«ҰЛТ БОЛМЫСЫ» ЖУРНАЛЫНЫҢ
«АЛАШ ЖОЛЫ» ӘДЕБИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БӘЙГЕСІНЕ
Драматургия саласы бойынша
Бүркеншік есім: Аламан

он үш көріністі пьеса
«Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты,
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты».
Абай
«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны».
Ахмет
Қатысушылар:
Ахмет – ұлт ұстазы
Іңкәр – Ахметттің сүйген қызы
Елдес – Алаш арысы
Эльза – Елдестің жан-жары
Бәдірисафа – Ахметтің әйелі
1-ші көлеңке
2-ші көлеңке
Сатылған (келуші де сол)
Тергеуші (2-ші тергеуші де сол)
Бастық
Шәкірт
Ақсақал
Сәкен, Мұхтар,Әліби,Міржақып, т.б. дауыстары үнтаспаға жазылган.
Бірінші көрініс
Ақкөлдің жагасы. Қалың қамыстың арасы. Сахнада қол ұстасқан Ахмет пен Іңкәр.
Ахмет:
Сені көрсем, жүрегім аузыма тығылып, кеудеме сыймай кетеді. Кейде ұстаз алдында тұрған шәкірттей қобалжимын.
Іңкәр:
Ертең алыс сапарға аттанғалы отырсың. Қимай кетемін десейші.
Ахмет:
Ия, Іңкәр! Қимаймын. Арман жетелеп, намыс қамшылап, алысқа кетіп барамын. Мені бүл жолға ешкім айдап салған жоқ. Таңдауым осы. Мақсатым көп. Бірақ, қайда жүрсем де жүрегімнің төрінде өзің ғанасың.
Іңкәр:
Әттең, тонның келтесі-ай дейтін кеп өз басымда да бар. Менің қолым қысқа. Елдің сөзі ұзын, өсегі көп. Әйтпесе, өзіңмен бірге кетер едім. Құс қанатындай қанат маған бітсе, сенің барған жеріңе самғап үшып жетер едім.
Ахмет:
Көп ұзамай ораламын. Тағдыр жазса, сол кезде табысармыз. Сағынысып қауышармыз, жаным!
Төсіне басып, құшақтайды.
Іңкәр:
Жүрегі құрғыр бәріне сенеді, бірақ, өрекпи береді.
Кейде ауыр ойлар еңсемді басады.
Неге дегбірім қашады?
Әлде келешек жақсылықтың, жақсы үміттің нышаны ма?!
Ахмет:
Солай деп жақсылыққа жориық.
Іңкәр:
Өзің жиі айта беретін өткен замандағы Қыз Жібек, Еңлік секілді сүйгеніне қосыла алмай, арманда кеткен, зар жылаған қыз аз ба?! Көп болса, көп мұңлықтың бірі болып қалармын. Бірақ, көзімді ашып көргенім өзінсің. Не десең де, көнемін.
Ахмет:
Қапаланба, Іңкәр! Оқу іздеу, өнерге ұмтылу жан құмарлығы. Мен сол құмарымды басу үшін ғана емес, туып-өскен ел-жұртымның көзін ашу үшін жол жүргелі отырмын. Қалаға орналасып, біріңғайланып болған соң тағы келіп, өзіңді алып кетермін. Сен де оқу оқисың.
Іңкәр:
Айтқаның келсін. Мына орамалды өзіңе арнап кестелеп тіккен едім.
Өзімдей көр. Өзімдей болмаса, көзімдей көріп жүрерсің.
Ахмет:
Рахмет, жаным!
орамалды алып, ерніне басады.
Қарсы алғанда елден ерек таңымды,
Сағынышың нұрға бөлеп жанымды,
Екеуміздің есіміміз жазылған
Қолыма алам әсем орамалыңды.
Айшықты етіп гүл салыпсың бетіне,
Жібек жіптен шашақ тоқып шетіне.
Біз екеуміз!
Екеу болсақ, біргеміз,
Бірге болсақ, бөлінбейміз екіге!
Іңкәр:
Ия, біз екеуміз!
дауыстап, сыңғырлап күледі
Екеу ешқашан да бөлінбейді.
Ахмет:
Дұрыс айтасың. Өмірде барлығы да егіз жаратылған. Адам да, аң мен құс та, тіпті өсімдіктер де жұбымен ғана өмір сүреді.
Екеуі қосылып:
Біз екеуміз!
Бөлінбейді іргеміз!
Мәңгі-бақи біргеміз!
