Ермек Мұқатай: Имам сөзге шешен болуы керек

/uploads/thumbnail/20170709223218826_small.jpg

Sunna.kz сайты Шығыс өңірінің облыстың мешітінің бас имамы Ермек Мұқатаймен сұхбаттасыпты. Мәнді, мағыналы болған сұхбатты «Қамшы» порталы ықшамдай отырып оқырман назарына ұсынуды жөн санады.

Сіздің Құран Кәрімнің сөзбе-сөз аудармасы деген еңбекке тер төгіп қазақ мұсылмандарына сүбелі туынды сыйлағаныңызды білеміз. Осы еңбектің бір жаңалығы ретінде сөзбе-сөз аудармамен қатар берілген қысқаша түсіндірме Қытай жерінде өмір сүрген дін абыздары Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлының аударған еңбегіне негізделгенін жұрт қуана айтып жүр. Осы жағына тоқатала кетсеңіз....

– Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлы әйгілі дін ғұламасы Ақыт қажы Үлімжіұлының ғалым ұлдары. Қытай мен Монғолия өңіріндегі екі миллион қандасымыздың діни руханиятына әсер еткен, сол бауырларымыздың асыл дінімізді ұстануына зор ықпал жасаған діни қайраткерлері.

Біз 1990 жылы Бейжің Ұлттар баспасынан жарық көрген «Құран Кәрімнің қазақша аудармасының» елімізде жарық көруіне рұқсатнамасын ала отырып, осы ғылыми еңбегімізде мәтіндік аудармасына сілтеме жасай отырып, толықтай Ғазер Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлының аудармасын бердік.

Мұндағы біздің мақсатымыз - біріншіден; тарихи себептермен Қазақстан териториясынан тысқары қалған қазақ жеріндегі діни ғұламалардың бар екендігін насихаттау болса, екіншіден; Бұл аталарымыздың аударма жасаудағы тілі шұрайлы, ұғынықты, жатық, мәнерлі. Сөйлеу құрау стилистикасы байырғы қазақ тіліне өте жақын, халықтық тілден алшақтамаған, құнарлы. Сондықтан да, біз бұл кітапта аталмыш Құран аудармасын өзгеріссіз бердік. Редакциялаған жоқпыз. Кітап соңына ескерту беріп, сілтеме жасадық.

Әр қазақ – әлемнің қай бұрышында жүрсе де қазақ руханиятының өкілі, қазақ ғылымының тұтынушысы, қазақ тарихының ізбасары. Сол сияқты, Отанымыздың сыртында қалып қойған қазақ топырағындағы дін қайраткерлері де біздің ғұламаларымыз, дәстүрлі дініміздің шырақшылары, руханиятымыздың жоқтаушылары. Әсіресе, Ақыт қажы әулетінің алатын орыны ерекше. Бірақ, бүгінге дейін бұл кісілер түпотанымызға танылмай келеді. Осы бір ақтаңдақтың орнын толтырсақ деген ниетте, қолымызда басқа аудармалар бола тұрса да Ғазез бен Мақаш атамыздың аудармасын жөн көрдік.

Ал, аталмыш еңбектегі сөзбе-сөз аудармасын жасағанда Халифа Алтай атамыздың, Уақап Қыдырханұлы ағамыздың, Түркия Дін істері министрлігінің білікті ғалымы Елмалылы Хамди Языр  т.б. кітаптарға көз сала отырып аудардық. Қазақ исламияты үшін, ұлтымыздың руханияты үшін, тіл мамандары мен дінтанушылар, тіл үйренушілер үшін пайдалы құрал болсын, Құран оқушылар үшін де, Алланың Кәләмі түсінікті болсын деген ниетпен тамшыдай болса да өз үлесімізді қосайық деген ниетпен осы еңбекті бастырып шығардық.

– Сіз көркем әдебиетті жиі оқиды деп естідік. Ауызекі тіл байлығыңызды аңғарып отырмыз... Қандай кітаптар оқисыз?

– Дін адамы үшін әдебиеттен алшақ кету мүмкін емес. Тарихымыздағы діни ғұламалардың қай-қайсысы болсын, халық ауыз әдебиетімен сусындап өсіп, халыққа діни құндылықтарды насихаттауда өлең, дастан жанрларын ұтымды пайданған. Абай, Шәкәрім, Ақыт, Мәшһүр Жүсіп бабаларымыздың өмірі осының айғағы. Ал, кешегі Алаш Орданың мүфтиі болған Ғұмар Қараш өзі ақын болған жоқ па.

Бұл үрдіс бүгінгі дін жанашырларына да керек! Әсіресе, халықпен жұмыс жасайтын имам, молдалардың тіл ұстартуы, сөз саптауы, сөйлеу мәнері өзгеше болғаны жөн. Кез-келген мәселені түсіндіруде шұрайлы тіл мен айшықты сөз дестесі ауадай қажет. Бір ауыз сөзбен айтқанда дін насихатында да шешендік өнердің маңызы ерекше.

