Дешті Қыпшақ даласын уысында ұстап, 40 жыл Түркістан алқабын билеген Әбілқайыр ханнан кейін Түркістан даласында Шайбани ұлысы мен Қазақ хандығы қалыптасты. Шайбани ұлысы кейіннен Өзбек ханның атымен өзбек хандығы аталып, бүгінгі Өзбекстан мемлекетінің атауына айналды. Ал, Қазақ хандығынан бүгінгі қазақ елі – Қазақстан тарих сахнасынан өз орнын алды. XX ғасырдың басында патшалық Ресейден өз тәуелсіздігін алуға ұмтылған Алаш Орда территориясының құрамында бүгінгі Өзбекстанның біраз аумағы бар болатын. Екі ел де 70 жылдай уақыт Совет үкіметі отарында автономиялы республика болып өмір кешті.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан мен Өзбекстанның алғашқы құжат қойып, қол алыса келісім жасауы 1992 жылдың 24 маусымында орын алған екен.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы Ташкентке сапары барысында қол қойылған Біртұтас экономикалық кеңістікті құру туралы шарт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты жан-жақты, әсіресе, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге септігін тигізді. 1997 жылы наурызда жасалған Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан Республикаларының арасындағы Мәңгілік достастық туралы үшжақты шарт - қарым-қатынасты дамытудағы тағы бір маңызды қадам болды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылдың қазанында Өзбекстанға жасаған ресми сапары көршілес елдердің ынтымақтастығын арттыруға тың серпін берді.
Өзбекстан - Қазақстанның негізгі әріптестерінің бірі. Тәуелсіз даму жылдарында Өзбекстанда мұнай-газ саласы, сондай-ақ тоқыма, ауыл шаруашылығы, құрылыс және туристік салалар қарқынды дамыды. Автомобиль өнеркәсібінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген Өзбекстан ТМД аясында жеңіл автомобильдерді ірі экспорттаушы, сондай-ақ көлік коммуникациялары мен логистикада айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. 2008 жылы Өзбекстан президентінің Астанаға сапарынан кейін екі елдің сауда қарым-қатынастары қарқынды дами түсті. Сыртқы сауда айналымы 2005 жылдан 2013 жылға дейін 4 есеге артып, 2 миллиард доллардан асты. 2015 жылы сауда айналымы 3,2 млрд. долларға дейін жетті.
Ал 2013 жылдың 13-14 маусымында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға ресми сапары барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

2014 жылы Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтің Қазақстанға ресми сапары барысында да бірқатар екіжақты құжаттарға - 1997 жылдың 2 маусымындағы Өнеркәсіптік меншіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама және 2015-2016 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Сонымен қатар, әртүрлі деңгейдегі кездесулерде де тараптар сауда-экономика, су-энергетика, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап келеді. Екі елді біріктіретін ортақ тарихи-мәдени мұралар, құндылықтар да баршылық. Қазақ халқының әйгілі билері Төле би мен Әйтеке бидің этномемориалдық кешендері Өзбекстан аумағында. 2013 жылы Ташкентте Абай ескерткіші ашылды.
Алыс сапарға туысын шығарып тұрып өзбектер: «Досың қазақ болсын» деп бата береді екен. Бұл қазақ халқының адалдығын, досын жауға бермейтін жаугерлігін, қонағына деген кең пейілдігін аңғартса керек. Түбі бір түркі жұртында өзбекті қазақ «өз-ағам» деп сыйлайды.
Тәуелсіздіктен бері өзбек билігін тізгіндеп отырған Президент Ислам Кәрімов былтыр 78 жасында өмірден озғаннан соң, оның орнына Шавкат Мирзиёев сайланған. Наурыз мерекесі қазақ пен өзбек халқы үшін де ұлық. Өзбекстанда да наурыз мерекесі тойланып, үш күн демалады.
Сарапшылар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өз лауазымына кіріскеннен бері екі жақты қарым-қатынастың белсенді дами бастағанын алға тартады. Былтырғы жылдың соңы мен 2017 жылдың аяғында түрлі деңгейде келіссөздер жүріп, шешілуі тиіс біршама мәселе сарапталған.