көңілді әуен, қуанышты күлкі
Екінші көрініс
Сатылған:
Ақыры дегеніме жеттім. Ахмет келмеске кетті. Ана тұрған Іңкәр ғой. «Мен сендікпін, Сатылған, айналайын атыңнан!» – дейтін күн қашан туар екен?!
дауыстап: Іңкәр!
Іңкәр:
Не болды? Жай ма?
Сатылған:
Қайдан жай болсын?! Ана Ахмет оқуға аттанып бара жатыр. Барлық мақсатын, арманын алып барады. Біз болсақ қалып барамыз.
Іңкәр:
Оған қапа болма. Елге де адам керек. Арамыздан әуелі бір кісі оқыса, кейін оған қосылатындар көбеймей ме?!
Сатылған:
Солайы солай ғой, біз де елдің бір қажетіне жарасақ деген тілек қой, әншейін.
Іңкәр:
Ендеше арманыңа жетуіңе тілектеспін.
Сатылған:
Рақмет!
өзіне өзі:
Сол кеткеннен мол кетерсің, Ахмет. Сенен басқа ақылды адам жоқ деймісің?! Жақсы атақ та, әдемі қыз да сенікі болуы керек пе?!
Мен де жақсы көрем Іңкәрді.
Түрім де ешкімнен кем емес.
Серілігім де жоқ емес. Ендеше «жігітті ел мақтаған қыз жақтаған» демей ме?! Бірақ, Ахметтің не кереметі барын қайдам, бұл қу қыз одан асқан адам бар деп білмейді.
Тіпті мың жерден жамандасаң да, сенбейді.
Ахмет тұрғанда менің айтқаныма көнбейді.
Ендігі амал қулықта.
Ұрымтал тұстан ұрайын.
Донос жазып, қайтып келместей қылайын.
алақанын ысқылап
Оны жазатын адамды да таптым.
Үшінші көрініс
Бұрышта Іңкәр. Көзінде жас. Бір шеттен Сатылған шығады.
Сатылған:
Іңкәр, амансың ба? Қайдан жүрсің?
Іңкәр:
Ахметті үндеместер алып кетіпті.
Не үшін? Неге? Неге?
Қандай жазығы бар?!
Сатылған:
Іңкәр, мен де соған қайранмын.
күмілжіп:
Қалайша бұлай болды екен?
Іңкәр:
Ендеше бір амалын тапсаңшы. Екеуің дос емес пе едіңдер?! «Досқа достық қарыз іс» деуші еді бұрынғылар. Қандай көмек жасарымды білмеймін. Менің қолымнан не келеді. Кімге барып шағынайын.
Сатылған:
Сабыр ет, Іңкәр! Анық-қанығына жетерміз. Түсінбестік болған шығар.
Іңкәр:
Ахмет ойын-тойдың көркі еді, отырыстың сәні еді. Айтқан сөзі, салған әні, тартқан күйі жан-дүниемді тебірентетін.
Сатылған:
Дұрыс айтасың, Іңкәр. Біздің де қабырғамыз қайысып, бұғанамыз майысып тұр. Үкімет адамдары бәрін анықтар. Нақақтан жалалы болса, Алла жақтасса, жазадан да құтылар. Мен бір хабарын берермін, Іңкәр! Жақсы.
қолынан ұстап қоштасады
Іңкәр:
Жақсы, Сатылған. Қуанышты хабар күтемін.
Сатылған:
өзіне өзі:
Ха-ха-ха! Ортаның көркі дейді.
Салған әні, тартқан күйі, айтқан сөзі дейді.
Енді қайтып естімессің оның сөзін де, әнін де.
Көре алмассың сәнін де.
Темір тордың ар жағынан шықпайтындай қылармын.
Іңкәрдің алдында «біз де жігітпіз» – деп кеуде қағып тұрармын.
«Ал, бойжеткен, кімнің бағы жанды?» – деп сонда Іңкәрдан сұрармын.
Төртінші көрініс
Абақты. Ахмет темір тордың ар жағында.
Терезенің алдына он бес-он алты жастағы қыз келеді.
Қыз:
Аға, Сізге тамақ әкеліп едім.
Ахмет:
Рахмет, қарындасым! Қарным аш емес. Маған осы араның ас-суы да жетеді.
Қыз:
Бір тілім нан мен қатықсыз қара су ас болып жарыта ма?! Ас-адамның арқауы демей ме? Ішіп алыңыз!
