Президент Мирзиёевтің Қазақстанмен саяси қатынасы қалай өрбіді?

/uploads/thumbnail/20170709233757284_small.jpg

Мирзиёев Өзбекстанға президент болып тағайындалғаннан кейін алғашқы болып не Ресейге, не Қазақстанға ресми іссапар жасайды деп күтілген. Алайда Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Кәрімовтің ескерткіші Түркіменабад қаласында ашылды. 7 наурызда ескерткіштің ашылу салтанатына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Түркіменстан президенті Гурбангұлы Бердымұхамедов қатысты.  8 наурызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов Өзбекстанның шекарасы маңынан Әмудария арқылы өтетін Түркіменабат-Фараб атты жаңа теміржол және автомобиль көпірін ашты.

Мемлекет басшылары лента қиып, екі көлік магистралімен жүріп өткен алғашқы жолаушы атанды. Ұзындығы 1 750 метрге дейін жететін теміржол көпірі қатты жер сілкінісіне төзімді және аса ауыр жүк тасымалдайтын пойыздарды есепке алып салынған. Көпірдің асты өзенге дейін 10 метрді, ал ені - 60 метрді құрайды. Әмударияның екі жағалауындағы теміржол көпірінде жағалауды қорғау жұмыстары кешені құрылған.

Ашылудан кейін Өзбекстаннан көпірлердің бірімен теміржол құрамы жолға шықса, екіншісінен - түркімендік карбамид, маталар мен басқа да өнімдер тиелген жүк көліктері Өзбекстанға қарай беттеді.

Өзбекстанға Мирзиёев президент болып келгеннен кейін Өзбек елі көршілермен ашық қатынас ұстана бастады. Тіпті ол Президент болып сайланғанға дейін-ақ, уақытша президент кезінде Қырғызстанмен арада шекара дауының біраз бөлігін шешіп тастады. Қазақстан да өзбектің жаңа билігі мен транзиттік, шекаралық бірнеше маңызды келісімдер жасап үлгерді.

2016 жылдың 2 қыркүйегі Өзбекстанның ширек ғасырлық басшысы Ислам Кәрімов қайтыс болды деп хабарланды.

8 қыркүйек. Өзбекстанда парламенттің екі палатасының біріккен отырысы өтті. Ел конституциясы бойынша президент міндетін сенат төрағасы Нигматулла Юлдашев атқаруы тиіс еді. Алайда ол қызметтен бас тартып, премьер-министр Шавкат Мирзиёев президент міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды. Елде мерзімінен бұрын президент сайлауы 4 желтоқсанда өтетіні анықталды.

9 қыркүйек. Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарын жария етті. Өзбекстан президенті міндетін уақытша ақтарушы болып бекітілген  ел премьер-министрі Шавкат Мирзиёев республика парламенті қос палатасының бірлескен отырысында Өзбекстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарын жария етті. Дәл осы күні Ол  Ислам Каримовті  мәңгі  есте қалдыру  үшін арнайы қаулы  қабылдады. Онда жыл сайын  Каримовтің туған күні аталып өтіп, ал дүниеден өткен  күні, қыркүйектің  2-сі – еске алу күні деп белгіленді.  Сондай-ақ қаулыда  біраз мекеме, оқу орындарына Ислам Каримовтің аты  берілетіні көрсетілген. Ферғана шаһарындағы Өнер сарайына, Көлік құрастыру зауытына, Ташкенттегі халықаралық әуежайға, осы  қаладағы   мемлекеттік техникалық  университетке,  сондай-ақ бірнеше  ірі  қалалардың көшелеріне марқұм президенттің  аты  қойылмақ. Бұған  қоса, Каримовтің туған қаласы  Самарқандта, Ташкентте және билікке келмес бұрын өзі  қызмет  еткен Карши шаһарында  ескерткіші ашылмақ.

12 қыркүйек. ҚР Президенті Самарқандқа барды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасына барды. «Өзбекстан мен Қазақстанның тарихы, діні және мәдениеті бір» , - деді Назарбаев осы сапарда. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасы Президентінің міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзиёевпен кездесті.

2016 жылдың қыркүйек айында екі ел басшыларының Самарқандтағы кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, бірқатар перспективалық жобалар бірлесіп жасалуда.

16 қыркүйек. Шавкат Мирзиёев Өзбекстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды.  Өзбекстан Президентінің міндетін уақытша атқарушы, премьер-министр Шавкат Мирзиёев ел президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды.

22 қыркүйек. Асқар Мәмин жұмыс сапарымен Ташкентке барды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Өзбекстан астанасына барды.

7 қазан. Қазақстан мен Өзбекстан 13 жылға созылған шекараны белгілеу жұмысын аяқтауы жақын екені хабарланды. 2003 жылы басталған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны белгілеу процесі аяқталуға жақын делінді.

