Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Беларусь Республикасындағы Қазақстан елшілігінің аға есепшісін ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық бюро мәліметінше, Сейдуалиев 2012-2015 жылдар аралығында 207 000 доллар көлемінде бюджет қаражатын жымқырған. Ол "Активбизнесплюс" ғимаратын салған бас мердігерге ақшалар төлденді деген кассалық ордерлердің шығынына қатысты құжаттарды жалған дайындаған.
"Сондай-ақ, Сейдуалиев осы уақыт бойы елшілікке Беларусь Республикасының салық органдарынан қосымша құн салығы ретінде қайтарылған 474 883 доллар көлеміндегі қаражатты жымқырған. Бас есепшінің жымқырған қаражатының жалпы сомасы - 681 883 доллар", - деді баспасөз қызметіндегілер.
ҚР СІМ аталған жағдайға қатысты түсінік берді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
"Біз бұл туралы білеміз. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіндегілер жемқорлыққа әрдайым нөлдік төзімділік принципін ұстанады. Біз осы істі тергеу үшін құқық қорғау органдарына барынша көмектесеміз", - деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.