«Ratel.kz» сайтында Ермек Тұрсыновтың «Мен Алтынбекті Пиночет, ол мені Чон Ду Хван деп атаушы еді. IІ Бөлім» деген орыс тіліндегі материал жарық көрген болатын. «Қамшы» порталы Алтынбек Сәрсенбаевқа қатысты жазылған мемуарды (естелікке толы жазба) қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынуды жөн санады. Мемуардың І бөлімін де «Қамшының» бетінен оқи аласыз, құрметті оқырман!
Мормондар мекенінде
Бекер күлесіз. Шынын айтайын, іш пыспайтын жер. Жергілікті халық дінге қатты сенеді. Адамгершіліктері жоғары. Жезөкшелікке ресми рұқсат берген Неваданың көршісі болса да әдеп пен ар-ұятты жоғары қояды.
Мормондар мекенінің тарихы қан төгуден бастау алады. Америка жерлерінің пайда болу тарихы сондай ғой. Өзге жерден көшіп келгендер жергілікті халыққа соғыс ашады, ақыр аяғында шошондардан жерді тартып алып, көсемдерін өлтіріп, қала салады. Сосын храм мен шіркеулерді бой тұрғызады. Кабактар мен кеңселерді де тұрғызуды ұмытпайды.
Әр жексенбі сайын мен бөлме жалдаған үйдің иесі Монти мені оятып, шіркеуге баруға шақыратын. Бармасаң ренжиді. Қалың мормондардың арасында олардың поптарының айтқан әңгімесін тыңдап бірнеше сағат бойы отыратынмын. Шіркеу басшысы ақиқат жолы, күнәға батпау жайында, бүкіл адамзаттың баянды бақыты жайлы уағыз айтып, «Мормондар кітабынан» үзінді оқып беретін. Соңына қарай жиналғандарды бір аралап шығып, әрқайсысына бір тілім нан ұстататын. Христостың нанын оның «бөлшегі» ретінде үндеместен аузыма салып, оның «қаны» ретінде су ішетінмін.
Шындығымды айтсам, басында күн көрісім нашар болды. Үнемдеуге тырысатынмын. Мормондар мекенінде дұрыс тамақтануға қатты көңіл бөледі. Мен болсам, қара достарыммен бірге «Макдоналдсте» тамақтанып жүрдім. Кірімді шылапшынға салып, қолмен жуатынмын. Бала күнімнен ұнатпай жүрген піспеген көкеністерді жей бастадым. Тіпті бір рет барып ақшаға қан тапсырып келдім. Ондағы ойым пәтерақысын төлеу. Қысқасы, күнімді әрең көрдім.
Мормондардың құдайы маған қарасты ма, білмедім, әйтеуір бір күні қалталары қалың, таныс-тамырлары көп мормондармен таныстым. Олар өздерін Әулие Христос Иисустың соңғы күндері шіркеуінің инвесторларымыз деп таныстырды. Маған жалғыз сұрақ қойды – Христосқа қалай қарайсың? Мен ойланбастан бірден оны ұнататынымды айттым. Онымен кездесуді, көрісуді армандамасам да бағалаймын, құрметтеймін. Менің жауабымнан кейін олар менің қолыма Мормондардың кітабын ұстатты да демалыс күніне кездесу белгіледі.
Бір апта бойы аталмыш кітаптан бас алмадым. Түсінбеген жерлерімді Монтидан сұрап отырдым. Кітаптан еш ерекшелік байқамадым. Кәдімгі Библия. Маған ұнағаны шыншыл мормондардың көп әйел алуға рұқсат бар екен.
Белгіленген күні қаланың сыртындағы үйде кездесіп, шұжықтар қуырдық. Ресми емес жағдайда әңгімелесіп, мен «Құдайды тану» деген қысқаша атаумен әлеуметтік ролик түсіретін болып келістік. Әңгімеміз де, жеген шұжығымыз да көңілімнен шықты. Үш айдан кейін «Макдоналдстен» тамақтануды қойдым. Шіркеуге жиі бас сұғатын болдым. Ондағыларды құлақ салып тыңдайтын болдым.
Күтпеген қоңырау
Солай үш жыл өтті. Азаматтық алуға грин-карт та тапсырып, жақсы ауданнан пәтер жалдап, жұма сайын блюз тыңдау үшін «Қара жесір» деген барға баратын болдым. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – мормондардың өз адамына айналдым. 1993 жылы телефоным шырылдады. Бұл күтпеген қоңырау болды. Ол Алтынбек болатын.
- Ей, қаңғыбас, қайда жүрсің?
Бірден қоңырау шалушы кім екенін есіме түсіре алмадым. Телефоннан шыққан дауыс өткеннің жаңғырығы сияқты естілді.
Алтынбек араға күн салып қоңырау шала берді. Өзінің министр болғанын, белгілі ресурстарды басқаратынын, алда үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын, жанына сенімді серіктер қажеттігін, мен дәл сондай адам екендігімді айтып «есің барда еліңді тап» деп ақыл-кеңес айтты. Бойымда реваншисттің рухы оянды (кек алуға, жауап соққы жасауға ұмтылу). Кек алауы онсыз да тұтанып тұрған болатын. Көп созбай шамаданымды жинадым да тайып тұрдым. Қазақтарға.
Мормондар кетер кезде жанарыма ұзақ қарады да жандары ашып, арқамнан қағып шығарып салды. Қазақтар жайлы мен білмеген дүниені солар іштері сезіп, біліп тұрғандай болды.
Алтынбек мені құшақ жая қарсы алды. Мен келгенге тіпті мәз-мейрам болғандай.
Мен болсам, қазақтың жүзін көргенге бал-бұл жайнап жүре бердім.
Ойыншылар ойын үстөлінен тұрмауы шарт
Алтынбек жалған сөйлемепті. Шынымен де министр екен. Баспасөз және қоғамдық ақпараттың. Бұл министрлік сол кезде осылай аталушы ма еді? Қайдан білейін, атауын маусым сайын ауыстыра беретін құрылым ғой...
Маңыздысы ол емес. Бастысы Алтынбек екінің бірі түгіл, миллионның бірі кіре бермейтін «тар кеңістікке» жолдама алды. Ол жақта бәрі күрделі. Ұтыс қоры да үлкен, бәйгеге тігелетін де мөлшер де қомақты. Дәл бүгін қандай орынтаққа жайғасқаның да маңызды емес. Бүгін сен Мәдениет министрісің, ертең ҚК-нің хатшысысың, арғы күні вице-премьер, мемлекеттік хатшы, ҰҚК төрағасы орынбасары. Солай айналып кете береді.
Ойыншылар ойын үстөлінен тұрмауы шарт. Карталар үздіксіз таратылады. Ойынға мұқият болу қажет. Кез келген уақытта саған жалған карта ұстатып, орныңды босат деуі мүмкін. Бұл өтініш болуы да, бұйрық болуы да ғажап емес. Қысқасы, кәдімгі ұрыс майданы. Есесіне алатын «еншің» де тәуекел етуге тұрарлықтай.
Көптен көрмеген жора-жолдастарым осыны маған айтумен, түсіндірумен әлек болды. Алғашқыда өзге елге оралғандай әсер алдым. Мемлекеттік құрылымдық жүйесі жаңарған жаңа Қазақстан. Таң қаларлығы, Алтынбек барлық жерде де негізгі рөлді сомдаушылардың бірі болды. Алынбайтын қамал сияқты есіктерді Алтынбек теуіп кіріп ашып, оңаша әңгіме-дүкен құрады деп естідім. Оның беделі зор, көбісі оны мұрагерлікке басты үміткер санайды, сырттай «сұр кардинал» (тарихта саясатта жүрген беделді адамдарды солай атаған. Олар өздері таққа жайғаспаса да сөздері өтімді болған. Былайша айтқанда, билікті астыртын жүргізген) дейді дегенді де құлағым шалды. Маған қосып айтқандарын сосын ғана білдім, алайда әр әзілде бір шындық бары рас.
«Кардиналмен» жолықтық. Сөйлестік. Алтынбек қатты өзгеріп кеткен. Бұрынғы қарапайымдылықтан түк қалмаған. Балалықтан да. Бүкірейіп жүретін ол бойын тіктеп алған. Салмақтылық, байсалдылық пайда болған. Ішкі түймелерді түймелеп, әмбебап шенеуніктік камуфляж киіп алыпты. Қарап тұрсаң, сол Алтынбек, бірақ ол емес. Бір сәтке жанарында жасөспірімдік ұшқын пайда болады да өшеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Алтынбек «аға» атанды. Ағаға сай болуға тырысты.
