Қазақ киносында жаңа кезең
Бүгінгі таңда отандық кинематография өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Оның дәлелі – «Қазақфильм» киностудиясы жылына ондаған көркем фильм, деректі және анимациялық фильмдер шығарып, олар жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болумен қатар беделді халықаралық сыйлықтар алуда.
Еліміз жалпы жаһандық сипат алған экономикалық дағдарысқа қарамастан мәдениет саласына қомақты қаржы бөліп, келешегі кемел деген жобаларды қолдап отыр. Бұл шаралар «Мәңгілік ел» идеясынан өзек алып, орнықты, табысты мемлекет құрудың бір шарты ретінде еліміздегі барша ұлыстарды біріктіруші қазақ халқының болмысын, ұлттық сипатын сақтап, одан әрі нығайту міндеттерінен туындауда. Осы ретте Қазақстанның мемлекеттік стратегиялық жоспарлары, 5 институционалдық реформа аясындағы «Мәңгілік ел» кешенді жоспарын іске асыру мақсатында ұлттық фильмдер өндірісінің арнайы жобасы әзірленген болатын. Жоба аясында «Қазақфильм» киностудиясы «Қазақ Елі» көп сериялы тарихи телесериалын түсіру жұмыстарын қолға алды, бұл киножоба телепрокатқа 2017 жылдың наурыз айында шығады. Аталған жобаға осы идеяның авторы – ҚР Президенті Н.Назарбаев ерекше көңіл бөліп, фильмнің түсірілу барысын өзі тікелей қағадалап отырды.
Жалпы, еліміздің ежелгі дәуірлерден бергі тарихын баяндайтын, қазақстандық біртектілікті нығайтуға қызмет ететін фильмдер тақырыбының ауқымы өте кең. Бұл киноөнімдер қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігінің тарихи маңызды кезеңдерін қамтиды және қазақстандық патриоттықты, тарихи сананы қалыптастыру мақсатында туған дүниелер екендігімен де ерекше. Жобаның алғашқы туындысы, Тәуелсіздік күні қарсаңында тұсауы кесілген «Алмас қылыш» фильмі – «Қазақ елі» киносериалының кинонұсқасы. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген бұл фильм еліміздегі ірі әлеуметтік-мәдени құбылысқа айналды. Бүгінгі күні бұл туынды көрермендер тарапынан жоғары бағалануда.

Киностудия қызметінің жаңа кезеңінде тарихи жанрға айрықша назар аударып, осы бағыттағы киноөнімдерге басымдық беруі Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғынуға септігін тигізетіні сөзсіз. Өйткені, бұл фильмдерде Қазақ мемлекеттілігінің қалай пайда болғаны және ата-бабамыздың азаттық жолындағы жанкешті күресі бейнеленеді. Әсіресе, тарихи мәліметтерді негізінен кинолардан, телетуындылардан алатын жастар үшін бұл фильмдер аса қажет. Тарихшылардың айтуынша, мұндай идеялық қуаты зор кинолардың тарихи сананы тәрбиелеуде, ұлттық рухты көтеруде маңызы зор.
«Алмас қылыш» фильмі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының желісімен түсіріле отырып, беделді тарихи деректерге сүйенген. «Көшпенділер» фильмінің тәжірибесін барынша ұтымды пайдаланған шығармашылық топ еңбегінің нәтижесінде сапалы туынды дүниеге келді. Фильмнің сценарийін жазған Тимур Жақсылықов, Смағұл Елубай пен Рүстем Әдірашев тарихи тұлғаларды ірі уақиғалар ауқымында айшықты көрсете білген.
Қазақ мемлекеттілігінің жылнамасында ерекше кезең саналатын ХV ғасырдағы тарихи уақиғалар барысында жаңа мемлекет саяси сахнаға шықты. Тарихты тұлғалар жасайды – Жәнібек пен Керей бастаған қауым әлемге Қазақ хандығы, Қазақ мемлекеті келгенін паш етті. Ерлікке толы дәуірде өмір сүрген қаһарман тұлғаларымыздың қиян-кескі күресінің мақсат-мұраты біреу-ақ, ол – ұлт болып ұйысу, еркін ел болу. Осылайша, ел бастаған хандар мен қол бастаған батырлардың, оларды қостаған бүкіл қазақтың арманы бір арнаға тоғысып, Қазақ хандығы шаңырақ көтерді. Атырау мен Алтай, Алатау мен Арқа арасындағы ұланғайыр дала жұрты көшпенділердің алтын бесігін бір мемлекетке айналдырды. Кейінгі ұрпақтарына мәңгілік мирас етіп қалдырды. Сол бабалардан қалған мемлекеттілікті баянды ету – бүгінгі «Мәңгілік елді» мұғдар тұтқан қазақстандықтардың да асыл мұраты.
