Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Тұрсынбек Кәкішев елуінші жылдардың басынан бастап күні бүгінге дейінгі әдебиетіміздің сан алуан мәселелерін қозғап, терең талдаулар жасаған зерттеу еңбектерінің молдығы көркемдік дамудың неғұрлым көкейкесті мәселелеріне жете көңіл аударып отырғандығының белгісі. Т. Кәкішев әдебиет тарихшысы ретінде аса елеулі еңбек еткен оқымысты. Сонымен бірге онын шығармашылығын тағы бір қырын айтпай кетуге болмайды, ол – фольклористігі. Яғни әдебиет тарихын зерттеуді фольклортанумен ұштастыра қатар жүргізіп отырған.
Қазақ фольклорынын жиналуы мен зерттелу жолдарын баяндайтын «Қазақ фольклористикасы» \1972\ атты зерттеу еңбекте көрнекті фольклоршылар өмірі мен қызметі қарастырылған осы жинақтағы С.Сейфуллин туралы тарауды Т.Кәкішев жазып, Сәкеннің халық әдебиеті мұрасын жинау мен зерттеудегі ізденістерін алғаш рет жан-жақты сөз етеді. Әсіресе ғалымның тереңірек қарастырғаны-Сәкеннің 1932 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті» атты зерттеу еңбегі. Автор Сакеннін фольклористік еңбегін екі кезенге бөледі. Бірінші – Сәкен қазақ фольклоры үлгілерін жинаушы, жариялаушы, екінші – зерттеуші ғалым ретінде қараған.
Алдымен Сәкеннің халық әдебиеті үлгілерін жинауға үндеу салып, осы жұмысқа өзінің де белсене кірісуінің себебі не деген мәселеге назар аударады. Сәкен 1926 жылдан бастап педогогикалық қызметпен айналысып әдебиет тарихынан, фольклордан лекциялар оқиды. Екінші жағынан 20-30 жылдары жоғары оқу орындары түгіл орта мектептерге арналған оқулықтың болмауы үлкен қиындықтар тудырған. Сондықтан осы кезеңдегі қаламгерлердің қолға алған маңызды жұмыстарынын бірі әдебиет оқулығын жазу болады. Осындай оқулықтардың орнын толтыруға атсалысқан адамның бірі Сәкен екенін айта келіп, оның фольклортанумен шындап шұғылдануына практикалық мұқтаждық әсер еткен деген орынды түйіндеу жасайды. Зерттеуші ең алдымен Сәкенді халық әдебиетінің жанашыры ретінде таныса, екіншіден ілгерінді-кейінді өткен көрнекті ақындардың жоқтаушысы ретінде қарайды. Мұны автор Сәкен жинаған материалдарға сүйене отырып айтқан. Атап айтқанда Ы. Алтансарин, Ақан сері, Ақмолла сынды ақындардың өлең-поэмаларын жинап бастырған. Сондай-ақ Құлмамбет пен Майкөт, Мұсаев пен Қарақожаның айтыстарын жариялайды және кіріспе сөз жазып түсініктеме береді. Сонымен қатар Жанқожа батырдың өмірі мен ісі жайындағы тарихи деректерді саралай отырып, ол жөніндегі өлең-жырларға талдау жасайды. Жанқожа жайындағы өлең-жырлардың ең таңдаулысын әрі «Ерден батырға атақты Шөже ақынның өлең айтқаны» атты өлең-жырларды жариялау Сәкеннің әу бастан-ақ халық мұрасына аса талғампаздықпен қарағанын көрсетеді. Мұның бәрі де Сәкеннің фольклорист ғалым ретінде қалыптасуына барар жолдың басы деп біледі.
Ғалым Т.Кәкішев Сәкеннің халық өлеңдерін көптеп жинап оған жанрлық тұрғыдан классификация жасауы сол тұстағы фольклортану ғылымы үшін үлкен жетістік деп қарайды. Оқу құралының бірінші бөлімінде топтастырылған материалдарындағы халық өлеңдерін / салт өлең-жырлары, дін салтынан туған өлең-жырлар, мал туралы, жастық, ойын-күлкі өлең-жырлар/ төртке бөледі, екінші бөлімін батырлық және лиро-эпос жырларына арнаған. Сонымен бірге әрбір салаға кіретін өлең түрлерін ішкі мән-мағынасына қарай бірнеше ұсақ түрлерге жіктей отырып, жанрлық ерекшеліктерімен бір-бірінен айырмашылықтарын ашуы, олардың атқаратын қызметіне, орындалатын мерзіміне қарай сипаттама беруі бұл топтағы жырлардың халық әдебиетіндегі орнын анықтап, олардың жүйелеу принциптерін ғылыми жолға қойуға бастама-тірек болған деп біледі.