Ахмет:
Рахмет, айналайын! Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын деген екен бұрынғылар. Тапқан-таянғаның өз басыңа жетпей жүріп, мұның не, жаным-ау! Бұдан былай маған тамақ әкелмей-ақ қой.
Қыз:
Жоқ, аға! Қолымды қақпаңыз. Ниетімді қайтармаңыз. Өзіңізге деген ықыласым ғой. Сіз халыққа керек адамсыз.
Ахмет:
Оны қайдан білдің?
Қыз:
Ел құлағы елу емес пе?!
Ахмет:
Өзіңді осы түрме ішінде бұрын да көрдім. Есімің кім, қарындасым?
Қыз:
Есімім Александра. Әке-шешеден ерте айырылған соң түрменің еденін жуып, күнкөріс жасап жүрмін.
Ахмет:
Тағдыр ісіне не шара?! Ықыласыңа тағы да рахмет, қарындасым. Ендеше маған тағы бір көмек жаса. Менің жазған-сызғандарымды осындағы бір таныстарыма апарып қою керек еді.
Қыз:
Аға, сіздің өтінішіңізді орындау мен үшін үлкен абырой. Бұлжытпай орындаймын!
Ахмет:
Ендеше ертең бір айналып соқ. Мен барлығын дайындап қояйын.
Қыз:
Жақсы, аға! Көріскенше сау болыңыз!
Ахмет:
Сау бол, айналайын!
Қыз шығып кетеді.
Ахмет
өзіне өзі:
Киіктің асығындай бала екен. Мінезі де, тіпті мүсіні де Іңкәрдан айнымайды. Ақкөлдің жағасына, Аққұмның даласына қайтып келемін деген уәдем бар еді. Мына кері кеткен заман ырқыма қойды ма?
Жаралы жанымды қалай жұбатайын?
Жүректегі запыранды қалай кетірейін? Тар қапаста даланы аңсасам да, елді сағынсам да көз алдымда Іңкәр тұрады.
Ахмет ақырын әндетеді. Әуелі баяулатып бастаса да кейін дауысы күшейе түседі:
Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты,
Сөзі бар алуа, шекер, балдан тәтті.
Адамның өзім көрген абзалы екен,
Айтайын өлең қылып перизатты.
Көзімнің жанарындай сәулем едің,
Көңілімнің қуанышты дәурені едің.
Ойымнан жатсам-тұрсам еш кетпейсің,
Басымды не сиқырмен әуреледің?
Бесінші көрініс
Семей абақтысы. Тор көздің ар жағынан болмашы ғана сәуле байқалады.
Тергеуші:
Сіз он жыл бойы мұғалімдік қызмет атқарған екенсіз. Балаларға білім беруге үкіметтің қарсылығы жоқ. Бірақ, қазақ халқының атынан жазылған петицияға сіз де қол қойыпсыз. Сондағы мақсатыңыз не?
Ахмет:
Мақсатым – халықтың көзін ашу, сол жолда елдің басын біріктіру, Орыс халқының Крылов деген ақыны болған. Мен сол кісінің мысал өлендерін аудардым. Ол да сондай игі мақсатган туған.
Тергеуші:
Сіздің әкеңіз Байтұрсын Сібірге айдалған екен. Не үшін айдалғанын жақсы білетін шығарсыз.
Ахмет:
Ол кезде мен он үштегі баламын.
Тергеуші:
Сіз айтпасаңыз, мен айтайын. Ол ояз Яковлевке қол көтеріп, басын жарған, яғни, бұзақылық жасаған, сол үшін жазасын алған. Ал сіз болсаңыз тағы да ел арасына іріткі салғыңыз келеді.
Ахмет:
Іріткі емес, ол өмірлік мәселелер. Біздің петицияда көрсеткен негізгі мәселеміз жер мәселесі. Жер дауы деген қазақта ежелден бар. Қазақ жеріне переселендердің кейінгі кезде көп келіп жатқаны рас, соны тоқтата тұруды өтінгенбіз. Екінші – жергілікті халыққа земство берілуі керек. Үшінші, қазақ халқы мүфтиге қарауы керек, өйткені, олар мұсылман халқы болып есептеледі деп жазғанбыз.
Тергеуші:
Бірақ, сіздің бүл пікіріңізге қазақтың белгілі болыстары, тіпті олардың тілмаштарына дейін қарсы ғой.
Ахмет:
Ол олардың жеке пікірі. Мен өз пікірімде қаламын.
Тергеуші:
Жарайды! Бүгінгі әңгімені осымен доғара тұрайық. Конвой! Тұтқынды алып кетіңіз.