Сол үшін де көңіл тартқан кітаптың бәрін оқуға тырысамын. «Абай жолы» эпопеясын оқымаған қазақ жоқ шығар. Абайды оқып өсітік. Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіп атамызды, т.б. қазақтың ақын-жазушыларын шама келгенінше оқуға тырысамын. Қала берді түрікше, арабша кітаптар оқимын. Бұл да сөйлеу мәдениетін жоғарлатуға көп көмегін тигізеді екен.

– Сізді жақсы танитын достарыңыз «Зуқа батыр» романын төте жазудан оқығаныңызды  айтып жүр. Сол рас па?

– Ұстазымыз Мұхаммед Шыңғыс қажы Зуқабатырұлы. Иә, мен ол кісіге өзінің тапсырмасы бойынша «Зуқа батыр» романын төте хаттан оқып, күн сайын өзіне әңгімелеп бергенім бар. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей ұстазымыздың бұл әрекеті бізді тәрбиелудегі, тілімізді ұштап, сөздік қорымызды молайтудағы бір амалы болса керек. 

– Неге?

– Имам, дін қызметкері ізденімпаз болуы керек. Тарихтан, мәдениет пен өркениеттен білімі  болмаған кез-келген діндардың дүмше болуы мұнда тұр. Өркениетті ғасырда ғұмыр кешіп жатқан біз үшін имамдардың интеллектуалдық деңгейін көтеру – заман талабы. ҚМДБ-ның да бүгінде дәріптеп отырған талаптарының бірі де осы интеллектуалдық мәселесі. Ал, ол үшін арғы-бергі тарихымыздан көп ізденіп, мол білім қайнарларынан сусындауымыз қажет.

– Бүгінде ата дініміздың тынысы ашылып, қанатын кеңге жайды деген күнде де өңірлік ерекшелікке, діни білімнің деңгейіне байланысты әрбір өкілдіктің өзінің қордаланған мәселесі бар. Өскемен өңіріндегі діни ахуал жайлы тоқтала кетсеңіз. Бастысы не жетіспейді?

– Біздің өкілдікке қарасты өңір Ислам әлемінің қиыр шығысы. Бұл жерде де Ислам өркенитінің өркендеген ошағы болған. Бүгінде бұл үрдіс өз қалпын тауып, өркендеп келе жатыр.

Өскемен өңіріндегі діни ахуалдың ең басты мәселесі – кадрдің жетіспеушілігі. Былтыр оншақты білікті жас мамандар келген. Бұл да жеткіліксіз. Осы мұқтаждықты шешу мақсатында өкілдіктің қасынан екі айлық сауат ашу, білім жетілдіру курсы ашылды. Ел ішіндегі діни білімі бар, имамдық пен молдалыққа бейімі бар азаматтарды жүйелі түрде негіздік білімдермен сусындатып, олардың діни ахуалды жақсартуға қызмет істеуге, ең болмағанда, сауатты, білімді мұсылман болуы үшін бірқатар пәндер бойынша сабақ беріліп, деңгейлерін көтеруді де көздеп отырмыз. Бұйыртса, міне, үшінші кезек шәкірттер қабылданып, курс басталды. Бұл курстарды үздік тамамдаған шәкірттер ҚМДБ-ның аттестация комиссиясынан өтіп, өкілдіктің жергілікті мешіттерінде қызметке тартылатын болады.

Бұл курсытың ашылуының өзінің мәні бар. Құдай қаласа, алдағы уақытта өкілдік қасынан медресе-колледж салынбақ. Аталмыш оқу ордасы Зайсаң өңіріндегі елге әйгілі ғұламалар шыққан «Ғизатия»«Қазақия» медреселерінен кейін үзіліп қалған үрдістің жалғасуы болмақ. Бұл туралы облыс әкімшілігімен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сүйінші сұрайтын күн де алыс емес деп ойлаймын.

– Мешіт тапшы елдімекендер бар ма?

– Құдайға шүкір, біздің өңіріміздегі өкілдікке қарасты негізгі елдімекендердің барлығында мешіт бар деп айтуға болады. Бірақ, кейбір мешіттерде мешіт құрлысының ескіруіне байланысты күрделі әрлеу, жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет. Ол да өз кезегінде қаржы мүмкіндіктерін талап етеді.  Алайда, стратегиялық маңызы бар аудандар – Шемонайха, Глубоки аудандарына үлкен, келісті мешіт соғу – бүгінгі күннің талабы. Өкілдік бұл мәселені де қарастырып отыр.

Бұл аудандар Ислам әлемінің қиыр шығысындағы маңызды аудандар болғандықтан, мұсылманшылықтың мерейін асқақтататын дәстүрлі Ислам мәдениетінің кең өркен жайғаны құба-құп болар еді.

Сұхбаттасқан: Оразбек Сапархан

 

 

Қатысты Мақалалар