МАҢҒЫСТАУ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ «ҚАНАУШЫ ТАПҚА» ҚАРСЫ КҮРЕСІП ЖАТЫР

/uploads/thumbnail/20170709232426334_small.jpg

««"Қамшы" ақпараттық порталының хат қоржынына Н.Қошаманұлы есімді азаматтан хат келіп түсті. "Қамшы" еркін пікір алаңы болғандықтан, хатты жариялауды жөн көрдік. 

Бұл жолы Ақтауда Techno Trading LTD «мұнайсервис» компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты. Неге? Мемлекеттік биліктің - "қанаушылардың" (монополистердің) мүддесін қолдауы, мәселені құқықтық тұрғыдан шешеді деген құзырлы органдарының "бейтараптығы", бұл аз болғандай жергілікті полицейлік-әкімшілік жүйенің жұмысшылардың өмірлік "құқықтары мен бостандықтарына" қысым жасауы, "қоғамдағы теңсіздік", "бай мен кедейшіліктің арасының алшақтай түсуі", "еңбекшілердің қанаушыларға тәуелділігі", "екі жақты қанаудың" тереңдей түсуі жұмысшы табын ерте ме, кеш пе наразылық ереуіліне шығуға мәжбүр етеді. Бұл - АКСИОМА.  

Соңғы жылдары Ақтауда осы бағытта жұмысшылардың кәсіподақ ұйымдары қимылының да күшейе бастағанын көріп отырмыз. Бұған қаңтардың 5-де басталған «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының кеніштерінде қызмет көрсететін Oil Construction Company (әрі қарай – OCC) компаниясына қарайтын Қаламқас пен Жетібай кеніштеріндегі мұнайшылардың кәсіподақ ұйымының талаптары дәлел болады. Наразылыққа шыққан мұнайшылардың бір талабы тек қана белгілі бір топтардың мүддесін көздеп, керісінше «жұмысшылардың құқығын қорғамайтын» ресми кәсіподақ ұйымында болғысы келмейтіндерін мәлімдеген. Демократиялық мемлекетте жұмысшы табының әлеуметтік қозғаушы күші ол – кәсіподақ. Кәсіподақ қашанда жұмысшы табының біріңғай майданына сүйенеді. Кәсіподақ қай деңгейде болмасын «жұмысшы табының» саяси жебеушісі, қорғаушысы. Тек кәсіподақ ұйымы бар жерде ғана «қанаушы тапқа», «сыбайластыққа», «жемқорлыққа» соққы беріледі, демократиялық басқаруға алғышарттар жасалады. Ал, демократияның әлсіреп, елде авторитаризмнің күшейуі кәсіподақ ұйымдарын әлеуметтік өзгерістер жасауға иетермелейді. 

Айтарымыз, Маңғыстау жұмысшыларының қанаушы тапқа (монополистке) қарсы күресі объективтік жағынан саяси сипат алуы да әбден мүмкін. Өз мүшелерінің мүдделерін, еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мақсатында жалақыны көтерудi, жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен Маңғыстау кәсiпорнының жұмысшылары наразылығы күн сайын күш алып бара жатыр. Мақсат – демократиялық өзгерістерге тежеу болып отырған монополистердің, қанаушы таптың өктемдігіне жол бермеу, мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатында еңбекшілердік ықпалын күшейту. Бірақ, мұны қазіргі қазақ билігі түсінгісі келмейді.

 

Сондықтан елдегі әлеуметтік-саяси жағдайды ушықтырмаудың алдын-алудың бірден бір жолы жұмысшылардың талабын орындау болып табылады. Мәселе шешілмейтін болса, жұмысшылардың наразылығы, одан туындаған талаптары жалпыұлттық, халықаралық саяси талаптарға ұласуы мүмкін. Кезінде Мәркіс пен Енгіліс аталарымыздың өздері: «Жұмысшы табы қашанда барлық еңбекшілер мен қаналушылардың алдыңғы қатарлы күрескері, қозғаушы күші, гегомоны», - деп ескерткенін де ұмытпайық. Біз мұнымен санасуымыз керек. Қазағым айтқан: "жаман келісіп отырып, керіседі, жақсы керісіп отырып келіседі" -деп, ендеше билік және жұмыс берушілер ішкі - сырты дағдарысты ушықтыра бермей, жұмысшы өкілдерімен тез арада келіссөз үстеліне отырулары керек.  


Н.Қошаманұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі.


 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар