Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Сирия проблемасын реттеуге арналған келіссөздер 23 қаңтарда Астанада өтетіндігін мәлім етті.
Бұған дейін түрік СІМ басшысы Ресей сарапшылары Сирия бойынша келіссөздерге дайындық мәселелерін талқылау үшін 9-10 қаңтарда Түркияға келетіндігін мәлім еткен болатын, деп жазды Ресейдің Жаңалықтар ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Президент Путин түрік көшбасшысы Тайып Ердоғанмен Сирияда қақтығысушы тараптарға Астанада жаңа алаңда бейбіт келіссөз үдерісін жалғастыруды ұсыну жайлы уағдаласқанын хабарлаған. Оның айтуынша, бұл Женева келіссөздерін толықтырады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Путин және Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесу барысында бұл бастаманы қолдап, Қазақстан елордасында мұндай келіссөздер жүргізу үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді.(inform.kz)
ЕО Сирия бойынша келіссөздің Астанада өтуін қолдайды
Сирия мәселесі бойынша келіссөздің Астанада өтуін Еуроодақ қолдайды. Бұл туралы Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясатының жоғарғы өкілі Федерика Могерини мәлімдеді. Егер соғысты тоқтату келісімі орындалатын болса, БҰҰ қауіпсіздік кеңесі аясында Сирияның ішкі мәселесін реттеуге жол ашылады, - дейді еуропалық дипломат. Еуроодақ Сириядағы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге ұмтылатын кез-келген халықаралық қадамды қолдайды. Біз Астанадағы кездесу секілді бастамалар өзге тараптардан да болғанын қалаймыз. Ол келіссөздер жемісті аяқталып, Сирияның ішкі мәселесіне қатысты БҰҰ аясында Женевада өтетін басқосуға әсерін тигізсе дейміз. Еуроодақ аймақтармен жұмыс істеуін жалғастыра береді. Біз қаңтар айының ортасында Брюссельде бас қосып, Сирия қақтығысын шешуге бағытталған екіжақты келіссөздер өткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Федерика Могерини. (24.kz)
Сирия оппозициясы келіссөздің Астанада өтуіне қарсы
Бірнеше сириялық баскөтеруші топ өкілдері Қазақстанда өтетін бейбіт конференцияға қатысудан бас тартатындықтарын мәлім етті.
Олар Асад күштерін соғысты тоқтату режимін бұзды айыптап отыр. Мәлімдемеде көтерілісшілердің татуластық шарттарын қатаң ұстанып отырғандығы айтылған. Алайда, үкімет күштері ирандық одақтастарының қолдауын пайдалана отырып, Дамск, Шығыс Гута мен Вади-Барада алқабында келісілген шарттарды бірнеше мәрте бұзған.
Көтерілісшілер егер Асадтың күштері татуласу келісімін пайдаланып, баскөтерушілердің қарамағындағы аймақтарды басып алуға тырысатын болса, өздерінің келісімнен бас тартатындықтарын мәлімдеді.
Бейбіт келіссөздер осы айда Астанада басталуы қажет болатын. 31 желтоқсан күні БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Сириядағы соғысты тоқтату мен Дамаскінің оппозиция өкілдерімен келіссөздер жүргізуді бастау жөніндегі Ресей тарапынан дайындалған келісімдерді қолдау туралы резолюцияны бірауыздан қабылдады. Резолюция үкімет пен көтерілісшілер арасында келіссөздер жүргізу жолымен қақтығысты саяси тұрғыда реттеуге шақырады. 30 желтоқсанның түнінен бастап, татуластық туралы келісім күшіне енді.
Алайда келісімнің Ресей мен өзге де мемлекеттерде қызметіне тыйым салынған «Ислам мемлекеті», «Джабхат Фатех аш-Шам» сияқты кейбір топтарға ешқандай қатысы жоқ.(naryk.kz)