Қазақтың қайсар қыздары...

/uploads/thumbnail/20170709215437100_small.jpg

Жаугершілік заманда да қолына қару алып жауды жайпадың, отаршыл ел болған кезде де зиялы ердің жары болғаның үшін азапты ғұмыр кештің... Сонда да берілмедің, күрестің. Ұрпағыңның ертеңіне алаңдадың. Талай тасжүректер тепкінің астына алса да берілмедің, арқа сүйер қорғанышыңнан айрылсаң да жасымадың, жүрегіңнің жартысы бауыр етің балаңнан айрылсаң да кәпірлердің алдында бір тамшы жасыңды көрсетуді ар санадың... Қазақтың аяулы қыздарының атына «батыр, ержүрек, рухты», ― деген тіркес сөздерді қосып, қатар айтуымыз бекерден-бекер емес шығар. Ресейдің отаршыл саясаты кезінде, 70 жылда қаншама қазақ қыздары ащы азаптың уын ішті. Қыз деп аямады, ана деп сыйламады, қария деп тыңдамады, олар. Жүректері ет емес тас болғандардың, ер емес ез болғандардың кесірінен талай қайсар қыздарымыздың ары да, намысы да аяққа тапталды.

Ардақты аналарымызды сол заманда «халық жауының әйелі» деп «АЛЖИР» түрмесіне қамаған. Бұл азапқа толы түрме 1937 жылы сол кездегі Ақмола облысының Малиновка мекені бүгінде Ақмол ауылы деп аталатын жерде ашылған. «Алжир» атауы ― «Акмолинский лагер жен изменников Родины»дегеннен шығыпты. Ол түрмедегі өмірді өмір деудің өзіне ауыз бармайды, суреттеу мүмкін де емес... Жаны да, тәні де тазалыққа құмар қазақ қызының ондай жерде түнеуінің өзі де азап. Себебі, ол жерде тазалықтың аты да жоқ. Содан кейін қолаң шаштарының биттеп кетуі көбейе бастағандықтан, одан құтылуы үшін шаштарын аллюмини қасықпен кесуге тура келген. Бұл азапты ғұмырдың басамасы болатын. Ең сорақысы, қазақ қыздарының тыр-жалаңаш кәпірлердің алдында моншаға түсуі мен ар-намысының тапталуы еді. Оған дәлел ретінде 15 жылдың ішінде түрмеде 1507 сәбидің дүниеге келгендігін тілге тиек етуге болады. Қазақ қызы қашанда ар-намысты жоғары қояды емес пе?! Ар-намысын таптатпау үшін сол жендеттердің қолынан бұл дүниемен қош айтысқандар қаншама?! Бұл аз ғана мәләмет бізге белгілісі ғана, беймәлім, зерттелмеген дүниелер әлі де баршылық. Қор болған ана тағдыры-ай...

