Оңтүстік Қазақстан облысының Қарамұрт ауылындағы жаппай төбелесті көрші ауылдан келгендер бастаған. Осындай ақпаратты kaz.gazeta.kz сайты Сайрам ауданының әкімі Уәлихан Қайназаровқа сілтеме жасап таратты. Әкімнің айтуынша екі күн бұрын көрші ауылдан (Төлеби ауданының Мадани ауылынан) келген екі бала дүкеншімен сөзге келіп қалып, араға екі күн салып қайта келіп төбелес шығарған. Олар құры келмей көрші ауылдан келген 50 шақты жас жігітті ерте келіп бес-он минут ішінде 17 көлік пен 8 сауда нүктесінің күлін көкке ұшырыпты.

Аталған жәйтке байланысты әкім Қайназаров былай деген: «Мен Мадани ауылына барып қайттым. Ауыл ақсақалдарымен сөйлесіп, жағдайды түсіндірдім. Бүгін олар жиналып, ақылдасады. Ертең таңғы сағат онда ауыл адамдары Қарамұрт әкімдігіне келіп, жергілікті халықпен кездеседі»

Қазір аталған оқиғаға қатысы бар деген күдікпен бес адам ұсталып, тергеу амалдары жұмыстары басталған.
Қамшы-ақпарат