Ахмет шығып кетеді. Артында мылтық асынған конвой. Сахна айналады.
Абақты камерасының терезесінде темір тор.
Ахмет:
Қайран, Абай! «Ойында жоқ бірінің Салтыков пен Толстой» дегенде, ұлы ақынның көкірегі шерге толған екен-ау. Он үшімде жүрегіме оқ тиіп, сол қансыраған жараның орны әлі бітпей келеді.
Отырмын абақтының бөлмесінде,
Бұйрықсыз, көз жетеді өлмесіме.
Есіктің құлпы мықты, күзетші көп,
Ажалдан басқа ешкім келмесіне.
Қоршаулы айналасы биік қорған,
Берік қып салған темір терезесіне.
Қалайша мұны көріп көңіл сенбес,
Аттанып жау келсе де бермесіне.
Қанбақпен салмағын тең бұл бір заман,
Ылаж жоқ жел айдаса ермесіңе,
Тайпалған талай жорға, талай тұлпар,
Тағдырдың кез келіп тұр кермесіне.
Солардан жаным – тәнім ардақты емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне!
Ахмет тұрған орын жап-жарық. Екінші бұрышқа сәуле түседі. Ол жерде қара киімді, әлде адам, әлде басқа бір мақұлық па, әйтеуір, қара киімді көлеңке көзге түседі. Оның екі жағынан да жарық түсіп, көлеңкесінің өзі арбиып, бүйіге ұқсап көрінеді.
Алтыншы көрініс
Сахнада қара көйлек киген, басына ақ жаулық салған Бәдірисафа.
Бәдірисафа:
Ахметпен кездескенім күні кеше ғана сияқты еді. Уақыт не деген жүйрік ?! Тағдыр ісіне көнбеске шараң жоқ.
«Жақсының аты өлмейді» – деген рас екен. Ахмет дәл қазір менің жанымда тұрғандай.
Алдынан жас жігіт жолығады:
Жігіт:
Армысыз, Бәдеш апа!
Бәдірисафа:
Бар бол, балам! Танымадым ғой, кім боласың?
Шәкірт:
Мен Ахаңның шәкіртімін, апа! Ол кісі маған Әулиекөл деген жерде сабақ беріп еді. Сабақтары қандай тағылымды еді?! Әлі есімде, тақтаға араб әрпімен «Ш» әрпін таңбалайтын.
Балалар, қараңдар!
Бұл аш шал,
Бойыңа назар сал!
Сақал-шашы ақ,
Қайраты қайтқан шақ.
Ауқаты – шабақ,
Сусыны – шалап,
Қатқан аш, арық,
Бұл сондай шатақ шал! – дегеннен кейін «ш» әрпін енді қайтып ұмытпайтынбыз.
Бәдірисафа:
Рахмет, балам!
Аханның халқына жасаған жақсылығын елі ұмытпас. Ол кісі төңірегін жарық қылған жалын, жаратушының жіберген нұры секілді кісі еді ғой, жарықтық!
(музыка ойналады)
Сахнаның ортасындағы Ахаң суретіне жан біткендей болады. Сурет тұрған орыннан Ахмет шығады.
Ахмет рухы:
Ия!
Мен кешеден келген жарық нұрмын,
Тәуелсіздік заманды танып тұрмын.
Бәдірисафа, өзіңді ойда жоқта
Қарқаралы жерінде жолықтырдым.
Бәдірисафа:
Неге есімде болмасын?!
Әуелі Алла жаратқан,
Әулие-әмбие ұрпағыңды қолдасын,
Ол бір жарқын күн еді,
Әлі есімде түрмедегі өңі кашқан реңің.
Бірақ, батыл серпіп тастап қараңғылық түнегін,
Сен сонда да жап-жарық боп тұр едің.
Ахмет рухы :
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны.
Сахна көмескіленіп, екі бұрыштан екі көлеңке шыгады.
1-ші көлеңке:
Біздің көзіміз орыс оқуы, орыс тілі арқылы ашылды. Ал Қарқаралыдағы Ахмет Байтұрсынов дейтін мүғалім басқаратын училищеде ылғи қазақ балалары оқиды. Олардың арасында тіпті бірде бір орыс баласы жоқ. Оқитын балалар бар, бірақ оларды Байтұрсынов ұлтшыл болғандықтан әдейі алмаған. Ал жақында сол оқу орнындағы қазақ шәкірттері бір сарттың баласын жабылып сабапты. Ахметті бірінші Думаның мүшесі Әлихан Бөкейханов қолдайды. Ол да соған сүйеніп, ойына келгенін істеп отыр. Балаларды тек қазақша оқытып, қазақ дәстүрін үйретеді. Үкіметке қарсы ғайбат сөздер айтады.