Зерттеушінің бұл еңбегінде тағы бір көңіл аударған мәселе Сәкеннің эпикалық жырлар туралы айтқан тұжырымдары төңірегінде ой өрбітуі. Сәкен өзі қарастырған бір топ жырлардың «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Қыз Жібек» т.б./ тақырыптық-идеялық мазмұнын таныстырады. Олардың тарихи мәнін нақтылы деректермен дәләлдей отырып түсіндіргенін жазады. Ғалым осы бөлімде Сәкеннің батырлық жырлардың тарихи-генетикалық шығу тегін дұрыс пайымдай отырып, «Ноғайлы заманында шыққан батырлардың бәрін түгелдей қазақтікі деп иемденудің дұрыс болмайтындығын ескертеді». Кейбір эпикалық жырлардың бірнеше халыққа ортақ мұра екендігін айтуын Сәкеннің үлкен ғылыми жетістігі ретінде бағалаған. өйткені Сәкен бұл ойын қазақтың бірнеше эпостық жырларын қырым ноғайларының этикалық мұраларымен салыстыра отырып айтқанын көреміз. Бұдан шығар түйін – бір кезде қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтарының біртұтас ел болып жүргенін Сәкеннің дәлелдеп беруі оның дәйекті ғылыми шешім жасай алғандығының нәтижесі деп біледі. Бүгінгі таңда оқымыстыларымыз басшылыққа алып жүрген салыстырмалы-тарихи тәсілді өз еңбегінде алғаш ретіқолданған адамның бірі Сәкен екенін ұғамыз.
Профессор Т.Кәкішевтің тағы бір назар аударған жайы Сәкенді эпостық жырлардың жанрлық сипатына мән беріп, бастама жасаған фольклоршы ретінде қарастыруы деуге болады. Ол эпостың шығу тегін, көп қабаттығына табиғатына байланысты байыпты байламдар жасағанын нақтылы мысалдар келтіре отырып тұжырымдайды. «Қазақтың ескі ел әдебиетіндегі батырлар әңгімелерінің неғұрлым ескілерін алып қарасаң соғұрлым оның қиял қосбасының, жапсырма сырлардың, «ертек» түрлерінің молдығын көресің. Заманның неғұрлым ертесіне қарай бара берсең, соғұрлым елдің ішкі, надан кезіне таяна бересің. Батырлар әңгімелерін неғұрлым бергі заманда шыққанын алып қарасан, соғұрлым ол әңгіменің «кереметтері» аз бола береді. Шындыққа жақын бола береді. Және соғұрлым бертінгі заман батырларының жаратылыстары да «кереметсіз сола береді» – деген байқауларында үлкен сыр жатқанын ашады. Бұл жерде Сәкеннің «неғұрлым ескілері» деп отырғаны көне эпос екенін білсек және оның қиял қоспалары көп болып ертегілік сипатынын басым екендігін дұрыс танығанын аңдатады, яғни әр жанрлық түрдің негізгі белгілеріне байланысты орынды ой қозғағанына тоқталады.
Осы ойын автор жалғастыра келіп тағы да Сәкеннің сөзіне жүгінеді. «Жаугершілік заманындағы өлең – жырлардың сарын – күйі жауға шауып жалтылдаған жауынгер батырдың суретін сездірсе, «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» өлеңінің сарын күйі ырғалып көшіп, манаурап қонған көшпелінің суретін сездіргендей болады. Екеуінің айырмасы өте айқын сезіледі» - деген сөзі дәлелдей түседі деп жазады ғалым.
