11 қыркүйек оқиғасына 13 жыл.  Америка бәрібір тынышсыз

/uploads/thumbnail/20170708154138572_small.jpg

2001-ші жылдың 11-шы қыркүйек оқиғасынан 13 жылдан кейін Америка халқының шамамен жартысы елдің жағдайын бұрынғыдан да тынышсыз деп санайды. Бұл туралы Иран қазақ радиосы жазды.

11-ші қыркүйекте орын алған лаңкестік оқиғаның жылдығының қарсаңында алынған сауалнама Америка үкіметінің лаңкестікке қарсы бағдарламаларының америкалық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегенін көрсеткен. 2001-ші жылдың 11-ші қыркүйегі – Американың саяси-қауіпсіздік өміріндегі маңызды мәселе. Бұл күні шамамен 200 жылдың ішінде бірінші рет Американың жері сыртқы дұшпанның шабуылына тап болды. Шабуыл алыс немесе маңызды емес жерлерге жасалған жоқ. Шабуыл Американың астанасы Вашингтон мен бұл елдің экономикалық орталығы Нью-Йоркке жасалды. Нью-Йорктегі әлемдік сауда орталығының жүз қабатты ғимараттарының құлауы Американың екінші дүниежүзілік соғысқа қадам басуына себеп болған 1941-ші жылғы Перл-Харбор портындағы Американың теңіз базасын басып кірумен салыстырылды.

11-ші қыркүйек оқиғасынан кейінгі күні Американың сол кездегі президенті Джордж Буш лаңкестікке қарсы әлемдік соғысты бастады. Содан соң бір айға жетпес уақытта Әл-Қаиданы құртуды сылтауратып, Америка Ауғанстанға қарсы шабуылын бастады. Екі жылдан кейін 2003-ші жылы Иракты басып алды. Сол кезден Америка дүниежүзінің түкпір-түкпірінде әскери және тыңшылық құралдарымен лаңкестікке қарсы соғыс жүргізуде. Сол себепті америкалық қайраткерлер дүниежүзінің әртүрлі елдерінде тыңшылық жасайтын арналар құрып, азап-қорлық көрсететін жаңа әдістерді пайдалану үшін көп қаржы жұмсағандарымен әлем лаңкестік пен қатыгездіктен босамады.

Осы күндері, 11-ші қыркүйек оқиғасының қарсаңында Таяу Шығыс, әсіресе Ирак пен Сириядағы оқиғалар Америка үкіметінің лаңкестікпен күресу жобаларының нәтижесіз қалғанын көрсетіп отыр. Өткен бірнеше аптада Америка халқы Ирак-Сирия Ислам мемлекеті (ИСИМ) лаңкестік тобы содырларының екі америкалық журналисті бауыздауларына куә болды. Аталмыш топ америкалықтардың қанын төгіп, өз туын Ақ үйдің үстіне тігетіндіктері туралы ескертті. ИСИМ лаңкестік тобының мүмкіндіктеріне көңіл бөле, бұл сөздерінің дақпырт екені айқын болғанымен, 11-ші қыркүйек оқиғасынан 13 жыл өткеннен кейін Американың Әл-Қаида тобынан да қатерлі топпен кезіккені айқындалып отыр.  Тіпті Әл-Қаиданың өзі де ішкі осалдығы мен Бен Ладен сынды басшысының жоқтығына қарамастан ақырғы кезде Азияның оңтүстігінде әрекеттерін кеңейтетін жобаларын жариялады. Сонымен қатар Әл-Шабаб және Бокохарам сынды лаңкестік топтар да Сомали мен Нигерия елдерінде бейберекеттік тудырды. Қалай болғанда да бұл күндердің оқиғалары Америка үкіметінің қоқан-лоққыларға қарсы қауіпсіздік орнату туралы берген уәделерін іске асырғысы келмегенін немесе асыра алмағанын көрсетті. Осы уақытта америкалықтар һәм ақшаларынан, һәм азаматтық жеке құқықтарынан, һәм қауіпсіздіктерінен айрылды. Бұл жағдайдың келешекте де өзгере қоюы қиын.

 

Қатысты Мақалалар