Елес – дүние,
Саған енер есікке,
Қалғандаймын желмаямен жетіп те.
Түйсігім де тұтанады,
Түнеген 
Моладағы момақан қу бесікке.

Кейде аққудай арандалған арман ақ,
Ақ қағазға ұшар қаны сорғалап.
Байтақ далам,маңдайдағы бағымды
Саған силай салар ма ем ақ қарға орап!

Ақын едім азуында от жанып,
Топқа түссе көрмеген еш тоқталып.
Ақ түйенің бейнесіндей әппақ қар,
Құйын қуса түйдектелер топтанып...

Сыбырлап тіл қатса сан мың сөз маған,
Қара дауыл – қасыретімді козғаған.
Маң дала да мауқын баса алмаған,
Мәйіт артқан бір ақ түйе боздаған...

Шығаратын сөз суырып, тартып ән,
Тың тыңдаймын көзімдегі тамшыдан.
Бір ақ түйе келе жатар басы бос,
Қаралы топ қалмай ерген артынан...

Сөзді сөзге ұрып қалып мен елден,
Үйреніп ем от жағуды өлеңнен.
Дала кезген сол түйені басы бос,
Не құдірет дәл осында шөгерген?

Сол түйені көрмесем де, 
неліктен
Боздағанын естігендей еліткем?
Кім біледі, Алматыға аяулы
Сол аңызды айту үшін келіп пе ем?

Жел тұрмаған тымық күнде бұйдасын,
Қозғалады,
Біреу ұстап тұрмасын?
Әңгіменің ырғап ұзын ырғасын,
Қалың елім, Қалау енді жырласын.

Болжам

Сұр төбенің тасасына тығылған,
Сұрғылт үйлер аумайды лас суырдан.
Жоңғарлардың ауылы бұл, ағайын,
Қолы қазақ қаныменен жуылған.

Ашық оттар жанып жатыр лаулаған,
Өлген сиыр желініндей саумаған.
Албастыдай ән шырқалды,
Дауысы 
Қаншық қасқыр қыңсылынан аумаған.

Жатыр мұнда әлдебір іс тойланып,
Даңғаза жұрт дабылдарын қолға алып.
Бейне шәйтан көбелектей шаттанып,
Би билейді ашық отты айналып.

Жан тапсырар,
Аламын деп жылынып,
Қар ұшқыны ақ жалынға ұрынып.
Қара қатын ит секілді құтырған,
Жүз жұлынып,
Шықты ортаға жүгіріп.

Тісі таспен ұрғандайын сақылдап,
Ауызынан көбік тынбай атылды ақ.
Жауырынды отқа әкеліп лақтырды,
«Бишілерге» келді дағы жақындап.

Арам еді жиіркенетін аршадан,
Азуы сан ақ өмірді таусаған.
Өлім күйін өршелене шертеді,
Шашқа таққан қу сүйектер самсаған!

Мұраға алған сұрқиялық – салымын,
Зауалды аңсап тұратұғын залымың.
Алып шықты тісіндей боп өзінің,
Кетілгенде отта жатқан жауырын.

Танымай жұрт қалды енді мүлде оны,
Албастының әуенімен биледі.
Жалын шалған жауырынды шеңгелдеп
Ұстап тұрған қара қолы күймеді.

Жатпайтұғын жұрт, бірақта, таңғалып,
Адам емес, ұқсаса да аңға анық.
Қолын сермеп,
Жерде тұрған қырық қадам
Қараша үйді тастай салды аударып!

Секілді бір қатылатын ақтық үн,
Ауызын бағып аңырды жұрт бақсының.
Қара пірін шақырады қан жылап,
Силайтын тек қасірет пен қастығын.

«Пірі» келді.
Езуінен қан ағып,
Қара қатын қағынады қабарып.
Қара жерден қашан ғана кетесің,
Қара жынды қағындырған, қаралық?!

Қара шәйтан көзі шоқтай қызарып,
Бес-алты рет кетті белі бұралып.
Тақта отырған Сыбан Рабдан алдына,
Сұр қорқаудай жетіп барды сұранып.

Жерге аяғы кетті кіріп тізеден,
Жел таяды қара құмнан гүл өрген.
Әндетеді жауырынға қарап ап:
«Қазақтарды қан қыларсың білем мен!

Түздің елі түсетін төрт бүктеліп,
Биылғы жыл жармасады жұт келіп.
Жауыңа сал азуыңды, ардақтым,
Ерініңді қыршығанша тістеніп.

Қоян жылы қар жауады ат бойы,
Қас жауыңның болар сонда нақ «тойы»
Осы жолы қарманып қал, қасқырым,
Талақ етпей тұрғанда алтын тақ сені.

