Жүрегі тұнған мейірім, алақандары аялы, Қазақтың әрбір аруы тамырын терең жаяды. Тақпаса дағы үкісін, үлпілдеп тұрған үмітім, Бұрымын сәл-пәл қиса да, көңілі, жаны баяғы.
Жандарын егер зерттесең, түбіне жетпес ілімдей, «Ауызға үріп салғандай», қазақтың қызы үрімдей. Келбетті, көркем бойжеткен — бұралып өскен тал шыбық, Қазақтың әрбір сұлуы даламның бір-бір гүліндей.

Қызы бар үйдің төріне бақыттың құсы қонады, Береке кіріп, шаңырақ ырыс пен құтқа толады. Сүйетін болсаң оларды — Қыз Жібек, Еңлік, Баяндай, Жауына егер кектенсе, Әлия мен Мәншүк болады!
Қазақтың қызы қырмызы, күн дағы оған күліп тұр, Жаратқан Алла оларға ырзық пен нәсіп бұрып тұр. Аманаттары бабамның — арудың нұрлы жүзінде, Халқымның арман, үміті қарашығында тұнып тұр.
Қызбенен бірге әр үйге әдеп пен иба таралған, Қазақтың әрбір аруы әлемнен мынау нәр алған. Дүниенің барлық сұлуы құрмет пен сыйға лайықты, Қазақтың қызы аялап, ардақтау үшін жаралған!
