Парламенттен пәрмен, үкіметтен ширақтық күтеміз

/uploads/thumbnail/20170708153945061_small.jpg

Қазақстан үкіметінің басында бақандай алты жыл отырып, ауыз толтырарлықтай іс атқара қоймаған Мәсімов, Қазақстанның 9 Премьер-министрі болып қайта тағайындалған көктемде онымен бірге қазаққа бір қуаныш келген. Ол оралмандарға қысқа уақыт ішінде азаматтық беру мәселесі мен олардың азаматтық алуы үшін талап етілетін артық шарттардың жойылатыны туралы Дүйсенова ханымның мәлімдемесі еді.

Мәсімов алғаш үкімет басында отырған тұста шеттен келген этникалық қазақтарға жасалатын көп жеңілдік алынып тасталған болатын. Оның ішінде түрлі құжаттық жеңілдіктермен қатар оларға берілетін қоныстандыру көмек ақысы квота да жойылған. Ал, былтыр үкімет бастап, депутаттар қостап, шетелдерден елге оралатын этникалық қазақтардың ата заңдағы мәртебесін аяққа таптайтын, оларға тек төрт жылдан кейін ғана азаматтық беру туралы заң қабылдап жіберген. Сондай-ақ, олар Қазақстан азаматы атану үшін белгілі аймақтарда ғана тұруы әрі төлем қаблетін дәлелдеуі керек еді.  Сәуір айында Мәсімовтің министрлер кабинеті жасақтала сала, Тамара Дүйсенова ханым хабарлаған жаңалық дүниенің әр түкпіріндегі қазақты қуантқанымен, ол заң жүзінде әлі бекітілген жоқ.

Ал, тамыздың 6-сы күні, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова оралмандардың жағдайы туралы баяндама жасаған болатын:  "Жыл басынан бері елімізге жеті мың отбасы немесе 135 мың оралман көшіп келді. Оларға "Жол картасы" бағдарламасы аясында жағдай жасап жатырмыз. Қазіргі күні жұмысқа орналастыру мәселелері қарастырылып шешілуде. Күзде парламенттің сессиясына жаңа заң ұсынып, олардың жағдайын көтере түсеміз", - деген министр ханым.  "Қандастарымызға жол ашуымыз керек. Қазақтың жері кең. Орналасамын деген жерін өзі таңдасын. Оңтүстікте халықтың тығыздығын, ал солтүстікте аздығын да ескеру қажет. Келген жастар өз болашағын жасау үшін мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс. Осы орайда Үкімет барлық жағынан қолдау білдіруі керек"», - деп еді сол отырыста Елбасы Әбдіхалықова ханымның сөзін тыңдап.  

Үкімет отырысында Елбасы айтқан сөздің нәтижесі күтілетін кез енді келді.  Ол үшін, 60 күн демалып, жұмысқа келе сала өз каникулдерін қысқарту туралы ойланған депутаттардан жаңа пәрмендер күтеміз және олардың айтқан жұмысқа қажет ширақтығын үкіметтен де күтеміз. Себебі  Үкімет тездетіп Парламентке өздері уәде еткен заңды ұсынуы керек.

Нұрғали Нұртай

Қатысты Мақалалар