Қайсарлығың секілді еді бір қайрақ,
Сарбазыңды сан қырғынға тұр сайлап.
Қойларыңды ойпаң жерге отарлат,
Жылқыларды қыстан шығар құмға айдап.

Қажет болса ойнау керек отпен де,
Тояттарсың қазақ қанын төккенде.
Әрең аман шығар қыстан қас жауың,
Көкелерін танытасың көктемде.

Шамаң келсе жібер бәрін жоқ қылып,
Ордаңа олжа тасы көп мүлік.
Оларда жоқ өзіңде бар от қару,
Соқтыра бер және қару көп қылып. »

Сарнап айтып болып бақсы сұм мұны,
Орынынан орқояндай ырғыды.
Қақ айырылып қалың тобыр жол беріп,
Қара тәні қара түнге сүңгіді.

Биге басты қайта жинап ел есін,
Мұндай сәттер жылына мың келетін.
Сыбан Рабдан ыржыңдады,
Тәңірден 
Бақсысына артықырақ сенетін.

Жұт

Одақ құрып әппақ қар мен ақ боран,
Жер бетінде тыныштықты таптаған.
Қол ұстасып жүрген екі адам да,
Қас-қағымда бірін-бірі таппаған.

Қасірет бар қара қазақ елінде,
Жылқы аяғы жете алмады тебінге.
Қариялар қауқылдасты,
Мұндай жұт
Жетпіс жылдай болмаған деп кемінде.

Әппақ мақта толтырғандай таңғы аспан,
Ұшқан құс та бағытынан алжасқан.
Ашыққан қой аңға айналып кеткендей,
Жылқының қыл құйрығына жармасқан.

Қаймана елді сонша мұңлы ететін,
Тәңірім-ау, алдың ненің есесін?
Аш бұзаулар аналардың аяулы
Жырым-жырым қылды жұлып етегін.

Сәт туса да сәуірге ай беттеген,
Былықпалық бұл недеген кетпеген?
Бар жұбына жетіп болған жылқы да,
О, дәриға-ай, қолдан жемтік-ет жеген.

Қырдың желі қырық құйын үйіріп,
Таулар тұрды әппақ теңдей түйіліп.
Өмір салған сарайындай өлімнің,
Төлдер жатты тау-мая боп үйіліп.

Өрім жастар ақ боранның өтінде,
Қар боп келген бұл қырсықты кешуде.
Көздің жасын ақ аяз да «аялап»,
Тамызбастан қатырады бетіне.

Тарлан дала еді-ау бізге тақтай-ақ,
Басымыздан бір-ақ сәтте бақ таяд.
Көген көз жұрт көкекке әрең ілінді,
Көбі қыстан ұстап шықты ақ таяқ.

Нәубет

Қоя жаздап қалды-ау жұт та жұтып ап,
О, қаймана қазағым-ау, құсым ақ.
Мың сан аттың шабысынан шаңырақ,
Уық біткен кетті кенет сықырлап.

«Жер жарықтық сілкінді ме, немене?» - 
Аңырды ана құртын жайған өреге.
Кетті кенет күллі ауылға құйылып,
Күн сәулесі айналғандай жебеге!

Мәңгі керең болатындай тыңдаған,
Үн бұрық етті, азан-қазан, шулаған.
Шауып асты сан мың жоңғар жотадан,
Топты шүйебөріден еш аумаған.

Аят тұтар Сыбан Рабдан жарлығын,
Көк темірмен құрсаулаған барлығын.
Қазақ шығар кең далада ең алғаш,
Сезіп білген дүниенің тарлығын!

Азалы үндер алып ақ бас асқарды,
Алыстатып жібергендей аспанды.
Қанаты үсіп әлсіреген ақ қазды,
Қорқау қасқыр аңдып келіп бас салды.

Басы ұшады бала болмай уанып,
Үлгіртпеді шеп құруға ту алып.
Қып-қызыл қан ағып жатқан мың арық,
Жатты бүкіл Жетісуды суарып.

Жау әскері шарықтады шарық ұрып,
Талқандардай бар әлемді балта ұрып.
Бір түмса ана құдыққа әкеп жасырды,
Жас баласын қалған суы тартылып.

Үй өртеніп, қара дала қақырап,
Мың-миллион ұшқын жатыр шашырап.
Аруларды ат көтіне салады,
Азаматты тірі қоймай басын ап.

Мен қайтейін, жымсыма жыл, дойыр күн,
Астында сан қалдырдың ғой сойылдың.
Сәбилерді іліп атар найзамен,
Жаңа түрі шығып жатты «ойынның».

