Шатақпен жеткен атақ немесе Собчак ізбасарлары жайында

/uploads/thumbnail/20170708150746391_small.jpg

Біздің елде білімділер аз, ақылдылар одан да. Ойын шебер жеткізетін шешендер, алысты анық көретін көсемдер көп емес.  Бірақ, соған қарамастан  біздің елде танымалдар, атақтылар, құрметтілер, сүйіктілер, қалаулылар көп. Аттарынан кейін атақтарын атап біткенше ауыз ауырып, тіл талады. Олардың басым көпшілігі жас жұлдыздар. Өздерін өте саналы санайды. Егер аз жылда жеткен жетістіктерін ескерсек, мықты екендіктерін мойындайсың.

Кеше «Сонымен, солай дейтін» бағдарламаға сол мықтылар келді. Ішіндегі ең ірісі – "Собчактың сіңлісі" – Маржан. Шашын алып, небір атақтыларды шаң қаптырды.  Батыс халқы мұндай әрекетке көз қырын да салмас еді. Бірақ алдыңғы буыны консерватор, кейінгі жастары жаңашыл Қазақстанда бастың тақырлығы – тапқырлық болды. Маржанның алдын- ала ақылға салып, "айлаға" айналдырған  әрекеті әлі күнге дейін аяқталмайтын әңгімеге арқау. Жұрттың жартысы жақтайды, қалғаны қаралайды. Дегенмен екі топ та Маржанның атақты болуына атсалысты.

Сол күні студияда сөйлеген қонақтар эпатажды аруды қолдай қоймады. Керісінше, оның атақ үшін жасаған амалдарын қате деп қатты да айтты, жұмсақ та жеткізуге тырысты. Қысқасы, қолын алып, арқасын қаққан қонақ болмады. Алайда, солай болуы керек те еді. Жақсы образдарды ғана сомдағысы келетін өнер өкілдері консерватор көрерменнің көңілін суытып алудан сақтанады. Біздіңше, Маржанды ұнатпау, оны айыптау - қазақылық пен тәрбиеліліктің белгісі. .

Біздің қоғамда қазақы әрі тәрбиелі болып көрінуге тырысатындар жастар емес. Әрине, алдыңғы буын азаматтар. Қай елде де отыздан асқандар асау мінездің алдын алып, байыпты болуға барын салады. Қазақтар да жасы келгенде жақсыға ұқсауға ұмтылады ғой.   Сондықтан Маржанның сойыл алатын "сотқар мінезіне" мін тағады. Егер студияға мектеп жасындағы жеткіншектерді шақырғанда кумирлерін төбеге көтеріп, оған оғаш қарағандарға атылып, екі жақ абыройды айран ететін еді. Сондықтан бағдарламаға келген қонақтардың ешқайсысы Сұлтанбаеваны қолдамады екен деп, қуануға болмайды. Маржанды  көрген бойда арнаны ауыстаруға асығатын апама да кеше осыны айтқанмын. Экранның бергі бетіндегі жастар жағы Маржан десе ішкен асын жерге қояды. Біз олардың кумирін көргіміз келе ме, жоқ па, жұмыстары жоқ. Бастысы, кумирлері бізден басқа.

Ойын осып тұрып айтатын аруға қарап, танымал болудың формуласы өзгергенін түсінесің. Бүгін болмысы қарапайым, сөзі салмақты, өзі сұлу қыздар көрерменнің кумирі емес. Өрескел сөйлейтін, өткір қарайтын, өр көкірек көрінетін бойжеткендер алдыңғылардан оқ бойы озық. Жігіттер де жетістікке жеткісі келсе талап сол. Өзіңді жақсы көріп, өзгені аяма. Сонда айналаң сені ардақтайды. Мәдениет, тәрбие, иба, ұятты ұмыт. Мұндай қадірі қалмаған қасиеттерді жас қазақтар жақтырмайды. Қазақ менталитетіне қарсы шық. Әйтпесе, жасандысың деп жапатармағай жала жабады.

Мұны оқып, байсалдылар шамданып, шарт бүлінбесін: «Жұлдыз болу біздің маңдайға жазылмаған ба?» деп, «Атақ, абырой, даңқ аңдамай сөйлейтін ақымақтарға бұйырған ба?» деп. Бірақ тағы да мойындау керек, жоғарыдағы типті ақымақ адамға телуге болмайды. Олар ақылды, алайда миы білімге емес айлаға бейім.  Олардың аз уақытта жинаған «абыройларын» өміршең деп те айту артық. Шынтуайтына келгенде, эпатажды азаматтардың аудиториясы жиырмаға дейінгі жастар қауымы. Буына бекіп, бұғанағы қатпаған жеткіншектердің қалауы ағысқа қарсы жүзу. Есі кірмегендер ерекшелікке еліктейді және ол ерекшелік асқан еңбекті қажет етпейтін болса, онда тіпті керемет. «Өзімді неғұрлым еркін ұстасам, ата -ананың тыйымдарына мән бермесем, аламанда алдыда болам» дейтін күмәнді күшке сенеді. «Күштімін дейтін сөздің өзінде күш бар» дейді, кейбіреулер. Алайда телеарнадағы шоу мен шын өмірді шатастырмау керек. Киноның сценариі секілді бағдарламаның да мәтіннен басқа сценариі бар. Жұлдыздардың рольдері бар. Келісілген сұрақ-жауап, ойластырылған оқиғалар бар. Маржанның асау мінезі телеарнада ұтымды көрінуі мүмкін. Алайда, сіз сол  өктем мінезді өмірде көрсетсеңіз көпшілік астыңызға көрпе төсеп, абыройыңызды арттырады деп айта алмаймын.

Шындығы сол, шатақ шығарып атаққа жететіндердің мерейі мезгілімен бітеді. Егер, олар естері кіріп, ел қатарлы еңбек етпесе. Неге? Өйткені жас аудитория өседі. Таным тереңдеп, түсінік тұрақтайды. Жұлдыздар сол қалпында қалғанымен, табынушылардың талғамы өзгереді. «Жоқ, сол еліктеуден шыға алмай қалады» деп қауіптенулеріңіз заңды. Бірақ пайым -парасаты піспегендердің өздері жасы келгенде жаңағы жұлдыздарды жақтырмайтындай кейіп көрсетеді. Сырт көз болып, сынайды. Әйтпесе, ортасы ой өрісі өспеген деп ойлауы мүмкін. Мұндай кемсітуге өзін-өзі өте жақсы көретін қазақ азаматының психикасы шыдамайды. Сондықтан сары уайымға салынуға себеп жоқ. Ал келесі «кейінгі буын» жеткіншектері жасақталғанша мына «мінезді» жұлдыздардың жасы келіп, келбеті өзгереді. Бұрынғыдай бұрымын қырықса да, қыра алмайды. Жасы келген соң, тентек мінезді қаласын, қаламасын тыйуға тура келеді. Сол кезде қазіргі «шатақты жұлдыздар» шынайы жұмыс істеп,  білімі мен кәсібилігін көрсетеді немесе жерге түседі.

Мақпал Мейірбекқызы

Астана

сурет elarna.kz сайтынан алынды

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар