Қайсар Қауымбекұлы 1987 жылы туылған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Қазір Алматы қаласында тұрады. Қалалық, республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы.
САЙРАМ
Тентек жел кәрі шыңды масқара қып, Жаулығын төбесінен қашқан алып. Сол сәтте жер бетіне түседі екен Көгілдір аспан ағып.
Көсілген көкжиекті көрпе қылып, Күңіреніп жатырмысың тербетіліп?! Толқыны толағай бір ғасырлардың Тұрғандай сенде тұнып.
Әлдебір алып күшпен Көк-жасыл жаралдың ба жарық түстен?! Ғарыштан көк тәңірдің қасіреті Көктемнің көз жасындай ағып түскен.
Бір түйір тамшыңнан да шер төгіліп, Толқының танытпайды ерке қылық. Сәл терең тыныс алсаң кететіндей, Айдының аласұра төңкеріліп.
Жазира шер-мұңыңмен, Жанарда тұнған мұңды мөлдіріңмен. Жатырсың күте-күте көк аспаннан, Ғашығың келетіндей телміреумен.
Жап-жасыл жанарыңнан сағым ұшқан, Бұрқанып кезің де жоқ алып-ұшқан. Көгілдір мен де өзіңдей көктем едім, Сарғайып кеткем сондай сағыныштан.
Түйілер маңғаз таулар биік мүсін, Алардай ақ төсіңнен сүйіп-құшып. Пенделер, тербемеңдер, жерлемеңдер, Тәңірдің жерге қонған сүйіктісін! 2007
ІЛЕ
Ілем менің , Түнермегін – шерлі анам, Сені күтіп жатыр алда кең далаң. Мен де қалдым арман – тауға бара алмай, Сен де қалдың арнаң толмай сорлаған.
Сен жыладың Балқашыңа кете алмай, Мен жыладым қалқашыма жете алмай. Жұртын аңсап бота көңіл боздайды, Бұлқынады бұғаудан бір босанбай.
Сен де ортайдың, сан тарау боп бүліндің, Мен де ортайдым, мың сүріндім, жығылдым. Үні естілер жағалаудан іңірде, Үйірінен адасқан бір құлынның.
Толқыныңды ұзатып сап сан асау, Тарылдың ба, беу, ілемнің жағасы -ау! Сені күткен қасіретті Балқашың, Мені күткен қасиетті Алатау.
Түнермегін! Ілем менің – мұңлығым, Сізге пана, бізге пана кім бүгін?! Бетон жүрек, безбүйрек бұл ғасырда , Бауырлар да іздемейді бір-бірін!
Толқып-толқып сенен де енді құм қалар, Өртей-өртей менен де енді күл қалар. Жүрек жылтар Жетісудан тым құрса, Жетпей қойды-ау, екеумізге бір хабар!..
Тасып-тулап сенен де енді тас қалар, Жасып-жылап менен де енді жас қалар. Еңіреп кеп етегіңе құлаймын, Екеумізге жоқ қой енді басқа амал?! 2006
ӘУЛИЕШОҚЫМЕН ҚОШТАСУ Қайырлы болсын сіздерге, Бізден бұл қалған Еділ жұрт. Қазтуған жырау Әулие дейді ел, (Өз басым сенем), Бар кие дейді ғажап бір. Көктемнің одан көз жасын көрем, Бесігі болған азаптың.
Қаралы нардың шудасындай боп, Қап-қара бұлт кеп ілінер. Күнбидің асқақ тұлғасындай деп, Сыйынған кеше дүйім ел.
Қызғалдақ терсе гүл қыздар келіп, Күрсініп қалар кейде бір . Түн бойы көктен жұлдыздарды еміп, Тұрады ауыр ой көміп.
Батырып күнді, таңды да атырып, Тәңірден медет сұраймын. Басымды сосын баурына тығып, Өзім де өксіп жылаймын.
Күн шығар тұстан жеткен деседі, Кеудеңе батқан қорғасын. Тас болып сосын кеткен деседі, Үйсіннің ұлы ордасы.
Сол Тәңіртауым туғызған күй көп, Өшіре алмас енді ешкім. Таң алдындағы жұлдыздай сиреп, Бірсін де бірсін ел көшті...