Қоршаған ортасы әсер етпей қоймады. Жалғыз жүрмейтін болған. Қасында қолшоқпарлары бар. Олар бастықтарының түшкіргеніне де күлуге дайын еді. Ондайға шыдау қиын. Не көну керек, не өсу керек. Біреудің ол қолынан келсе, біреу шыдас бермейді. Нәтижесінде, азаматты билік бұзып тынады. Оның кесірінен адам өмірбақи «пубертантты» (жыныстық пісіп-жетілу кезеңі-ред.) кезеңде қалып қояды.
Өзі білсін дедім. Ұнаса, мейлі. Өзінің өмірі ғой. Ойнар, жалығар, қояр. Иығында басы бар дедім. Бастысы іспен шұғылдану, содан кейін қандай жолды таңдайды өзі біледі.
Содан соң ақылды адамдардың маған айтқаны бар: бұл жерде басқаша болуы мүмкін емес. Қасқырмен өмір сүрсең...
Саясаткерлердің доп тебісі
Мен жұмысқа кірістім. Телевиденияда. «Қазақстан» арнасында «Спорт плюс» деген бағдарлама аштым. Бағдарлама рейтинг жинай бастады.
1997 жылы Алтынбек мені «Қазақстанның телевидениясы мен радиосы» републикалық корпорациясының бас директоры етіп тағайындады. Аталмыш корпорацияға «Қазақстанмен» қатар «Алатау», «Шалқардың» радиосы мен газеті, телебағдарламасы кірді.
Бірінші кезекте бас корпустағы жөндеу жұмыстарын қолға алдым. Ғимараттың сылап-боялмағанына біраз жыл болған екен. Тіпті соңғы рет қашан болғаны ешкімнің есінде жоқ. Бәрін ауыстырдық, тазаладық. Әктедік. Боядық. Өң кірді.
Бағдарламалар кестесін жаңарттық. Жарнама берушілер көбейді.
Ара-тұра Алтынбекпен көрісіп тұрдық... Футбол алаңында.
Өліспей-беріспеуші еді олар: Үкімет Парламентке, Баспасөз министрі басқа министрліктерге қарсы ойнайтын. Былайша айтқанда, саяси истеблишменттің (ықпалды топтар) жұлдыздарының (мен ол кезде тани қоймайтын) қатуысымен өткен принципиалды матчтар болатын.
Маған кіммен ойнау маңызды емес еді. Орыстардың мақалы бар «Моншада бәрі бірдей» деген. Мен тек кейбіреуін есіме сақтадым.
Әлихан БАЙМЕНОВ, жақсы ойнайтын. Ойлы. Сараң емес.
Серік ҚОНАҚБАЕВ – шебер деуге болады. Алаңдағы интеллектуал.
Шәріп ОМАРОВ табиғатынан ірі денелі, ұзын бойлы азамат болатын…
Дала жауынгері атой салды...
ЕРТІСБАЕВ ұнамайтын маған. Ойнай алмайтын, құр айғайлайтын. Пас беру дегенді білмейді. Команданы көзге ілмейді. Голды өзі-ақ соққы келеді. Тыраштанады. Ондайларды футболда ұнатыңқырамайды.
Алтынбек мені маңызды деген матчтарға ғана шақыратын. Жеңгендерге жеңілгендер бір жәшік сыра әперіп, тегін моншаға паратын.
Не деймін? Біреудің есебінен жиі жуынатынбыз. Сыра да іштік.
Оған қызық лақап ат қойдым – Пиночет (Аугу́сто Хосе́ Рамо́н Пиноче́т Уга́рте – Чилидің мемлекет және әскери қайраткері). Түрін сондай сұсты қылып жасап алатын. Ол болса мені Чон Ду Хван (Кореяның мемлекет және әскери қайраткері. 1980-88 жылдары Корея Республикасының президенті) деп атай бастады.
Бәрі қалпына түсе бастағандай болды.
1998 жылы адам түсініп болмайтын оқиғалар орын ала бастады.
Аударған: Жазира Байдалы