ЧЕХИЯ САЯСАТЫН ШЕМІШКЕШЕ ШАҒАТЫН ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БИЛІГІ ЖАЙЫНДА

/uploads/thumbnail/20170709221015368_small.jpg

 Чехияның либералды-экологиялық партиясының жетекшісі, Адам құқықтары жөніндегі экс-министр, Чехия саясатын шемішкеше шағатын Жәмилә Стехликова – қазақтың тумасы, қазақ әйелі. Оған қазақ үкіметіне қызметке орналасуға талай мәрте ұсыныс айтылған. Алайда, саясаткер әйел өз ана тілін ұмытқанын айтып, Отанға оралудан бас тартты, деп жазады «Қамшы» порталы. Бірақ, туып-өскен еліне оралмауының басты себебі тілін ұмытқандығы емес еді. Өзге мемлекеттің пайдасына жұмыс істеп жүрген қазақ әйеліне Sentral Asia Monitor газеті тілшісінің қойған алғашқы қарапайым сұрағы «Қалайсыз?» болды.

Өз ас бөлмемде өзімді жайсыз сезінемін: жуылмаған ыдыстар, қолымның ұшы да тимеген көкөністер...»

Менің байқағаным, «Қалайсың?» деген сұраққа ер адамдар мен әйелдер екі түрлі жауап қатады. Ер адамдар өздерінің мотоциклдері мен қайық жүргізу үшін алған құжаттарын айтып мақтанып жатса, әйелдердің жайы мүлдем басқа. Біз отбасы алдындағы борышымыз немесе жұмыстағы әріптестеріміз жайында сөз қозғап кетеміз.

Отбасы алдындағы борышым мені мазаламайды. Менің бар мәселем саясатқа қатысты. Қуанышты жағдай дейін бе, әлде керісінше өкінішті жәйт пе, 2017 жылы Чехияда маңызды саяси кезең басталады: президент пен парламент сайлауы өтеді. Әр чех азаматы кімнің артынан еретінін осы күні шешеді.

Президент сайлауына біздің либералды-экологиялық партиямыздың  өкілі де қатысады. Біз өз атымыздан ең мықты үміткерді ұсынғымыз келеді. Ол үміткердің Милош Земаннан асып түсуін ерекше қадағалаймыз. Ең бастысы, болашақ президент еуропалық құндылықтарды құрметтесе, халық алдында өзін лайықты ұстаса дейміз және себепсіз Путинмен, Қытай саясаткерлерімен кездесе бермеуі маңызды. Сонымен қатар, біз парламент сайлауына да өз үміткерлерімізді дайындау үстіндеміз.

Тәжірибелі саясаткер ретінде мен әр партия арасындағы делдалдық қызметтемін. Кез-келген саясаткердің басты міндеті – келіссөздер жүргізе алу, саудаласа білу. Мәселен, бүгін белгілі бір партиямен келісімге келсек, ол партия келесі күні хабарласып, басқа партиямен келіссөзге келгендерін айтуы мүмкін. Партиялар арасындағы келіссөздерде тұрақтылық жоқ десе де болады.

Яғни, сайлау алды жұмыстардың ең күрделісі маған тиесілі. Мен бүгін әйел емес, саясаткермін. Сондықтан да отбасыма мүлдем көңіл бөлмеймін десем де болады.

Менің балаларым өз беттерінше өмір сүріп үйренген. Ал, күйеуім Хомутов қаласында жалғыз тұрады. Дәл осы қалада біз отбасылық өмірімізді бастаған едік. Саяси жұмыстарымнан босағанымша күйеуім мені осы қалада күтеді. Ал менің бар уақытым Праганың бір бұрышынан екінші бұрышын аралаумен өтеді.

Сіздерге саяси өмірдің есігін сәл де болса ашып көрсеттім. Ол да бір отбасы секілді: қонақ келер алдындағы астан-кестені шығып жатқан жайсыз бөлме – жуылмаған ыдыстар, тазаланбаған көкөністер. Кешке қарай жаюлы дастархан мен бір-бірімен тілек айтысып жарысатын қонақтар.

Қазіргі уақытта біз ас бөлмеде Чехия президентіне үміткер болатындай азаматтарымызға «тамақ» дайындау үстіндеміз. Біз үш үміткермен жұмыс істеп жатырмыз, есімдері әзірге жасырын болсын. Өз басым олардың арасында әйел адамның болғанын да қалар едім. Маған да президенттікке үміткер болуыма ұсыныс түскен, мен тіпті ұсыныс жайында ұзақ ойландым. Алайда, біз үміткерлікке шыдамы өте мықты, жеңіп шығатынына сенімді адамның болғанын қалаймыз. Әр саяси дебаттар мен дискуссиялардан өтіп, екінші турға дейін жете алатын адамды көздейміз.

Чехия – саяси мемлекет, сондықтан, президенттік тұлға маңызды. Президенттің келбеті – чех азаматтарының құндылықтарын көрсетіп тұруы қажет. Земан Мелош – билік кімнің қолында болса, соған жақтасатын антилиберал. Ал екніші позиция – либералды немесе гавеловты. Әрине, екінші Валав Гавеловтың жүргізген билігі қайта орнамайды, алайда, біз сүйреген үміткер Брюссельдің бағытымен жүреді. Ал, Земан Ресей мен Қытайға сенеді. Оның да саяси көзқарасы дәл Трамп секілді. Қарапайым ғана мысал, Земан мүмкіндігі шектеулі адамдарды кемсіте бағалайды. Мәселен, мүгедектігі бар балалар сау балалардан бөлек оқытылуы керек дейді. Үкіметтік емес ұйымдарға қарсы шығады. Алайда бұл ұйымдардың қоғамда маңызы ерекше, биліктің уақыты болмайтын істермен солар айналысады емес пе.

 Сол себепті осы мәселердің алдын алу үшін мен қазіргі уақытта саясаттың дәл ортасында жүрмін десем де болады.

 

Чех азаматтары Боратты танымайды

 

Жақын арада таблоидтық журналдың мұқабасына Боратпен бірге сіздің де суретіңіз шықты.

Бұл қалыпты жағдай: халық саясаткерлерді күлкіге қалдырғанды жақсы көреді. Адам танымал болған сайын, сынға жиі ұшырайды. Ангела Меркельдің жағдайының жанында менікі түкке тұрмайды. Немістің «Шарли Эбдо» журналы Ангела Меркельге қатысты сұмдық дүние жариялаған: оның қолында алдағы уақытта сайлауға түсетін үміткер Мартин Шульцтың кесілген басын қойып қойған. Еуропа тілшілеріне еш уақытта шектеу қоя алмайсың.

Өз партияңыз жөнінде айтып өтсеңіз.

 

Мен басшылық етіп отырған либералды-экологиялық партияны «жасылдардың» оң қанаты дер ем. Біз – оппозициялық партиямыз. Біздің фракцияның мүшелері билікке орналаса алмайды, алайда парламентте оларға қашан да орын бар. Сондай-ақ, радиолар мен телеэкрандарға шығып, басқа партия мүшелерімен саяси дебаттарға қатыса алады. Біз кәсіби партия болғандықтан, мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді.

Парламентте болып-ақ, біз биліктің әр қадамын аңдып жүреміз.  Билік қабылдаған он заңның бесі міндетті түрде сынға алынып, газет беттерінде жарияланады. Қазіргі уақытта, сайлау алдында жұмысымызды 100 пайызға күшейттік. Олай болмаған жағдайда жеңіп шығуымыз екіталай. Жеңіліп қалған күннің өзінде, келесі сайлауға дейінгі уақытымыз құр сенделумен өтпейді.

 

Стехликова Земанды Сталинмен салыстырды

 

Яғни саясатта сынның болуы міндетті ғой?

Сын сіздердің де жұмыстарыңыздың бір бөлігі. Мен жиі сұхбат беріп тұрамын. Кей-кездері айтылмау керек дүниелерді айтып қалатын жағдайлар болады. Бірде, «Стехликова Земанды Сталинмен салыстырды» деген тақырыппен мақала шықты. Менің ойымша, бұл жағдайдың орын алғанына президенттің өзі кінәлі. Журнал бетінде фекалий ұстап тұрған үлкен мүсін мен басында тақырыбы жарияланған.

 

Қазақсатанда өзіндік цензура деген түсінік бар. Яғни, саясаткерлерді тіпті президенттің өзін Сталинмен салыстыру ешкімнің де ойына келе қоймас. Бұл жайында не дейсіз?