Бір асқақ күй ең қобыздан жеткен, Құлаштап салған хан бабам. Ұлы асқақ Үйсін, Оғыздар өткен, О, қайран, менің тау-далам!
Қош енді, Саған сүйеніп өстім, Мәңгі асқақ, дарқан құз – кеуде. Бізден бұл қалған киелі көк шың, Қайырлы болмас «Сіздерге»!.. (2006)
* * *
Айбарлы ата жауымның есігінде өсіп, Жетімім қаңғып жоғалған, жесірім босып. Бетімен кеткен бүлініп, бесігін кесіп, Түзелмей кетті-ау қазақтың осы бір көші!
Сары нар таққан сол көштің бұйдасы қалған, Сұңқылдап барып басталды күй басы зардан. Сары өзен жақта ғұндардың қу басы қалған, Самарқан жақта сақтардың сырласы қалған.
Айдаһар басты ата жау қылышын бұлғап, Үш жүзім құрған шайқалтты ұлысымды ырғап. Әуелгі қалған ұл-қызым, туысым қымбат, Тәуелді болған тізгінім, құрысын бұл бақ!
Оң иығыма күн сүйген қыранымды алдым, Сол иығыма құл сүйген құранымды алдым. Қозғап бір келем қайғысын бұла қырлардың, Боздап бір келем үстінде құла құмдардың.
Көк бөрі текті тұқымы ем бағызы көктің, Көктегі күн, ай - куәсі жазығы жоқтың. Көк туым сені көрдім де қазығым еттім, Көк тәңір өзің қолда деп тағызым еттім! 2006
* * *
Көктемдей тұнық ғұмырмын, Көзіне толған шайырдың. Мөп-мөлдір мұңды шырынмын, Безінен тамған қайыңның.
Көкжиектегі қан-қызыл. Таң алды туған жұлдызбын. Көктемге көрпе салғызып, Маңдайын сүйдім күн–қыздың.
Көзімді ашсаң өзің біл, Тұншығып жатқан тұмамын. Бұлқынып тұрған кезім бұл, Булығып қанша жыладым!
Өзегімді удай кек қысып, Бөрімін жортқан аулаққа. Еркелеп ессіз, көп күшік, Етегіме енді жармаспа! 2006
* * *
Бала едік қой, бала едік, балғын ой көп, Балалықты біліппіз мәңгі ғой деп. Мені өсірген өзімнің «пайғамбарым» Жолдасы еді әкеңнің қанды көйлек.
Бірге ойнадық, бірге өстік, бөлінбеуші ек, Бүйтер ме едік сондағы көңілге ерсек?! Қылығыңа мәз болып, қайран атам, Тұлымыңнан иіскеп «келін» деуші ед.
Ал мен тентек білуші ем бір бәлені, Сол сөз үшін жүрегім құрбан еді. Қыдырлы өмір шалдардың шарапаты, Құлын көңіл сезімнің құндағы еді.
Бүлінді бақ, ақ көңіл шал да кетті, Бөлтірік ем, бақты өмір, Арлан етті. Бұрымыңдай екіге бөлінді ірге, Бұлттай бастан ай мен жыл аунап өтті.
Жалған өмір күттірген баққа бола, Жалғыз жортып кетіппін жат қалаға. Сеніміңді сезбесем, кешір мені, Сері күнді кешірсін хақ тағала.
Жібек мінез періштем сен едің ғой, Жетелеген жақсы аға мен едім ғой. Адал, аңқау, о, менің махаббатым, Аяқталмай қалған бір өлеңімдей.
Тұғырдағы құс едік шал қайырған, Түлеп ұштың, алмайын шалғайыңнан. Саған жар да, маған жат бақыт көрдім, Менің атам иіскеген маңдайыңнан. 2006
* * *
Бөлек тағдыр екенбіз-ау, кеш білдім, Бөлек жолда екенбіз-ау, кеш, құрбым. Шер қозғаған күңіренгіш қобыздың, Шаң қонбаған шанағындай ескірдім.
Шемен болған шер кеудемнің селісің, Өлең қоған зор кеудемнің сорысың. Сенің жаның ауырмайды мен үшін, Менің жаным ауырлайды сол үшін.
Кірпігіңе кіріптармын, боданмын, Күнәсін де білмейсің сен обалдың. Құла дүзде маңыраған Қозымын, Құла құмнан құдық қазған Қодармын.
Қолыма енді қонбай-ақ қой, қонбасаң, Сенен маған түсіп еді жол қашан?! Мені қойшы, сені аяймын, «жаман» қыз, Бүйтер ме едің бақытсыздау болмасаң.
Өшірместей өртің қалды қоздаған, Шешілместей сертім қалды боздаған. Құрғыр қыз-ау, енді сені жыр етпен, Бұл жырды да саған арнап жазбағам. 2011
КӨКТІҢ ҚЫЗЫ
Саған деген сағыныш батты жанға, Көтермейді көңілді шат-думан да. Аспанына асыққан перизаттай, Кете бардың оранып ақ тұманға.
Күміс бояу сәулелі кірпігіңді, Көргенімде кеудемнен түн түрілді. Қарманып ем, қапыда жете алмадым, Құшағыма ақшулан бұлт ілінді.
Көктің қызы-ай, көркіңде басқа мін жоқ, Өзің жайлы естіген дастаным көп. Әлі күнгі айтпаған бірақ ешкім, Сені мұнша сезімсіз, тасбауыр деп.
Саған тәңір сыйлапты-ау текке қанат, Өзегімді өкініш өтті аралап. Жерге қайта білсем де қонбасыңды, Көкбөрідей ұлыдым көкке қарап.
Нілдей қара қайғыммен қан бойлаған, Қарай-қарай қалшиып тауға айналам. Көшті бұлттай кеудемде сағынышым, Ескі жұрттай құлазып қалды айналам...
КЕШІККЕН КӨКТЕМ ТУРАЛЫ
Тереземнен сыңсиды үні жел қыздың, Меңіреу бақ мелшиеді тағы үнсіз. Кеудесінен барады аунап мезгілдің, Қары жұқа, қасіреті қалың қыс.
Әлдеқайдан келе ме ұшып құс біткен, Анау қайың неге көкке талпынды, ал?! Көктем неге кешікті деп түстіктен Күн сап қарап тұрады ұзақ шал шыңдар.
Кәрі таудың көкірегін сілкілеп, Күмбір-күмбір күрсінеді күрең күн. Бұлттар көшті көз алдымда дүркіреп, Боз күліктің үйіріндей кілең бір.
Күн бұзылса ойлар буып не түрлі, Көкем менің жаңа туған төлге алаң. Көктем деген күнікей қыз секілді, Келем десе кешікпейді ол. Сен маған!
ІЛЕНІ ҚИМАҒАНДА
Арнасының аяғы у, алды балдай. Қайдан білсін қаларын тағдыры оңбай. Ирелеңдеп іңірде ағады Іле, Алтын құмға аунаған абжыландай.
Тағдырымды тапсырған, қайран Ілем, Жар құмыңды жастанған жайдары Ілем. Бұрымынан иіскеп бұла қыздың, Ай астында тілдескен айлағым ең.
Жүзіп өтсе жылыстап жай бетіңмен, Жирен жалы толқындап ай да есілген. Жетімсіреп тағы да жалғыз өзім, Жетісуға қайтармын қай бетіммен?! 2012
ОРАЛМАН
Түбірім - терең, тұғырым - емен, Тірімін әлі, Тұраным, оңда! Ғұмырым - қыран, тұнығым - өлең, Құбылам - қағба, құраным қолда.
Сері де менмін, шері де менмін, Қызылдың қырғын үркіні келген. Бел асып кеткен бөрі де менмін, Төсімді түгел Түркі, Ғұн емген.
Төбең де менмін, төрең де менмін, Сүйегім аппақ, тұмарым аман. Шерді де жұттым, шемен де болдым, Құл басқа шықса, кінәлі - заман!
Зар мұңым жырда, азабым күйде, Тағдырым қимас бақты ойлай бердім. Бөркімді алған әзәзіл-дүние, Бетімнен неге қақпайлай бердің?!
Қазығым елде, азығым көпте, Ажырап қалған солардан қолым. Тамыры жерде, тәңірі көкте, Ғұмыры бұраң "оралман" болдым! 2012
Пікір қалдыру