8 қазан. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Улугбек Розукуловпен кездесті.

10 қазан. Өзбекстан президенті қызметін уақытша атқарушы Шавкат Мирзиёев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы өзара тиімді әріптестікті дамыту жөнінде жақында ғана келісілген мәселелердің орындалу барысын талқылады. Тараптар Өзбекстан мен Қазақстанның түрлі салалардағы делегацияларының жұмыс сапарларын, маңызды коммерциялық келісімдердің нәтижелерін жоғары бағалады. Шавкат Мирзиёев пен Нұрсұлтан Назарбаев аймақтық және халықаралық сипаттағы мәселелер жөнінде пікір алмасты. Екі мемлекет басшылары достық пен тату қарым-қатынасты нығайтып, екі жақты байланыстарды арттыру жөнінде келісті.

5 желтоқсан. Шавкат Мирзиёев Өзбекстан президенті болып сайланды. Сайлау 4 желтоқсанда өтті. Өзбекстан Президентінің міндетін атқарушы, Премьер-министр Шавкат Мирзиёев мемлекет басшысы сайлауында 88,61% дауыспен жеңіске жетті. Өзбекстанда сайлау өте сала Назарбаев пен Мирзиёев өңірлік қауіпсіздікті нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының сайланған президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.

14 желтоқсан. Шавкат Мирзиёев Өзбекстан Президенті қызметіне ресми кірісті. Ташкентте Өзбекстан Республикасы Президентінің салтанатты түрде лауазымына кірісуіне арналған Олий Мажлис палаталарының бірлескен отырысы өтті.

2016 жылдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллардан асқан. Өзбекстанда 230-дан астам кәсіпорындар қызметі қазақстандық серіктестердің қатысуымен жүзеге асуда. Әдеттегідей, автокөлік және темір жол көлігі, әуе қатынастары саласындағы өзара әрекеттестік белсенді болып отыр.

2017 жыл. 6 қаңтар. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев пен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар бойынша Елшісі Ильхом Неъматов кездесіп, қос мемлекеттің туыстық қарым-қатынасын одан әрі жақсартып, дамыту жайын талқылады. 

28 қаңтар. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегация шекаралас өңірлермен ынтымақтастық байланыс мәселелерін талқылау мақсатында жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасында болды.

Сапар Өзбекстан Республикасының тұңғыш Президенті Ислам Каримовтың Самарқанд қаласындағы Шахи Зинда кесенесіндегі бейітіне гүл шоқтарын қоюдан, сондай-ақ даңқты қолбасшы, жерлесіміз - Жалаңтөс Баһадүрдің кесенесіне тәу етуден басталды.

Делегаттар бірқатар кәсіпорындарды аралап, кәсіпкерлермен және жергілікті компания басшыларымен келіссөздер жүргізді. Сонымен қатара Қырымбек Көшербаев Самарқанд облысының әкімі Химмат Окбутаевпен кездесті. Онда тараптар Қызылорда және Самарқанд облыстарының арасындағы өндірістік және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

23 ақпан. Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәминді қабылдады. Асқар Мәмин Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына қатысу үшін Өзбекстанға келді.

Өзбекстан президенті екі елдің өңірлері арасындағы тығыз қарым-қатынасты орнату және нығайту қажеттігін, осы арқылы сауда байланыстары және мәдени алмасу мүмкіндіктері ашылатынын баса айтты. Асқар Мәмин жылы қарсы алғаны үшін Шавкат Мирзиёевке шын жүректен алғыс білдірді және Қазақстанның Өзбекстанмен кең ауқымды ынтымақтастыққа дайын екенін растады. 

Мирзиёев билікке келгеннен кейін көптеген жағымды жаңалықтар орын алды. Өзбекстанда қала тұрғындарының саны ауыл халқынан асып кетті. Өзбекстан ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу шартына да қол қойды.

Қорыта келгенде, Мирзиёев қысқа уақыт ішінде үкіметте, аймақтық әкім­шіліктерде кадрлық өзгерістер жасады. Сондай-ақ Каримовтің билігі кезінде сахнаға шығуға тыйым салынған белгілі артистер сахна төріне қайта оралды. Кез келген Өзбекстан азаматы өзін толғандырған мәселе жөнінде жауап ала алатын қоғамдық қабылдау орындарын ашты. Әлеуметтік желілерде премьер-министр және парламенттің арнайы беттері пайда болды.