 

Қазақстанда кейбір саясаткерлер мәдениеттің не екенінен хабарсыз, халық алдында пікір білдіруден де қашады. Ал Чехияда әкім халық алдында сәтсіз сөйлегені үшін жұмыстан босатылуы әбден мүмкін. Еуропалық саясаткерлер мен қазақстандық саясаткерлердің айырмашылығы,  Еуропа әрдайым халықпен бірге, халықтың жақтасы. Осыдан 10 жыл бұрын қазақ министрлерімен кездесу үшін Ақ ордаға бардым. Олардың мықты маман екендеріне күмән келтірмеймін. Мемлекеттерін дамыту жолында әрқайсысының өз көзқарастары қалыптасқан. Бірақ, мені билік басындағылардың халықтан әлдеқайда алыстап қалғандығы таңқалдырды. Өздері қызмет көрсетіп отырған мемлекетте қарапайым халқының қалай өмір сүріп жатқаны оларды  толғандырмайды да.

Чехия депутаттары аптасына бір рет сағат 8.00-ден 16.00-ге дейінгі уақытта қатардағы азаматтармен кездесу үшін кеңсеге жиналады. Олардың алдына кез-келген адам келіп, өз ұсыныстарын айта алады, сұрақтарын қоя алады. Тіпті, неге қалада ағаш кесілді деген сұрақты қоюға да халықтың хақысы бар. Ал, депутат халық сұрағына жауап беруге міндетті. Егер, денсаулығына байланысты немесе шетелде іс сапарда болғандықтан жиналысқа қатыса алмаса, келесі аптада екі күнін халықпен кеңседе өткізуіне тура келеді.

Қазақстанда әкімдер қалай сайланатынын білмеймін, бірақ Чехияда барлық қызметке тек сайлау арқылы тағайындалады. Мен өз қызметтік жолымды қалалық кеңестен бастадым, сосын мені әкімнің орынбасары етіп сайлады, кейін әкім қылды. Одан соң, облысқа, кейін орталыққа бардым. Әрдайым, халықтың ұсыныстарын тыңдап жүретінмін, қоңырауларға жауап бере алмайтын жағдайларда хабарлама жазып жіберетінмін.

Есіме министр болып, телеэкранға шыққаным түсіп отыр. Халық сонда мені сұрақтың астына алған еді: сыраның бағасы қанша, нанның құны, қанттың келісі, сүттің бағасы? Сұрақтың біреуіне жауап бермей қалсам халық маған бірден сенімсіздік танытар еді.

Чехияда тіпті президент Земанның өзі апта сайын облыстарды аралайтын. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, кафелерде отырады, киноға барады, қарапайым адамдармен әңгіме-дүкен құрады. Президент үшін халық тарапынан сенімсіздікке ұшырау  - ең үлкен қасірет. Сондықтан, билік әрдайым халықпен бірге болуға тырысады.

Қазақстанда биліктің дәрежесі патшалықтың мәртебесінен кем емес, асып түспесе. Бұндай билікті мен Ресейден де байқадым.  

   Осыдан он жыл бұрын іс-сапармен АҚШ-қа барған едім. Ол елде де конгресс мүшелері белгілі бір уақытта халықпен кездесуге шығады. Халықтың билік басындағыларға деген көзқарасы әр түрлі, біреулері құрметпен қараса, кейбірі жек көріп тұрады. Алайда, бәрі алдында тұрған адамның билігін мойындайды.

Ал, Еуропаның кіші мемлекеттерінде бәрі жайлы. Кез-келген азамат саясаткерді көшеде көріп қалған жағдайдың өзінде онымен еркін тілдлесе алады және бұл қалыпты жағдай.

Ал елімізлегі биліктің сакральді мәртебесіне кім кінәлі? Өзіміз бе?

Ешкім де кәнілі емес. Бұл еліміздегі бағзы замандардан қалыптасып қалған дәстүр. Кеңес үкіметі кезінде де қарапайым халық билік басындағыларға құдайы ретінде қараған.

Қуанышқа орай, Қазақстан тоталитарлы мемлекет емес. Бірақ өктемшілдік қалған. Егер саясаткер тұрғынға дөрекі жауап қатса, оны тұрғын қалыпты қабылдайды. Яғни, Қазақстанда азамат сот алдына кез-келген сұрақ бойынша бара алмайды. Халық әрдайым өз наразылығын әлеуметтік желілерде білдіреді.

 

Қазақстан мен Чехиядағы әлеуметтік желінің айырмашылығы неде? Ол жерде де билікке қатысты теріс пікірлер жазылатын шығар.

