Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 4-5 сәуірде ресми сапармен Ресейге барып, Владимир Путинмен кездеседі, деп хабарлайды Кремльдің баспасөз қызметі. Мирзияев Өзбекстан президенті ретінде Ресейге алғашқы рет сапарлап бара жатыр. Ресей президентімен кездесудегі басты тақырып: сауда, қауіпсіздік және мигранттар мәселесі.
Екі президент үшін бұл көптен күткен ресми кездесу болмақ. Ресей президенті Владимир Путин Шавкат Мирзияевті 2016 жылдың 4 желтоқсанында Өзбекстан президенті болып сайланған күні-ақ Мәскеуге шақырған.
Ресейлік ақпарат агенттіктері 3 сәуірде Шавкат Мирзияевтің Ресеймен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялағанын хабарлады.
Мирзияев президент ретіндегі шетелге алғашқы сапарын наурызда Түркіменстанға барудан бастаған. Ал, 22-23 наурызда Қазақстанға сапарлаған.