Телеарналар тілдің соры болды

/uploads/thumbnail/20170710005643849_small.jpg

Бүгінгідей алмағайып заманда қазақ сияқты саны аз, оның үстіне 300 жылдан астам Ресей империясының құрсауында болып тілі де, діні де адам нанғысыз алакүлік күйге түскен ұлттың ұрпағының ұлттық санасын, ұлттық бүкіл болмысын аман сақтап, алға жетелеудің ең қуатты қаруы да Телевизия екеніне ешкім дауласа қоймас. Әлде сол ғасырлар бойы отаршылдық-колонизаторлық саясаттың табанында тапталып қалған ұлттық қалпымызға қайта келуді, ұлттық рухымыз бен ұлттық намысымызды оятуды 25 жыл бойы дұрыс жолға қоюды қолға алмадық па, әлде олай етуге ішіміздегі үлкен бір жасырын күштер жол бермеді ме қайдам, әйтеуір бүгінгі телеарналар бірыңғай жеңіл-желпі көрсетілімдердің, әсіресе әнші деуге келмейтін сөйте тұра «жұлдыз» атанып жүргендердің, мәтінінің не мәні, не мазмұны жоқ, елірме ауруы бар адамдарша әрнәрсені өлең қып айтып тұрғандардың, КВН сияқты әртүрлі арзан-күлкілі ойын-сауықтардың ошағына айналғаны ақиқат. Және кез-келген мемлекеттің телеарналары қай тілде көбірек сөйлесе, сол елдің халқы негізінен сол тілде сөйлеуге көшіп баратқанын өздері де байқамай қалады. Қазіргі Қазақстан телеарналары негізінен орыс тілінің құрсауынан шықпағандықтанда қазақ тілі өз елінде өгей күй кешіп отырғаны соның дәлелі. Ел үкіметі мен парламентінің орысша түгел орысша сөйлейтіні-ақ осының дәлелі. Сондықтан оған қарсы дау айтамын деп әуре болмай-ақ қойыңыз. Бұның бәрі күніге дерлік айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ бұл телеаурулардың «беті бері қарайтын» түрі жоқ. Тіпті, ауруы меңдеп бара жатыр ма деп те қорқамыз. Жақында ұлттық арна деп аталатын «Қазақстан» ТРК-сына бастық болып Ерлан Қарин деген жігіт келгенде қазақылығы бар жігіт қой, енді бір  сыласы болар» деп көңілденіңкіреп қалғанбыз. Көп ұзамай  бұл арнаға бас продюсер болып Нұрлан Қоянбаев деген не журналист, не саясаткер, не тіл маманы емес, әйтеуір «Түнгі студияға» әр саланың өкілдерін кезекпен шақырып алып арзанқол әзіл, қалжың ұйымдастырып отыратын жігіт, ал «Таң-Шолпанға»  журналистикаға әсіресе тележурналистикаға қырық қайнаса да сорпасы қосылмайтын және әншілігінің өзі онша «алып бара жатпаған» Гүлнұр Оразымбетова келіпті дегенді естігенде мына «кадр саясатынан» жүрегіміз мұздай болды. Өйткені, ұлттық деп аталатын телеарнаңның басшылығында әзілкештер мен әншілер отырса ондағы тіліңнің, діліңнің, ұлттық дүниетанымыңның, ұлттық ұрпақ тәрбиесінің не күйге түсерін көкірегіңізде сәл саңылау болса түсіне беріңіз. Әсіресе, академик Марр бір кезде әлемдегі ең бай, ең көркем тілдің бірі деп атаған түркі тілінің ішіндегі шырайлы да шұрайлысы қазақ тілін соңғы он-он бес жыл ішінде орыс тілінің көшірмесіне айналдырып жіберген де телеарналар екенін қанша жылдан бері қақсап, қақылдап айтып та, жылап-еңіреп жазып та келеміз. Қаттырақ айтсақ кешіріңіз, соның бірде-бірін қыстырып жатқан не жоғарғы, не төменгі жақ жоқ. Телевизияның өте қуатты қару болумен қатар, қауіп-қатері де өте зор. Теледидар оны көріп отырған адамның миына, санасына тікелей қатты әсер етеді. Оның журналисі қалай сөйлесе, көрермен де солай сөйлейтін күйге түседі және оны өзі байқамайды. Қазір екінің бірі сөз арасында «...құрайды», «жәнегі», «жанагы», «белгілі болғанындай», «қайда бармасаң да» деп сөйлейтіні де осы телеарналардағы әрі сауатсыз, не журналистикадан, не әдеби тілден хабары жоқ әнші, квншы, әзілкештердің немесе білім-білігі төмен әйтеуір жаңалықтарды шатты-бұтты, балдыр-батпақ тілмен баяндап шығатын шалағайлардың кесірінен болып отыр. Ондайлар сөз атаулының жазылуы мен айтылуының арасында үлкен айырмашылық (орфография, орфоэпия) болатынын да білмейді. Мысалы «Ақ Орда» сөзі айтылғанда –«Ағорда», «көкөніс» сөзі «көгөніс» деліну керек болса олар соны жазылған күйінде «ақорда, көкорда» дейді. Бұл өте қате. Қазақтар Құдайдай үлгі тұтатын орыстар да «человек», «опоздать», «что» деген сөздерді түгел дыбысымен айтпай «челак», «челок», «што», «апаздать» т.б. дейді ғой. Мысалы «тамақ жеп жатыр», «тойлап жатыр», «жұмыс істеп жатыр» деп бәрін жатырға жатқызып  бүкіл дыбысты түгел айтып жатпай-ақ «тамақ ішібатыр», «жұмыс істебатыр», «не қыласың?»–дегенді «неғыласың», «аспанға ұқсаған көкпенбек» демей «аспанқұсаған» десе еш айыбы жоқ. Түркі тектес әзірбайжан, өзбек, татар, қарақалпақ солай сөйлеп-ақ мемлекеттік тілін төрге шығарып, орыстардың өзін әзірбайжанша, өзбекше сөйлетіп қойды. Және сол әірбайжанға да, өзбекке де, қарақалпақ пен татарға да қатысы жоқ Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал уәлаяттарының қазақтары да ауызекі тілде сөз ортасында «ж»-ны, («жатырды») айтпай-ақ ұғынысады. Осы күні кейбір келіншек түгіл сарықарын қатын-қалаштардың құлағына күйеуім, ерім, отағасым деудің орнына «жолдасым», отбасы, шаңырақ, үй-іші т.б. «жанұя» деген ерсі сөздерді де осы телеарналар әзілкеш, демекші қазір теледидардың бетін бермейтін әзілкештердің бірі Тұрсынбек Қабатов деген жігіт. Осы жігіттің айтып тұрған әзілдерін әзіл деуге де келіңкіремейді. Әр әзілдің өз салмағы, мән-маңызы, мазмұны болуы керек. Тұрсекеңде ол жоқ. Оған қарағанда бет-ауызды жыбырлату, қыбырлату басым. Мейлі, оның сол деңгейдегі өз көрермендері бар ғой дейікші. Ең жаман жері сол ол сахнада тұрып қажетті де, қажетсіз де жерде орыс сөздерін араластырып қолдана береді.

         Бұның бәрі сөз арасында жәй айта салған пікіріміз ғана. Бірақ теледидаршылардың төмендегі  балдыр-батпағынан көп ұзамай тіліміз құрып бітуге таяп қалғанын шынымен байқамайсыз ба? Мына сөз саптауларды дені сау қазақтың сөз саптауы дей аласыз ба? Қараңызшы:

         1.Тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады

         2.Өмірге 2000-ыншы сәби сыйлап (25.03.2017. «СТВ»)

         3.Мереке жылылық сыйлады (7.03.2017)

         4.Қуаныш сыйлады

         5.Дайындық уақыты 3-4 сағатты құрады

         6.Келесі жолы сәттілік жолдас болады («Хабар-24». 26-03.2017)

         7.Бұзу жұмыстары қызу жүргізілуде («КТК»)

         8.Оның қалыңдығы 70 см-ды құрайды (Ұлан Нұрахметұлы «КТК» 24.03.2017)

         9.Кезекті ер адам із-түзсіз жоғалды («КТК» 15.03.2017)

         10.Құбырларды ауыстыру жұмыстары жалғасуда (КТК).(Ауыстырылуда десе болды ғой!)

         11.Сұранысқа ие сыйлықты сатып жатыр (КТК)

         12.Іздеу жұмыстары жалғасын табуда («Қазақстан» 24.03.2017). (Әлі іздестірілуде)

         13.Бұл шаш үлгісі әйелдер арасында жоғары сұранысқа ие болған (Хабар)

 

         14.Сұранысқа ие гүлдер («31 арна»)

         15.»Жүрегі үлпілдей (Бибігүл Жексенбай («Хабар» –«Тұлпар» деген хабар)

         Иә, тәуелсіздік алдық деп 25 жыл күндіз-түні бас-аяғы жоқ той-тойлаған қазақтың 25 жыл ішінде ана тіліне орысшадан тәуелсіздік  әпермек түгіл ең бай, ең шұрайлы да шырайлы түркі тілінің бірі – қазақ  тілін орысшаның тікелей аудармасына айналдырып қорлап қойғанын жоғарыда біз келтірген сөз саптаулар-ақ дәлелдеп тұр. Осындағы құрады, сұранысқа ие, сыйлады, жалғасын тапты деген сөздер-ақ қазақ тілін, қайран ана тілімізді орысшадан тікелей тәржімаланып бүлдіріп, былғап, сол арқылы  орысшаның отар тіліне айналдырып тұр. Әйтпесе, ұлттық санасынан, ұлттық намысынан айрылып қалмаған, не сөйлеп тұрғанына жауап берерлік ақыл-есі түзу қазақ ешқашан жоғарыдағыдай «көңіл-күй сыйлады», «сәби сыйлады», «қуаныш сыйлады» дей қоймайды. Оның орнына «мерекелік шаттыққа бөледі», «қуанышқа қарық қылды», «бір қуантып тастады»  дер еді ғой.Ал анау «сыйладылар» орысша «дарить», «подарил», «жалғасын табудасы-продолжается» деген орыс сөздерінен некесіз баладай туған сөздер. Немесе «3-4 сағатты құрады», «70 см-ді құрады», «зейнетақысы 40000 теңгені құрады» деп те дені сау қазақ айта қоюы екіталай. Осы сөйлемдердің соңындағы «құрадыны» айтпай-ақ «...70 см», «40000 теңге», «3-4 сағат» дей салса да сөйлем әдемі аяқталады. Бұл жерде хабар жүргізіп тұрған қазақты «составляет 70 см» дегендегі «составляетты» алып тастауға оның баяғыдан қанға сіңген құлмінез жібермей тұр. «Сұранысқа ие сыйлық», «жоғары сұранысқа ие», «сұранысқа ие гүлдер» деген де сол өзінің білім-білігі төмен, оның үстіне орысшадан аударып сөйлеуге дағдыланған құлмінезден арылмаған адамның сөз саптауы екені айдан анық көрініп тұр. Жоғарыдағы «Қазақстан» арнасының журналисі «Іздеу жұмыстары жалғасын табуда» деуі де сол білім-біліктің жоқтығынан пайда болған сырқат. Ал көзін ашқалы телеарнада келе жатқан Бибігүл Жексенбайдың «жүрегі үлпілдей» деуіне жол болсын! Жүрек не, үлпілдейтін мақта ма, әлде құстың жүні (мамығы) немесе ешкінің түбіті ме екен? Жүрек лүпілдейді ғой.

         Бүгінгі  телеарналардың ұлтымыздың ұлттық сан-сезімін, ұлттық рухын оятып, тілін, ділін күшейтудің орнына әнші емес әншілерді, сазгер емес сазгерлерді, не өлең, не қарасөз деуге келмейтін балдыр-батпақ мәтіндерді, толып жатқан «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» сияқты сайқымазақ әрі арзан немесе «Нысана» сияқты көргенсіздікке толы әзілдері көп көрсетілімдерді насихаттайтын, КВН-шілердің арзан ойын-сауық, қойылымдарының әйелдердің ұяттылау керек жарағының жарнамашысына, ең сорақысы тілімізді шұбарлайтын қатерлі құралға айналған туралы айтылып келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Бірақ соның ешқайсысынан ешқандай нәтиже шыққан емес. Соған қарағанда Қазақстанда қазақтың сөзі желге ұшып, керуенге қарап шәуілдегенмен бірдей болды ма деп те қорқамыз. Бұған аржағы ақпарат министрлігі, бержағы «Қазақстан» ұлттық арнасының жетекші мамандығы қызметіне Н. Қоянбаев сияқты әзілкешті, Г.Оразымбетова сияқты ең әрі кеткенде ортақол («ортаңқол емес!) әкеп қойған басшылар не дер екен? 

Мырзан Кенжебай, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері

Қатысты Мақалалар