Жалақтаған кете алмады олар жай,
Тонап кетті бәрі керек болардай.
Түтіннен тыс ештеңе жоқ бүтіннен,
Ауыл қалды шала жанған томардай.

Кетті аттанып ұқсап қара бұлтқа,
Қара бұлтқа келесі ауыл жуық та.
Тұла бойы қорқыныштан тітіреп,
Жалғыз бала тірі қалды құдықта.

Мезгіл түнге кеткен еді алмасып,
Тынышталды қара дала қан басып.
Шықпақ болып шырылдайды бейшара,
Нәзік саусақ қара жарға жармасып.

Сөксе дағы он саусақтың көбесін,
Шыға алмады, 
Жия алмады ол есін.
Ақ періште кісінеген құлындай,
Ақ тұманда таба алмай енесін.

Осылайша кетті тағы таң атып,
Қалжырады он саусағын қанатып.
Құм саулады кенет құдық ішіне,
Тұрмсырайды түсіне алмай бала түк.

Құдіретің шексіз сенің ,бір Алла-ай!
Бұл қайғыға жер де төзіп тұра алмай,
Тек майда құм саулап жатты құдыққа,
Жары мүлде опырылып құламай.

Құмды басып саулап түскен бұрқырап,
Көтеріле берді бала шырқырап.
Қара жердің қабырғасы қайысып,
Сай-сүйегі аяды оны сырқырап.

Шықты бала терең шүңет құдықтан,
Қарап тұрды қасиетті күліп таң.
Құлдыраңдап жүгіреді қыр кезіп,
Құлындайын құтылған бір құрықтан.

Айналайын, мұнар далам, мұң далам,
Мен жыламай қалай ғана жыр жазам?
Тауып апты сол сәбиді бір ана,
Баласы өліп омырауы сыздаған.

Көкойнақ

Тамыз таңы атты тағы талықсып,
Тас атылып шығатындай жарып мүк.
Көк аспанға 
Күтетіндей бір хабар
Мөлдір көзін қадайды-ай бір таңғы шық.

Ауыл бүгін тағы да ерте оянған,
Ойын жия алмаған сол ойраннан.
Кісінейді тағы да сол көк құлын,
Төрт тұяғы жасыл нілге боялған.

Сол көк құлын көк төбенің басында,
Күнде таңда кісінейді расында.
Ешкім айтып бере алмады себесін,
Үйр бүтін,
Енесінің қасында.

Күнде таңда кісінейді нағып бұл?
Көрмесе де ел дауысынан танып тұр.
Ер Биеке тысқа шығып,
Тамсанып
Керіледі кең құлашын жазып бір.

Керім өлке кең төсінде жаралып,
Өскен батыр нар даладан нәр алып.
Елең етіп,
Көз тоқтатып кенеттен,
Көк құлынға қарай қалды қадалып.

Көз алдында көлбеңдейді пәк тұлға,
Таңданды ол тап келгендей тасқынға.
Ақ тұманды ескекше есіп барады,
Қанат бардай қолтығының астында.

Тұрғандай бір аспан аты алдында,
Бірде шауып,
Көшті бірде қарғуға.
Салақұлаш айырылар ақ түман,
Жүзгеніндей бір алып құс айдында.

«Қанаты бар тұлпар екен көрінбес,
Селге беріп кетпейтұғын сенімді еш.
Алағызып,
«Ер қанаты – ат » деген,
Жас серігін іздейді ғой бөлінбес.

Қасіреттен құтқаратын халықты,
Кінәсі не, 
Батырға іздеу салыпты.
Осы құлын енесінен туғанда,
Төрт аяғын тіреп тұра қалыпты.

Ене үнінен артық көріп ер үнін,
Мен білемін бұл іздеген серігін.
Төрт аяқты түспес, сірә, алдына,
Туған білем ойнағында перінің! » -

Ағытады Биеке тіл тиегін,
Кернегендей бір жұпар сөз жүрегін.
Көк құлынды ұстатады,
Ұсынып
Қуантпаққа Райымбек жиенін.

Алғашқы ерлік

Көктем еді дала қардан арылып,
Булыққан тал жатыр бүрі жарылып.
Жер бауырлап ұшқан құстай желпініп,
Бір көк сағым келе жатыр ағызып.

Екпінінен лақтырған тас аспаған,
Жер-әлемде болмаған бір көк боран.
Қара тасты құм ғым үгіп,
Ал, құмды
Мәңгі қалар керіш қылып таптаған.

Тағы да бір қарайықшы абайлап,
Қызындық-ау сол қазақы қан ойнап.
Райымбек!
Келе жатыр құйғытып,
Тақымында тұлпар текті Көкойнақ.

