Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы жерінен 2012 жылы «Алтын әйел» қаңқасы табылған. Зерттеушілер бұл туралы зерттеу қорытындыларын жариялады. ҚазАқпараттың жазуынша жерлеу жүргізілген кешенді археологтар «Тақсай-1» деп атап отыр. Қорғанның атауы осы маңдағы Тақсай стансасы атауына байланысты.
Зерттеушілер бұл көне қорымды сармат кезеңіне жатқызады. Қорғаннан биіктігі бір метрден асып кететін 80 алтын әшекей табылған. Мұндағы ерекше бұйымға бұрын кезікпеген алтын тарақ жатады. Тарақтың бетінде сол замандағы сақтар мен парсылар арасындағы шайқастың көрінісі бейнеленген.
«Алтын әйелді» жерлеу дәстүрі зороастризм дәуіріне жатса керек. Өкінішке орай, әзірге сүйектері нашар сақталғандықтан, әйелдің жас шамасын анықтаудың мүмкіндігі туған жоқ. Бұдан бөлек, онымен бірге екі күзетші әйел жерленіпті. Лабораториялық зерттеулердің нәтижесінде қорымның біздің дәуірімізге дейінгі 4-5 ғасырларға жататыны анықталды», - дейді археолог Мұрат Сыдықов. Оның айтуынша бұл қорғандарға бұған дейін ешкім тиіспеген, тонауға ұшырамаған. Қорымның қасында және екі қорған бар екен, бұл жерлерге қазу, зерттеу жұмыстары келер жылдары жүргізілмек. Қорымнан аттың ауыздығы, тұрмыстық заттар, сондай-ақ әшекейлер табылған. Шамасы, бұлардың бәрі жерленген әйелге ана дүниеде керек болады деген ұғыммен қойылған. «Алтын әйелдің» киім-кешегін белгілі реставратор Қырым Алтынбеков қалпына келтірген. Қорымның байлығы жерленген әйелдің сол кездегі қоғамда беделін анық байқатады. Археологтар «Алтын әйелді» зерттеуде Германия, Ресей және Жапония ғалымдарымен бірлесіп жұмыс жасапты.
Әзірге «Алтын әйелдің» өзі ешкімге көрсетілмепті . Оның тұсаукесері алдағы қыркүйек айында өтеді.

Қамшы-ақпарат