Автор Сәкеннің оқу құралында қазақ халқы тарихының қысқаша очеркінің берілуін де құптайды. Бір қарағанда бұл оқулыққа халық тарихы туралы кіріспе бөлімнің қажеті жоқ сияқты әсер етеді, алайда зерттеушінің саралауына сүйенсек, оқу құралына кірген материалдарды жан – жақты тереңірек түсіндіру үшін бұл шолу белгілі дәрежеде міндет атқарып отырғанына көзіміз жетеді. Онда автор халқымыздың бай халық әдебиетінің қайнар көз – арнасын айқындауды мақсат еткен. Сондай – ақ ел тарихының елеулі бел – белең кездері халық әдебиетінде өздерінің ізін қалдырып, оның кемелденуіне және жаңа түр сипат табуына нақтылы себеп болғанын көрсетуді мақсат еткен дейді. Басқаша айтқанда, халықтың тарихи мен әдебиетін ажырамас бірлікте қаралуының нәтижесінде Сәкен өзінің алға қойған мақсатын орындап шыққан деген ой ұсынады. Бұдан ұғарымыз Сәкен Қазақтың аса мол әдеби мұраларын тұрмыс – тіршілік пен кәсіпке, әдет – салтқа байланысты туады деген қорытындыға келуі аталған оқу құралының жетістігі ретінде көрсетіледі.
Оқу құралы демекші «С. Сейфуллиннің бұл еңбегін жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулық демей, оқу құралы деуінің де сыры жоқ емес» дейді ғалым. Оқулықтың оқу құралының, ал оқу құралынан оқулық – хрестоматияның қандай айырмашылық ерекшеліктері болатынын тарата отырып, бұл еңбекті неліктен оқу құралы деп атағанын да түсіндіріп береді. Сонымен бірге автор Сәкеннің зерттеу әдіс – тәсілінде ашып отырады. Ол өзінің ғылыми тұжырымдарын бекіте түсу үшін түркі халықтарын фольклорлық мұраларын көп жинап зерттеулер жүргізген әйгілі ғалым. В. Радлов пен халық мұрасының үлкен жан ашыры Ә. Диваевтын зерттеу еңбектеріне табан тіреп отырған. Алайда Сәкен әйгілі шығыстанушылар мен ориенталистердін пікірлеріне құлай бермей, оларға да сыншылдық көзқараспен қарауы оның ғылыми дәлелінің дәйектілігін танытады деп түжырады.
Профессор Т. Кәкішев Сәкен сынды әдебиетіміздін ірі тұлғасының халық әдебиетін жинау, жүйелеу, зерттеу саласындағы еңбегіне ілтипатпен қарай отырып, кейбір артық –кемді айтылған пікірлерін де ашып көрсетіп отырған. Алайда Сәкеннің бұл зерттеуін фольклорлық мұраларды классификациялауды алғашқылардың бірі болып көтерген және әрбір жанрлық түрлерге ғылыми жүйелі сипаттама бере білген құнды еңбек деп бағалайды. Сөйтіп С.Сейфуллин фольклортану ғылымына үлкен үлес қосқан фольклоршы ғалым деген орынды қорытынды шығарады.
Ғалымның екінші бір көңіл аударғаны – қазақ фольклорының эстетикасы. Зерттеуші эстетикалық талап-талғамның элементтері халық әдебиетінде молынан үшырасатынына назар аударады. Мұның өзі сұлулықтың сырын терең ұғынып, әдемілікті танып-білуге, одан ләззат алуға сұлулықты қастерлеуге үйретеді де, халықтық эстетиканың негізгін қалыптастырады деген ой түйеді. Халақ әдебиетінің әлеуметтік – эстетикалық нәріне айрықша мән береді. Сын жанрының туу, дамуы халықтық эстетиканың тікелей әсері болатынына яғни халықтық эстетика сыни ойдың бастауы деп таниды. Халықтық эстетиканың фольклор үлгілерінен көрінуін сөз етуі арқылы сыншылдық ойдың бастауын анғартады.
