Алматы облысы Қарасай ауданындағы тұрғын үйлердің бірінен 11-ші сыныпта оқитын қыздың өлі денесі табылды, деп хабарлайды 31 арна.
Қаскөйдің жеке тұлғасын анықтаған тәртіп сақшылары 35 жастағы күдіктіні ұстады. Айуандық әрекеттің құрбаны болған өрімдей жас қыздың қандай жағдайда көз жұмғанын көршілері де, жақын маңдағылар да білмеген. Бұған дейін қайтыс болған қыз бен күдікті туыс болуы мүмкін деген ақпарат тараған.
Дәл Алматы іргесіндегі «Асыл арман» кешенінен маза қашқан. 19-үйдің алдында қаптаған полицей. Екі күн бұрын алтыншы қабаттағы пәтерлердің бірінен жас қыздың өлі денесі табылған. Жақындары мен өз өмірлері үшін алаңдаған тұрғындар сұмдық оқиғадан кейін сескеніп қалған. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі пәтерді жалдап тұрады. Қайғылы жағдай орын алған пәтердің иелері де жалдап тұрған екен. «Асыл арман» ТК тұрғындарының айтуынша, қабырға жұқа, бірақ сол күні ешкім ештеңе естімеген.
Куәгерлердің айтуынша, бұл пәтерде кімдердің тұратынын, қайтыс болған қыздың кім екенін ешкім білмейді. Алдын ала ақпарат бойынша 2000 жылы туған қыз туыстарына көктемгі демалысқа келген.
Жергілікті тұрғын, 1982 жылғы азамат адам өліміне қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Қазір ол Қарасай аудандық ішкі істер басқармасына жеткізіліп, тергеу амалдары жалғастырылуда.
Қамауға алынған күдіктінің зорлау дерегіне қатысы бар жоғын анықтайтын қосымша сараптамалар да тағайындалған. Нақтыланбаған ақпарат бойынша қыз өз жездесінің қолынан қаза болуы мүмкін.