Шаң қабуға үлгермеді шашасын,
Ер мен тұлпар!
Егіз ұғым жасасын!
Өзін ертпей,
Қолды бастап аттанған
Қуып келед ол Қангелді атасын.

Қангелді еді ерте алған ер атын,
Жалғауды аңсар мәңгілікке мұратын.
Оң қолына найза ұстап ұрысқа,
Сол қолына шоқпар алып шығатын!

Немересін қоя берер ырқына,
Қарамастан тебіндеген мұртына.
Бұл жорыққа аттанарда әдейі,
Жұмсады оны алыстағы жылқыға.

Қабағына батыр туған баланың,
Қараса да жасыра алмас алаңын.
Енді қуып келе жатыр артынан,
Ақ батасын алып үйде ананың.

Жасын оның жыл он бестен асырған,
Алладан соң,
Баба рухына бас ұрған.
Жал қамысты жанап өте бергенде,
Арыстанның үні естілді ақырған.

Қапталдады қарт Іленің қорымын,
Енді ұзақ білді емесін жолының.
Аттың басын тарта берді,
Қызығып
Қышуын бір қандырмаққа қолының.

Тағат таппай ерден бірден ырғыды,
Ниетінен қайтара алар кім мұны?!
Жалаң қылыш жалтылдаған қолында,
Сары қамысқа сараң басып сүңгіді.

Шықты алдынан арыстан да ақырып,
Сары қамысты жайпай басып, жапырып.
Кенет сұлап түсті жерге арыстан,
«Райымбек!» - қалғанда ер ақырып.

Қарсы келіп ерлік пен тағылық,
Өлді арыстан ет жүрегі жарылып.
«Райымбек!»,
Осы ұранды естіген
Дарқан дала шын қуанды дал ұрып.

Қайран баба, қанжардан да өткір ең,
Шын тағылым қалар солай тектіден.
Арыстанмен айқасуды осылай,
Сен жасаған алғашқы ерлік деп білем!

Қайтарма соққы

Маңғаз қылып өсірсең де, маң далам,
Елім үшін, өзің үшін қанға қан!
Тасың бар ма ердің қаны ақпаған,
Шиің бар ма қыздың жасы тамбаған?!

Дала жайлы осы бізде түсінік,
Өлер мұнда,
Келген жандар ұшынып.
О, дәриға-ай, адам етін жегеннен,
Қазақы иттің кетті көбі құтырып.

Төрт жүзі өлді,
Болса, егер мың қазақ,
Басқа елде бар ма мұндай мұңлы азап?
Түз мысыққа толып кетті түл дала,
Сарышұнақтың інін жатар тырмалап.

Жататын ел болмасақ та кек қуып,
Кері айдап,шекарасын өт бұзып.
Дүлдүл жортқан даласында қазақтың,
Сан мың сарбаз сапқа тұрды шеп құрып!

Қорғау үшін бұл мекенді мәңгілік,
Ұрыс салды таңды тынбай таңға ұрып.
«Райымбек!»,
Жетісудың жерінде
Осы ұран жатты тынбай жаңғырып.

Ақылға кеп болған халық ақтабан,
Ақтабанмен жоңғар басын таптаған.
Райымбек Көкойнағын көсілтіп,
Көкбөрідей көкжалдарды бастаған.

Қазақ солай бір қуанған, жүз жылап,
Тарих та оны айта алмайды тұнжырап.
Көк аспанға бұлт та симас,
Бұны айтса
Буға айналып көз жасы ұшып күн жылап.

Оралмасын ойрат келген о заман,
Жазу емес тарих беті,
Тола қан!
Батыр баба шығысымда тұрғызған,
Ой аңқиды қалқиған тас обадан.

Сірге жияр

Мәйітін артқан Райымбек бабамның,
Ақ түйеге келді қайта оралғым.
Боздаған үн әппақ буға айналып,
Алматының аспанына толар мың.

Туған жердің топырағы төсек боп,
Жатпайды енді ол уақытты есептеп.
Тек бір сәби көрген дейді түйені
Баба өзі келгендігін жетектеп.

Айналайын, абыз батыр киелі,
Сені ел түгіл, 
Әр сүйем жер сүйеді.
Айғайлаған дейді сәби дауыстап:
«Атам өзі жетектеп жүр түйені!»

Түйе басы бос деп бәрі ұғынған,
Балаға ел болмапты көп бұрылған.
Мен сенемін періштедей сәбиге,
Сырға толы сақара бұл бұрыннан!

Құшағыңда айналайын, ақ мекен,
Артық емес киесіз жер жоқ десем.
Ойға шомып отырамын,
Ақ түйе
Не себепті дәл осында шөкті екен?..

 

(Соңы)

 

дайындаған: Бұлғын Сусар

 

Қатысты Мақалалар