Кәсіпкерлерге де біршама жеңілдіктер жасады. Ол – «Кәсіпкерлікті жеделдетіп дамытуды, жеке меншікті жанжақты қорғау мен іскерлік ахуалды сапалы жақсартуды қамтамасыз ету жөніндегі қосымша жеңілдіктер туралы»  жарлығы. Жарлық бюрократиялық кедергілерді жойып, ел экономикасына тартылған инвестицияны қорғайтын  болады. Үстіміздегі жылдың  қаңтарынан бастап, кәсіпкерлік субъектілеріне жоспардан тыс тексеріс жүргізілмейді. Сонымен  қатар,  жақын уақытта ұлттық валютаны  еркін айналымға  енгізуді көздеп  отыр. Былайша  айтқанда,  қаржы  нарығын  үлкен  реформа күтіп  тұр. Бұл  мәселе,  өткен жылдың қараша айында  басталған.  Сол кезде-ақ,  Шавкат Мирзиёев көпшіліктің талқысына «Валюта саясатының басымды бағыттары туралы» қаулының жобасын шығарды. Енді  соны  іске асыру  ғана  қалды.

Ислам Кәрімовтің кезіндегідей ешқандай  аймақтық, не болмаса жаһандық  одақ,  ұйымдарға кірмей-ақ, Мирзиёев өзбек экономикасын әлеуетті етуге  күш сала  бастады. Соның бірі –  елдің оңтүстігінде бірнеше  еркін экономикалық  аймақтар ашу. Бұрыннан  жұмыс  істеп  тұрған  үш еркін экономикалық аймаққа алдағы кезде жұмысы басталатын  төрт жаңа еркін  экономикалық аймақ қосылатын  болса, Өзбекстан   тың  серпін  алады.  

Мирзиёевтің соңғы  бір  шығарған  Жарлығы  ол,  армияны   заманауи қару-жарақпен  жарақтандыру. Әскери техника мен атыс  құралдарын сырттан алмай, өзбек жерінде өндіру көзделген. Бұдан былай өзбек армиясы  сапа жағынан  да,  қарулану  жағынан  да  басымдылыққа  ие болып қала беретіні анық. Ол виза жүйесіне  де  өзгеріс енгізуді  қолға алды.

Шавкат Мирзиёевтің  ашық  қоғамға  қадам басқанын  мынадан  да байқауға  болады. Ол – алдағы  уақытта облыс,  қала әкімдерін тек  жергілікті  халықтың сайлауы арқылы  ғана  билікке  келетініне күш  салуы.  Осыдан-ақ Өзбекстан  үлкен өзгеріске  бет бұрғанын көруге  болады. Өз елінде аз ғана уақыттың ішінде осындай ұлы өзгерістерді бастаған Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға басты мән беріп отырғанын да түсінуге болады. 

Дәл осы мәселе жөнінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы Мәулен Әшімбаев ой қозғады. Оның айтуынша, Орта Азияда қоңсылас отырған республикалар өзара байланысты неғұрлым реттеп, оны жаңа деңгейге көтеруі тиіс. Өйткені, бұл елдердің арасында қордаланып қалған мәселелер жеткілікті.

Соның бірі – трансшекаралық өзендер. Оны бірлесе пайдалану. Аймақтың экологиялық түйткілдерін бірлесе қарау, транзиттік-байланыс саласын күшейту, әсіресе, соңғы жылдары қауіптілігі тым артып бара жатқан терроризм һәм экстремизммен күресу, лаңкестіктің алдын алу мәселелері. Осының бәрін сарапқа сала келе депутат аймақта жаңа бір өңірлік одақ дүниеге келуге тиіс, деп есептейді. Бірақ, бұған өңірдегі өзге елдер қалай қарайды? Өйткені, біраз жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Орта Азия одағын құрайық» деген бастама көтерген еді. Өйткені бұл елдердің аумағында аса ірі көмірсутегі отынының қоры бар. Сондай-ақ, Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті қосып жататын дәліздік рөл атқарады. Сауда-саттықтың көрігін қыздыратын һәм арғы тегі тамырлас жетпіс миллионға тарта халық өмір сүреді. Бұдан тыс, Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан және Иран секілді алып елдермен шекаралас.

Демек, одақ құрылып жатса, ұтпаса ұтылмасы анық-тұғын. Сонымен қатар, осы аймаққа қызығып, бәсекелестік танытып, ықпал етуге асық болып отырған алып мемлекеттердің жемсауына түсіп кетпеуінің де бір кепілі осы одақ болуы тиіс еді. Алайда, жекелеген елдер басшыларының жеке амбициясы Орта Азия одағының дүниеге келуіне бөгет болғаны белгілі. Осы жолы көтеріліп отырған жаңа бір бастамаға олар қалай қарайды? Бұл сұрақтың жауабы осы кездесуде нақтылануға тиіс.

Айта кетсек, Өзбекстан басшысы наурыз мерекесі қарсаңында кеше 22 наурызда ресми іс-сапармен келді. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қарсы алған болатын.


Бүгін Елбасы Назарбаев Ақордада Өзбек басшысын зор салтанатпен қабылдады. Алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастық талқыланатын болады.

Нұрғали НҰРТАЙ

Қатысты Мақалалар