Сол тағдырдың арасында Шаһзада Шонанованың өмір жолы да бар. Кей жандарға белгісіз есім. Бірақ, қазақ қыздарының арасынан алғаш атылғандардың бірі болған. Иә, сіз дұрыс оқыдыңыз алғаш рет ату жазасына кесілді де, жас ғұмыр қыршыннан қиылды... Шаһзада анамыз туралы Алматы қаласы тарихының ғылыми қызметкері бірнеше деректерді келтірген. Шаһзада Шонанова Аронқызы. Ол 1903 жылы Сырым ауданында дүниеге келген. Әкесі Арон белгілі қоғам қайраткері,заңгер Бақытжан Қаратаевтің туған інісі, оқыған сауатты адам болған екен. Шыққан тегі мен әлеуметтік жағдайы болашағына көп қиындықтар әкелген. 1920 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітіргеннен кейін,1931 жылы Алматы медицина институтына түседі. Бірақ «халық жауының қызы» деген атақ оның маңдайына сор болып жабысады. Сол себептен, ол оқуын аяқтай алмайды.Алғашқы оқуынан шығарып жіберген соң, 1922-1926 жылдар аралығында Оралда губерниялық атқару комитетінде іс-жүргізуші, Сырдария губерниялық партиякомитетінде нұсқаушы қызметін атқарады. 1928 жылы Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болады. 1931 жылы білімге жаны құмар қыз Алматыдағы оқу орнына түсерден бұрын комиссия мәжілісінен кейін мынандай мәтіндегі қаулы алады: «Шонанованың Кеңес үкіметі тұсында қызмет атқарғаны, өзінің әлеуметтік тегін жасырмағандығы ескеріліп, оған оқуын жалғастыруға мүмкіндік берілсін». Бірақ қаулыда тағы да біз біле бермейтін мынадай мәтіндегі бұйрық бар: «Институт дирекциясына және студенттік ұйымдарға жақын семестрлерде Шонанованы студенттік ұйымдар мен қоғамдық жұмыстарында тексеру міндеттелсін». Оқу қабылдағаннан кейін де оған тыныштық берілмеді. 1932 жылы наурыздың 22-сінен сәуірдің 11-іне дейін Шаһзада анамызды жұқпалы бөртпе, сүзек пен шешек індеті жайлаған «Прибалхашстройдың» Спаск бөлімшесіне жұмысқа жібереді. Сол бөлімшенің бастығы әрі оқу комбинатының директоры Жамшиннің Шаһзада Шонанованың жұмысы жайлы жақсы пікір жазған анықтамасы да институтқа жіберілген. Бұл анықтама Шаһзада Шонанованың білікті маман екендігін дәлелдейді. Бірақ жоғарыдағы түрлі аңдулар мен қудалаулардың кесірінен тағы да оқуды тастауға мәжбүр болады. Солай оның оқу жалғастырсам деген арманы сол күйі арман болып қала берді. Кейін белгілі қоғам қайраткері Телжан Шонановқа тұрмысқа шығады. Осы жерде ескере кететін бір жайт бар. Шаһзада анамыз Телжан Шонановтан бұрын да басқа үйдің түтінін түтеткен. Алғашқы сүйеніші мемлекет қайраткері Ыдырыс Мұстабаев болған. Ол 1898 жылы Жаңа Семейде кедей отбасында дүниеге келіп, Семей гимназиясын атақты Мұхтар Әуезовпен бірге үздік аяқтаған. Содан кейін, ұлт үшін түрлі қызметтерде болып, небәрі 39 жасында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып қала берді. Осы оқиға да Шаһзада анамыздың өмірін одан сайын күрделендіре түсті. Телжан Шонановқа тұрмысқа шыққан соң педогогикалық ғылыми зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту коммиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлмінің ғылыми-хатшысы, әдіскер-кеңесшісі болып қызмет атқарады. Алайда, 1936 жылы қызметтен еріксіз босағаннан кейін ҚазМУ-дың биология факультетіне оқуға түседі. Алайда бұл оқуды да аяқтай алмай қор болады. 1937 жылы 21 шілдеде Телжан Шонановты «халық жауы» атты жалған жаламен тұтқындалып, 25 ақпанда ату жазасына кесілді. Өздерінің қажетті адамдардың ғана үстінен іс қозғау мақсатында түрлі әңгімелерді ұйымдастыратын НКВД-ның өзі екендігін бүгінгі күнде біреу білсе, береу білмейді. НКВД-ның жендеттері Шаһзада Шонанованың сауатты болуын, көптеген зиялы қауыммен араласатындығын, бірінші күйеуі Ыдырыс Мұстамбаевтің екендігін бұлтартпас айғақ ретінде ұстанды. Сонымен бірге өзінің бұрын аяқтай алмай кеткен «ҚазМУ университетіндегі өртті де өзі ұйымдастырғанын мойындады», ― деп жала жапты. Шаһзада Шонанова 1938 жылы 17 қаңтарда берген жауабында: «1936 жылы күзде ҚазМУ-ді өз қолыммен өртедім, соның нәтижесінде университет үйінің негізгі бөлігі жанып кетті»,― деп қолы қойылған. Негізінде, өрт тез арада сөндірілген. Тіпті, айтарлықтай үлкен өрт те болмаған. Осы жалған айыптаулардан кейін Шаһзада Шонанова 1938 жылы 9 наурызда алғашқы қазақ қызы болып ату жазасына кесілді.
Қазақ қызының аяулы бейнесі, сұлулығы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» шығармасында суреттелген. Солай қазақ тағы да аяулы қызынан айрылды. Осындай оқиғаны бастан кешірген қаншама қыздарымыз болды, тарихта?! «Алжир» түрмесіндегі азапқа қарсы тұрып, туған жеріне аман-есен оралған қызғалдақтарымыз да болған. Бірақ олар бірнеше жылдар бойы жұмысқа тұра алмай, балаларын асырай алмай жүрген кездері де болған. Қайран, аналарымызтүрме азабынан құтылып қоғам азабына тап боларын қайдан білсін?! Бірақ олардың жанында қиналғанда медеу болар балалары болды. Сол арқылы қиындыққа қарсы тұра білді. Бірнеше жылдардан кейін жарларының да, өздерінің де ақталғаны туралы ақ парақ келгенде олардың тамақтарына өксік тығылды. «Осының бәрі не үшін?»,― деген сұрақты өз-өздеріне іштей қоя берген шығар мүмкін... Қанша адам атылды, азапталды?! Бірақ олар қайсарлықтарын тағы да көрсетті. Шүкіршіліктерін айтып, балаларын аяққа тұрғызды. Осы бір қарғыс атқыр саясаттың кесірінен талай зиялыларымыдан айрылдық, талай қызғалдақтарымыз солып қалды.
Әттең, оларды белгілі бір күндері ғана еске алуымыз өкінішті... Талай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр ғой. Бірақ сол абзалдарымыздың істеген ерліктерінің арқасында бұл жасалып жатқандардың түк емес екендігі де бесенеден белгілі. Осы тыныштық үшін талай қан төгілді, талай көзден моншақтап жастар ақты. Барлығы осы бір тыныштық үшін. Біз үшін жандарын құрбан еткендерді әр күн еске алайық. Сол жандар қазіргі тыныштықты, заманды көрсе қалай бағалар еді?! Сол дүниені бағалайық, қадірлейік... Себебі, қазіргі уақытымыз да уақытша екенін біле жүргеніміз абзал...

Авторы: Әсел Өтешова

Қатысты Мақалалар