Бүгін білім күні қарсаңында Астана қаласында бес жаңа мектеп ашылды. Атап айтқанда әр қайсысы 1200 балаға арналған №73, №74, №75, №76, №78 мектептері Астана қаласының балалары үшін алдағы уақытта қызмет ететін болады. №75 мектеп-гимназияның ашылуына арнайы барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барша оқушыларын білім күнімен құттықтап, сөз сөйледі. Бұл туралы Bnews.kz жазды.

«Бүгін – білім күні. Біздің елімізде 7 600 мектепте 2 млн 600 мың бала партаға отырады. Ең қуантатыны – 300 мың бүлдіршін бірінші класқа барады. Олардың саны – былтырғымен салыстырғанда 70 мыңға көп. Бұл қуантатын жағдай, себебі біздің жастарымыздың өсіп келе жатқаны, халқымыздың өсіп келе жатқаны, бала туудың көбейіп келе жатқаны», - деді Елбасы. Президенттің айтуынша Қазақстан бойынша тәуелсіздік жылдары 1 мың мектеп іске қосылған. «Оның ішінде биыл 150 мектеп іске қосылады, бүгін 62 мектеп оқушыларға есігін айқара ашады. Мынау Астананың өзінде 11 мектеп іске қосылады. Ол мектептерде 300 мың мұғалім сабақ береді. Осының барлығы Қазақстанның болашаққа деген, келешегімізге деген біздің кемел еңбегіміз бен мақсатымызды орындау. Сондықтан, бүгінгі білім күнімен баршаңызды құттықтаймын», - деп Президент балаларға сәттілік тілеген.

Ақпаратқа сай Астана қаласы бойынша биылғы оқу жылында 13 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа аяқ басты.
Қамшы-ақпарат