Қазақ фольклорының эстетикалақ табиғатын сөз еткенде "Қыз Жібек» жырындағы көш көріністерін сән-салтанатын тілге тиек ете отырып ойын сабақтайды. Көш тізбегіндегі ажарлы көрініс шынайы әсемдік пен сүлулықты келістіре суреттеуі арқылы халықтың көркемдік таным-түсінігін, эстетикалық талап – тілегін қалыптастырып та, қанағаттандырып та отырған. Халық қиялы адамның ажар-көркін танып-сезумен ғана шектелмей, қимыл-әрекет әсемдігін жеткізе айту арқылы да адамның эстетикалық талғамын айта білген. Жібектің сүлулығын аша түсу үшін ажар көркі бір-біріне үқсамайтын он бір қызды көз алдынан өткізе отырып, ерекше көркемдік тәсіл Жібектің кескін-келбетін шарықтау шегіне жеткізуін өзі-ақ халықтың көркемдік жөніндегі таным-түсінігін, эстетикалық әсемдік сезімінің байлығын танытады деп қарайды. Сыр-бояуы солғын тартпайтын мүндай эпикалық жырлардын қай-қайсысы болсы да халықтың даналық тұжырымын танытып ғибрат беріп қана қоймайды. Сонымен бірге эстетикалық ләззат та беруді мақсат етеді деген байлам жасайды.
Автор түрмыс – салт жырларының бір бүтағы болып табылатын беташар өлеңінде де ғасырлар бойы қалыптасқан үлгі-өнегелік шындықтарды іріктей айтуға негізделуі тек дидактикалық сипат алып коймай, эстетикалық мәнге ие болады, осы арқылы халықтың сыншылдык ой-пікірі көрініс табады. Мұның өзі де эстетикалық мұраттың тұрақтылығы деп біледі.
Сондай-ақ ақындар айтысында да халықтық эстетиканың мәнді бір принциптері анық байқалып отыратынын Жамбыл мен Құлмамбет, Әсет пен Ырысжан, Біржан мен Сара, Нұрилә мен Үмбетәлі айтыстарына талдау жасау арқылы ашады. Айтыстағы маржандай тізіліп, шоқтай жинаған сөз өрнектері өзінің образдылығымен ғана емес, эстетикалық нәрімен де құнды екенін пайымдайды.
Фольклор өмірдің алуан саласын қамтитындықтан, онда ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық зстетиканың мол сілемдері сақталған. Атап айтқанда қазақтық шешендік сөздері небір шырайлы ойлар мен терең эстетикалық логикаға құрылады деп санайды. Қысқасы, халық әдебиетінің қай жанрлық түрінен де халықтың этикалық-эстетикалық түсініктері мен қасиеттері бой көрсетіп отырады, деген қорытындыға келеді.
Т.Кәкішевтің көп қырлы зерттеу еңбегінің бір өзек арнасы әдеби мұраны игеру проблемасы. «Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинау және зерттеу-тарихи –эстетикалық қажеттілік» деп қараған ғалым әр кез осы мәселеге оралып соғып отырғанын көреміз. Фольклорлық мұраны жинау, оның кейбір үлгілерін жариялауды қазақ баспасөзінің тууымен байланыстыра қарайды. Сонымен бірге бұл мәселе де орыстың ғалымдары /В.Радлов. Г. Потанин т.б./ және Ә.Диваев пен А. Затаевичтің орасан зор еңбегі болғанын XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезінде бірқатар істер тындырылғанын атап өтеді. Бұған қарап халық әдебиеті мұраларын жинап-жариялау мен зерттеу де даңғыл жол бола қоймағандығын талай қиындақтарды көруге тура келгендігін жоққа шығармайды. Өйткені Қазан төңкерісінен кейін фольклорлық мұра мәселесі түрлі идиологиялық айтыс-тартыстарымен астарласып жатқан. Сөйтіп бұл мәсле жөнінде , әр қилы теориялар мен қисындардың орын алуы осындай игі іске әсер ықпалын да тигізбей қоймағанын аңғартады.
Ғалым әдеби мұраны игеру мәселесін қазақ әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымының туу, қалыптастыру, өркендеу кезеңдерімен тығыз байланыстыра қарайды. Сондықтан да «Қазақтың әдеби сынының жанрлық қалыптасу дәуірінің алғашқы кезеңінде,-деп жазады автор,-әдеби мұраны игеру мәселесінде екі түрлі бағыт болды». Қай кезде де өмір арқауының үзілмейтінін, көркемдік дамуда тарихи сабақтастық болатынын жете ескермегендіктен, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени дәстүрлерді мансұқ етудің орын алғандығын ашып көрсетеді. Осының нәтижесінде халық әдебиетінің көптеген тамаша үлгілеріне ертеде өткен халық ақындарының шығармаларына бірден ілтипат білдіре қоймаған. Тіпті «фольклорлық шығармалардың көбі үстем тап идиологиясын жырлайды дейтін жансақтыққа жол берілген. Сонымен мәдени - әдеби мұраларды жинау жариялау оны эстетикалық таным-біліктің бір арнасы ретінде халықтың рухани игілігіне айналдыру аз уақытың ішінде шешімі табыла қоймаған мәселе екенін көреміз.
