Көгілдір отынды жеңілдік арқылы қосу мүмкіндігі бар

/uploads/thumbnail/20250131164551677_big.webp

Елімізді түгелдей көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Жүйелі түрде атқарылып келе жатқан жұмыс адамдардың өмір сүру сапасы мен экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, ел экономикасының дамуына да едәуір септігін тигізеді.

Энергетика министрлігінің мәліметінше,  былтыр 1 700 шақырымнан астам газ құбыры салынып, 300 мыңнан астам азамат көгілдір отынға қол жеткізген. Ал биыл тағы 12 млн 400 мың адамның газбен қамтылмақ. Яғни, мемлекет 7 елді мекенді газдандыруға арналған 45 жобаны іске асыру үшін 65,9 млрд теңге бөлді.
Осы істің ілгерілеуіне атсалысып, Алматы және Алматы облысындағы елді мекендердегі миллионға жуық тұрғынды тұрақты газбен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту жобаларын мемлекеттік инвестицияларға жүгінбей-ақ өз қаражатымен жүзеге асырып келе жатқан «Алматы облысы газ шаруашылықтарының қауымдастығы» ЗТБ құрамына кіретін компаниялар тобының атқарған еңбегі мол. Бүгінде қауымдастық  өңірдегі ең ірі газ тарату кешеніне айналып, урбанизация және өнеркәсіптік даму үшін газдандыру және газ инфрақұрылымын құру бойынша міндеттерді жемісті орындап келеді. Қауымдастық құрамына газ жеткізу қызметін атқаратын үш газ тарату ұйымы кіреді. Олар:
«Тауекел-Н-Алғабас» ЖШС,
«Тауекел-газ құбыры» ЖШС,
«Жетісу газ құбыры» ЖШС.
Бұл компаниялар 25 жылдан астам уақыт бойы 90 мыңнан астам тұрмыстық және коммуналдық тұтынушыларға, сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарына тұрақты және үзіліссіз газ жеткізуді қамтамасыз етіп келеді.
Бүгінге дейін атқарылған ең маңызды жобаларға көз жүгіртсек, 2013 жылы Алматы қаласының Алатау ауданындағы «Орбита» газ тарату станциясының аумағында қуаты 60 000 м³/сағ болатын автоматтандырылған газ тарату станциясы құрылысы аяқталып, іске қосылса, сонымен қатар жоғары қысымды газ құбырының екінші санаттағы шығару желісі Алғабас елді мекеніндегі газ реттегіш пунктіне дейін тартылды. Ал 2018 жылы Алматы облысының Талғар ауданында «Талғар» газ тарату станциясының аумағында қуаты 30 000 м³/сағ болатын газ тарату станциясы пайдалануға берілді. Бұдан өзге Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында жоғары қысымды «ГРС Фабричный» газ тарату станциясына жаңғырту жұмыстары жүргізілді.


Бір айта кетерлігі, «Алматы облысы газ шаруашылықтарының қауымдастығына» кіретін тұрғын үйлерді газдандырумен айналысатын компаниялар әлеусеттік жағынан осал топтарға тұрақты түрде жеңілдік ұсынады. Қауымдастық төрағасы Молдияр Нұрбаевтың айтуынша, бірлестікке кіретін компаниялар әлеуметтік жауапкершілік қағидасын қатаң ұстанады. «Яғни, абоненттер үшін ыңғайлы тарифтік саясат бекітілген. Компания ұсынған жеңілдік жалпы саны 13 мың абонентке берілсе, олардың ішінде мыңнан астамы газ желісіне тегін қосылған. Тағы 5 мыңнан астам абонент 50 және 7 мыңға жуығы 30 пайыздық жеңілдікті пайдаланды», – дейді Молдияр Нұрбаев.  
Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тегін, ал «Алтын алқа» иегері атанған ананың балаларына  50% жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ, ауған соғысының ардагерлері, 1-2 топ мүгедектері, «Күміс алқа» анасының балалары 30% жеңілдікпен көгілдір отын қоса алады. Бұған дәлел газ жеткізу компаниясы 25 жыл ішінде тұрғын үйлерді газдандыруға мынандай жеңілдік ұсынды:
Тегін – 1050 бірлік;
50%  –  5280 бірлік;
30% – 6840 бірлік.
Сондай-ақ, газ тарифі бойынша табиғи монополия субъектісі саналатын «Тауекел-Н-Алғабас» ЖШС тариф бағасын ұзақ мерзімге бекіткен. Соңғы  өзгеріс 2021-2026 жылдарға, яғни бес жылға бір-ақ енгізілген. Демек,  компания нарықтағы баға қалыптастыру ережесіне сүйеніп, Табиғи монополиялар департаментімен кеңесе келе шекті бағаны белгілейді. Қазіргі уақытта физикалық тұлғалар үшін 1 м³ газ тарифі – 42,24 теңге, заңды тұлғалар үшін – 42,85 теңге. Ал әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын азаматтар жеңілдік тарифімен, яғни 31,29 теңгемен төлейді. 
Бұл тұрғыда «Алматы облысы газ шаруашылықтарының қауымдастығы» директоры Молдияр Нұрбаев: «Қауымдастық бюджетті тұрақты толтырып отыр. Жыл сайын қауымдастық құрамындағы компаниялар ел қазынасына 228 миллион теңгеден астам салық төлейді», – деп атап өтті. 


Мұнда жұмыс істейтін мамандар да білікті. Қауымдастық құрамындағы 900-ге жуық жоғары білікті маман 70-ке жуық арнайы техникалық құрал-жабдықтың құлағында ойнайды. Демек, компания мамандары еліміздің елді мекендерін көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспары аясында жобалаудан бастап, газ құбырларын салуға, газды тасымалдау мен жеткізуге дейінгі қызметтің бәрін жүзеге асыруға әлеуеті де, мүмкіндігі де жетеді. Сондықтан қауымдастық газ желісіне қосыла алмай отырған Алматы облысындағы жүздеген тұрғынды көгілдір отынмен қамту ісін жеделдете түсуге білек сыбана кіріспек.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар