Күрзі жұдырық Қанат Ислам туралы жеке сайт ашылады

/uploads/thumbnail/20170708153820185_small.jpg

Кәсіпқой боксшы Қанат Исламның жанкүйерлері сүйікті спортшысы туралы тың деректерді жаңа сайттан білетін болады. Жаңа ақпараттық ресурсты жасауды журналист Берік Сұлтан мен бағдарламашы Сағын Үсенұлы қолға алған. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды. Аталған сайт http://kanatislam.com/ адресі бойынша алдағы күндерде жүмыс істейтін болады.

Сайтта боксшының жекпе-жегінен кәсіби фото, видеоақпарат, келесі ұрыс қашан және кіммен өтетіні жайлы мағлұмат қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дер кезінде жарияланбақ. Аталған сайт жөнінде жасаушы журналист Берік Сұлтан былай дейді: «Бүгінде Қанаттың жекпе-жегін көре алмай сусап жүрген жанкүйерлер көп. Мәселен менің өзім қашан кіммен жұдырықтасатынын білмеймін, екі күннен соң осы әлеуметтік желі арқылы біліп отырамыз. Сапалы сурет, бейнеақпарат та аз. Сондықтан, оны жұртшылыққа кеңінен насихаттау қажеттігі туып отыр. Бұл жөнінде Қанаттың өзімен, промоутері Нельсон Лопеспен сөйлестік. Олар ісімізді құптады. Қанаттың әр кездесуінде олармен тікелей байланыста боламыз. Ақпаратты промоутер Нельсон Лопес жіберіп отырады деп келістік. Сайт оперативті жұмыс істейтін болады. Америкада жекпе-жек күндіз өтсе, бізде түн болады ғой. Соған қарамастан, түнде келген ақпаратты түнде салатын боламыз»

Қанат Ислам әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы Ұлттық құрама командасының құрамында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен Әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері. Қытайдың 10 дүркін чемпионы болды.  2010 жылы атажұртқа көшіп келген соң 2012 жылға дейін «Астана Арландары» кәсіби клубының мүшесі болды. Қазір кәсіпқой бокспен айналысып жатқан Қанат - «Нельсон» промоутерлік клубы атынан шаршы алаңға шығып келеді. Кәсіпқой боксқа ауысқалы бері Қанат 18 кездесу өткізіп, оның 15-інде жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған.

13 қыркүйек отыз жасқа толатын Қанат Исламмен алдағы күндерде «Қамшы» порталы интернет конференция өткізетін болады.

Қамшы-ақпарат

Қатысты Мақалалар