 

Иә, тіл тигізетіндер бар. Бірақ, халық саясаткерлер мен депутатардың тікелей алдына барады. Егер қар жауып, көше тазаланбаса, бірден әкімшілікке хабарласады. Желілерде тек әкіммен сөзге келіп қалғандығын, ал бүгін бәрі жақсы екенін жазады. Ал, Қазақстанда бұндай мәселелермен тұрғын қайда барып шағымданатынын білмейді, әкімшілікке бару жайлы тіпті ойламайды да. Барғанның өзінде, әкімшілік қарапайым тұрғынды есігінің маңына да жолатпайды. Сол себепті, халық өз ойын әлеуметтік желілерде білдіреді. Менің Қазақстанда достарым бар. Бірде олардан неге мәселелерді шешуге әкімнің алдына тікелей бармайсыңдар деген сұрағыма досым таңданыспен қарағаны есімде.

Конституциялық биліктің көзі – халық. Ал, әкімдерге жай ғана мемлекетті басқару емес, халық алдындағы міндеттерді орындау жұктелді.

 

Оның үстіне, Қазақстанда саясаткерлер әлеуметтік желілерде көп отырмайды. Ал Чехияда билік басындағылардың бәрі «Твиттер» мен «Фейсбукте» отырады. Мен Қазақстанда тұрмағандықтан мұнай өңдеу саласына байланысты кейбір жәйттерді түсінбеймін. Сол себепті, фейсбук желісі арқылы қазақстандық министрден қандай да бір құжат немесе бағдарлама жіберуін өтіндім. Бірақ министр ләм-мим демеді. Сонда қарапайым тұрғын тіпі әлеуметтік желі арқылы да билік басындағылармен тілдесе алмайтын болып тұр. Бұл дұрыс емес.

 

Чехия үкіметі 12 кеңестен тұрады: ұлттық істер жөніндегі кеңес, сексуалдық істер жөніндегі кеңес, әйел құқықтары жөнінде кеңес... Әр кеңесті не премьер, не министр басқарады. Бір кеңес отырыс өткізсе, ол отырысқа кез-келген адам қатысып, өз мәселелері жайында айта алады. Қазақстанда ондай платформа жоқ. Жер реформасына байланысты оны құру ойда болған, алайда формальды болды.

 

Халықтың сенім мондаты

 

Егер сізге Қазақстанда жоғары лауазымды қызмет ұсынылса келісер ме едіңіз?

 

Ондай ұсыныстар болған. Мен былай жауап беретінмін: жас республикада жоғарғы лауазымға мемлекеттік тілді жетік меңгерген адам келуі тиіс. Мен өз ана тілімді жақсы түсінемін, алайда, сөйлеу жағына келгенде қиындау. Орыс тілді сөздерді де еске түсіру керек. Чех тілі менің ана тілім болмағандықтан мәдениет министрлігіне қызметке тағайындалуға қарсы болдым.

Қазақстан үкіметіне қызметке орналаспауымның ең басты себеі ол емес. Әрине, өз Отаныма көмектескім келеді. Егер Қазақстанда қандай да бір партияның атынан дауысқа салу мүмкіндігі болса, барар едім. Бірақ, меніңше, ондай мүмкіндігім жоқ. Халықтың мандатына ие болуға ешқандай мүмкіндік көріп тұрған жоқпын. Мәселен, жер мәселесіне қатысты референдум ертерек болуы керек еді. Халыққа ыңғайлы жағын қарастыру керек. Бірақ, Қазақстанда ондай жағдай қарастырылмаған.

Оның үстіне елде достарым көп болғандықтан, ол жерде болып жатқан жағдайдан әрдайым хабардармын. Чехияда өмір сүрсем де, Орталық Азияға қатысты барлық бағдарламаларды жібермеуге тырысамын. Алайда, мен Қазақстанда дүниеге келген чех саясаткерімін.

Бір күні кеңсеме танысым келіп, менің Бораттың жанында тұрған суретіме қарады да, мысқылдап күліп «Бұл кім?» деп сұрады. Яғни, Қазақстанды Борат арқылы емес, мен арқылы таниды.

