«Таблиғи Жамағат» діни ұйымының идеяларын насихаттағаны үшін Т. есміді астаналық тұрғынға айып тағылып, 9 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Астана қалалық прокуратураның баспасөз қызметі.
Ресми ақпарат бойынша, сотталушы 2013-2015 жылдары «Таблиғи Жамағат» ұйымының идеологиясын таратып, жақтас жинау үшін «дағуат» жұргізген. Сот-кешенді сараптама қорытындысы Т-ның айтқандарын «Таблиғи Жамағат» ұйымының идеялары деп тапқан.
Сот шешімі бойынша, Т. жазасын қоныс колониясында өтейді.
«Таблиғи жамағат» – деструктивті діни ұйымдардың қатарына жатады. Теологиялық жағынан аталған діни ұйым Исламның сүнниттік бағытын ұстанғанымен, бірқатар ғалым-сарапшылардың пікірінше, оның идеологиясы Исламның кейбір қағидаларына қайшы және радикалдық тұрғыдан уахабизмге жақын. Яғни, бұл қозғалыстың идеясы да балама ойлар мен пікірлерді жоққа шығарады. Шындығында, Исламның ханафи бағытына мұндай біржақтылық тән емес еді.
Қазақстанда «Таблиғи Жамағат» ұйымы 2013 жылы экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Биліктің ұйғарымынша, «Таблиғи Жамағат» Орталық Азияда ислам халифатын құруды көздейді.
Қазақстанда 2013 жылдан бері бұл ұйымның қызметіне араласты деген айыппен ондаған адам сотталды.