Осындай қиындықтар бола турса да 1920-1925 жылдарда біраз мәдени- әдеби үлгілер жарияланып үлгерген. Сондай-ақ 20 жылдардың бас кезінен халық әдебиетінің ерекшелігі, жазба әдебиетпен арақатынасы, халықтық сыр- сипаты сияқты мәселелер сыншылдық ойдың арқауына айналған. Бұл кезде әдебиеттің болмыс- бітімінің даралап көрсету ерекшелігін айта білу дәрежесіне көтерілген. Сонымен 20 жылдардың бас кезінде халық әдебиеті көптеп жиналып, жарияланып отырса, екінші жағынан оның мән-мағынасын ашу, ғылыми түсіндірме беру, ыңғайына қарай зерттеу жұмыстары да жүргізіле бастағанын саралайды. Қазақ халқының рухани байлығын игерудің жөн-жобасы айқындалып, үлкен ғылыми еңбектің ауқымына алынуы 30 жылдардың іші болған. Бұл кезеңде халық қазынасын жинау-жариялау айрықша қарқынмен қолға алынады. Сонымен бірге халық әдебиеті зерттеліп, кең көлемде насихаттала бастайды. Қазақ әдебиетінің тарихын жасау күн тәртібіне қойылып, мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету керек болады .Осындай қажеттіліктер ғылыми ой-пікірге үлкен қозғау салады. Заман талабына жауап ретінде ақын-жазушылар кейде сыншы, кейде зерттеуші міндеттерін де атқарып отырады. Осындай мақсатта халық әдебиетін тереңдете зерттеген С.Сейфуллиннің 1932жылы «Қазақ әдебиеті» атты оқулығы басылып шығады.
30 жылдардың екінші жартысынан бастап бұл секілді маңызды істерді ғылым мен мәдениет мекемелері қолға ала бастады. 1935 жылы Қазақстан ұлт мәдениеті нституты құрастырған «Қазақ совет фольклоры» аты жинақ шығады. Кітапта фольклор туралы үлкен алғысөз беріліп, онда халық әдебиетнің сыр-сипаты түсіндіріледі, әдеби мұраға жоғары баға беріледі. Сонымен, осы кезеңде халық мұрасына деген қамқорлық мемлекеттік мәні бар іске айналғанын сөз етеді. Осы арқылы Т.Кәкішев халық әдебиетінің нұсқаларын жинау, оның жанрлық ерекшелігі мен қадір- қасиетін ашу, уақыт өте келе маңызды мән алып, нақтылана түскенін қарастыра отырып фольклортану ғылымының өсу, даму жолын айқындайды.
Әдеби мұралардың жанашыры болған білікті ғалым тек зерттеумен ғана шұғылданып қоймай, солардың таңдаулы үлгілерін жинап- жариялаумен де айналысып келеді. Ол небір қиуы қашып, қисыны кеткен істерді татымды да тапқыр сөздерімен тындырып отырған би-шешендердің ойларынан туған кенеулі сөздерін жинақтап «Билер сөзі» /1992 деген атпен жеке бастырады. Билер сөзі дегенге сезік –секеммен қараған тұста қағажу көрген ақпа –төкпе шешендердің ұшқыр ойынан туған дүрдана сөздерді жинап, көпшілік қауымға жиірек ұсынып отыруды да орынды ескертеді.
Халықаралық білім академиясының Құрметті академигі Т.Кәкішев- фольклорлық мұраны өзінің ұзақ жылғы ғылыми еңбегінің бір саласы ете отырып, оның жиналуы мен зерттелуіне үлкен үлес қосып келе жатқан қажырлы қаламгерлердің бірі.
Зуфар Сейітжанов,Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.д.
"Қамшы"
Сурет namys.kz сайтынан алынды
Пікір қалдыру