 

Мемлекетте қандай да бір өзгерістер енгізу үшін кадр бөлімдерінде сауаттылықтың болғаны маңызды. Америка, Ресей немесе басқа да  мемлекеттерден көмекке шақыруға болатын қаншама білікті мамандар бар. Бірақ саясатта жергілікті мамандардың болғаны дұрыс қой, ондай жағдайда бәсекелестік мықты болар еді. Ал Қазақстандағы жүйе мүлдем басқа. Сол жас, әрі білікті саясаткерлер қайда? Елдегі жоғары саяси лауазымдарға белгілі бір адамның тағайындауымен келгендер. Яғни, ол саясаткер тағайындаған адамына бағынады. Ал ол адам өзін тағайындағанға бағынады. Бәрі бір-біріне қызмет атқарады, бірақ халық үшін жұмыс істеп жүрген ешкім жоқ.

Прагада менің қазақстандық достарым көп. Бәрі болашақ саясаткерлер, бірақ ешқайсысының елге қайтқысы жоқ.

Қазақстанда тек билік басындағылар ғана емес, саясаткерлер де өздерін тым жоғары бағалайды. Жоғарғы білім тек соларда ғана бар секілді, мәмілеге келуге ешкімнің ниеті де жоқ. Вацлав Гавелдің өзі келісімнің арқасында мемлекетті алға сүйрей алған. Коммунистер оны өлтірмекші болғанның өзінде, Вацлав Гавел оларға қол ұшын беріп, бір үстел басына отырып, шешілмеген мәселелерді талқылады. Әскер шығару үшін Кеңес Үкіметімен келісімге келген. Ал, Қазақстанда мәмілеге келу деген түсінік мүлдем жоқ. Жер мәселесі жөніндегі референдумды алып қарайық. Қарапайым халық өз араларында талай талқылап, қарсылықтарын жеткізді, бірақ билік қандай шешім қабылдар екен деп уайымға батты. Халықтың ойымен санасу соншалықты қиын болды ма?

 

Саясатқа қадам басып келе жатқан адамға да мүмкіндік қашан  да берілу керек. Көрсін, білсін, істесін және айтарым, Қазақстанда оппозиционерлерге сөз бостандығы берілуі керек. Көтерілістерден қорқып, саясатқа қатысты үдерістерді тоқтатып қоюға болмайды. Эволюция революциядан әлдеқайда тиімді.

 

Саясатты әйелдерсіз елестетуге бола ма?

 

Әйел адам саясат жолын таңдаса, отбасылық өмірін ұмыт қалдырады. Сол үшін көбісі келуге қорқады. Алайда, саясат қашан да әйелдерді қажет етеді. Себебі, әйелдердің жауапкершілігі жоғары және тұрақты. Әйел адамдар көңілі жақтырмай тұрған адаммен де мәмілеге келуге тырысады. Оның үстіне, ер саясаткерлердің жиналған бөлмесіне кірсең, менсінбеушілік сезімге толы ауыр атмосфераны сезесің. Бірде, чех саясаткері өзінің қарсыласына қарап тұрып, «көзін ойып жіберейін бе?» деді ішінен. Бұл ашуына мен сабырлықпен жауап қаттым: «Олай болған күні партияның есігі сен үшін мәңгілікке жабылатынын түсінетін шығарсың» дедім.

Саясатта әйел адам болса, ер адамдардың агрессиясы бәсеңдейді және әйел адам болған жерде әйел құқықтары да сақталады. Саясатта 30 пайыз болса да, әйел адамның болғаны тиімді. Біз ер адамдар түсіне бермейтін мәселелерді шеше аламыз. Әйел адамдар саясатқа керек. Алайда, ол жолды таңдамас бұрын өзінің жеке өмірін бір шетке ысырып қоюына тура келетінін де әйелдер жақсы түсінеді.

 

 Сіздің саясатқа кеткеніңізді күйеуіңіз қалай қабылдады?

 

Ол Хомутов қаласында қалды. Бірақ біз қайтадан табыстық. Қайта некеге отыру ойымызда жоқ. Алайда қарым-қатнасымыз сақаталады. Екеуіміз екі қалада, екі ортада өмір сүргенімізбен бір-бірімізге қашан да қолдау көрсетіп жүреміз. Ең бастысы сол. Мұндай мәселелермен балаларымыздың басын қатырмаймыз. Отбасылық қиындықтар ерлі-зайыптылардың арасында ғана болуы тиіс. Бала – өмірдің гүлі. Олар да өседі, уақыттары келген соң, өз орындарын табады. Бірақ, балаларымды саясатқа қатысты лас істерге араластырудан аулақпын. 

Гүлім ЖАҚАН

Қатысты Мақалалар