«Алмас қылыш» фильмі көрерменге аса таныс емес жаңа, талантты есімдерді ашып берді. Фильмдегі басты рөл – Керей ханды Қайрат Кемалов, Қасым сұлтанды Мейірғат Амангелдин, Шаһмұхамедті Ниязбек Шайсұлтанов, Жаһанбикені Мәдина Есманова сомдаған. Кино мамандарының айтуынша, актерлар тарихи тұлғалардың рөлдерін тамаша алып шыққан.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «қазақ халқының ұлттық сана-сезімін көтеретін туынды» деп бағалаған фильмде шығармашылық топ қазақтың тұңғыш қайраткерлерін мемлекетшіл, халықшыл, кемеңгер тұлға ретінде көрсете білген. Бұл да аталған туындының бір жетістігі. Жалпы, киностудия жанынан құрылған Сарапшылық кеңес құрамындағы Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Смағұл Елубай, Сатыбалды Нарымбетов тәрізді танымал режиссерлер мен продюсерлер, кинодраматургтер, жазушылар, қоғам қайраткерлері қазақстандық аудиторияның мүддесіне сай фильм түсіру міндетінің үдесінен шығуды мақсат тұтады. Соның нәтижесінде соңғы бірнеше жылда «Қазақфильм» тарихи туындылардың тұтас бір шоғырын көрерменге сыйға тартты. Бұл, өз кезегінде, көрермендер тарапынан ұлттық киноға деген қызығушылықтың өсуіне ықпал етуде. Сонымен қатар, айтулы мамандардың ақыл-кеңестерін ескеру кинотуындылардың экрандық ғұмырының ұзақ болуының да кепілі болмақ.
Осы ретте қазақстандық мәдениет саласының басшылығы ұлттық мәдени мұрамызды, рухани құндылықтарды заманға сай жаңғыртып, халыққа ұсынуда бастамашылдық танытып келе жатқанын айта кету орынды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, нақтырақ айтсақ, министр Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей кеңесшілік етуімен түсірілген «Қазақ елі» анимациялық фильмі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Так сложились звезды» киноэпопеяны, «Дешті-Қыпшақ: құпия белгілер» деректі фильмі, «Аманат» тарихи көркем фильмі, «16 қыз» комедиялық фильмі, «Анаға апарар жол» (бас продюсері Әлия Назарбаева) тарихи драмасы, Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында Алматыда құрылған қазақ полкінің ерлігін паш еткен «28 панфиловшылар» фильмі іспетті туындылар да өткен жылы көрермен аудиториясына жол тартып, көпшіліктің көзайымына айналып жатыр. Өйткені бұл көркем картиналар шын шеберлердің қолынан өткен, халқымыздың «тар жол тайғақ кешкен» тағдырынан сыр шертетін дүниелер. «Аманатта» әйгілі қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың тұлғасы сомдалса, «Анаға апарар жол» Ата жұртынан ауған елдің боздағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, одан қудалауға ілігіп, тағдырдың теперішін көрудей-ақ көргені сонша, жазықсыз темір торға қамалып, ақыр соңында туған елімен, ғазиз анасымен, сүйген жарымен табысқан аңсарлы сәтпен тәмамдалады. Фильм қазақ рухының асқақтығына арналған ән іспетті биік нотада шырқалған. Үздіксіз жалғасқан оқиғалары үстемеленген сайын ширыға түсетін фильм сөз жоқ сәтті дүние болып шыққан. Сондай сәтті дүниенің бірі – «28 панфиловшылар» дер едік. Осы күні өткен-кеткенді жоққа шығарып, теріс баққан әлдекімдер «панфиловшалардың» ерлігін тәрк етуде. Оларға салсаң Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен жалғыз халық – орыс халқы болып есептеледі. Асса славян тектестер ғана. Бірақ, замана шындығы ұмытылып кетпейді. Ол жадымызда жаңғырып көркемдік ойдың кеңістігінде өмір сүреді, жаңа деректі құжаттармен толығып, құпиясын аша түседі. ҚР Мәдениет және спорт минситрілігі мен РФ Мәдениет министрлігі біріге отырып жеке киностудияның түсіруіне мүмкіндік берген «28 панфиловшалар» қазіргі кино әлемін жаулап алған жалған «батырлардан» жалыға бастаған көрерменге шын ерлікті әйгілеп берді. Аталған тарихи фильмді алдымен екі ел басшысы көріп, ризашылықтарын білдірген болатын.
Қазақ киносының қазанын қайнатып, қазақ киносының жаңа кезеңін қалыптастыруға білек түре қызмет етіп жүрген мамандардың осы бағыттағы еңбегі былтырғы жылы мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Атап айтсақ, мәдениетке қосқан үлесі үшін «Қазақфильм» АҚ-ның Вице-президенті С.Жұбандықов, кинорежиссерлер Рүстем Әбдірашов пен Сатыбалды Текеев «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұмамедиұлы Ресейдің 2016 жылғы «Жыл адамы» атанды.
Қазақстандық көрерменнің көңілінен шыққан сапалы кинотуындылар алдағы уақытта халықаралық кинозалдарға жол тартпақ.
Арайлым Мелдешова