2-ші көлеңке:
Ахмет Крыловтың мысалдарын аударады. Бірақ, оның өңін айналдырып өзгертіп, ұлтшылдық пиғылын танытуға қолданып жүр.Мысалы, «Қасқыр мен Тырна» деген өлеңін «Қасқырдай қара жүрек залымдардың Жүрмеңдер түсіп кетіп тамағына» – деп аяқтапты. Қасқыр деп отырғаны ұлы орыс халқы екені, қазақты қойға теңегені тайға таңба басқандай белгілі.
1-ші көлеңке:
Ахмет басқарған «Қазақ» газеті қазақ тілін бірінші орынға қояды, балаларды осы тілде ғана оқытуға үгіттейді. Ахмет орыс сөздерін де менсінбейді, көп сөздерге қазақ тілінде балама тауып, балалар санасына солай сіңіруге тырысады. Бұл үшін губернатор мен полиция оған бірнеше рет айып салды, тұтқынға алу туралы шешім де шығарды, алайда оның достары мен жақындары қажетті ақшаны жиып беріп, кұтқарып алды. Газетте ел басқарған жақсыларға тіл тигізген мақалалар басылады.
2-ші көлеңке:
«Қазақ» газетін шығарушы Ахмет Байтүрсынов һәм Міржақып Дулатов өздерінің агенттері һәм школдағы шәкірттері арқылы қазақ халқын өкіметке қарсы тұруға құтыртып жатыр. Түрік пен неміс орысты жеңіп тұр, қамсыз қалмаңдар, кезі келді, қимылдап қалыңдар деп жол береді. Және де халыққа түсіндіреді: «Қазақ Россияға қарағаннан бері орыс үкіметі қазаққа пайдалы закон шығарып көрген жоқ, қазақты жұрт екен демейді, жерден ақымақ болып айырылдық» – дейді.
Ахмет рухы:
Іші лас, сырты таза залымдардың арбауына алданба, бауырларым!
Есіңді жи!
Еркін далам қайда?
Еркін көшкен ел қайда?
Бетегелі бел қайда?
Шағалалы көл қайда?
Малың алдауда.
Жаның арбауда.
Жақының қамауда.
Тілің құрсаулы.
Адымың тұсаулы.
Лақ құрлы бақырмай,
Өлемісің, япырмай!
Бәдірисафа:
Қазақ халқы: «ит үреді, керуен көшеді» – демей ме ?! Сіз секілді халық қамын ойлаған азаматқа табыстырған тағдырыма ризамын!
Ахмет рухы:
Рахмет, Бәдеш! Сенің ықыласыңа ұлы Абай сөзімен жауап берейін:
«Дүнияда сенен артық маған жар жоқ!»
осы әннің әуені ойналып, кейіпкерлер кетеді.
Жетінші көрініс
Жұпыны бөлме. Кітап сөресі мен музыкалық аспаптардан басқа артық бұйым жоқ.
Сахнада Елдес пен Эльза.
Елдес ән бастайды:
Мәриям Жагор деген орыс қызы,
Он бес пен он алтыға келген кезі.
Жігітке Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мәриямның айтқан сөзі.
Эльза қосылады:
Дудар-айым, дудым,
Сенің үшін тудым.
Шіркін-ай, Дудар-айым, дудым-ай!
Елдес:
Мынандай әнге кейіпкер болған Дударда не арман бар?
Эльза :
Дударға ғашық болған Мәриям да тегін емес-ау.
Елдес:
Екеуі бір-біріне сай болған ғой.
Ахмет Байтұрсынов та жас кезінде Іңкәр деген қазақ қызына ғашық блған. Оның «Аққүмның бір қызы бар Іңкәр атты» деген әнін қазір екінің бірі біледі. Бірақ, оған қосылуды тағдыр жазбапты.
Эльза:
Елдес,сен білесің бе, Ахаң Бәдеш апайға үйленгенде ауылдағы туыстары ұнатпапты деседі, ұлты басқа деген болар.Біздің де жағдайымыз сол кісілерге ұқсас емес пе?!
Елдес:
Ұқсас болғанда қандай?! Егіз қозыдай айнымайды десе де болады. Ахаң елге барғанда осы сауал оның да алдынан шығыпты. Ауылдастары: «Өзіңіз қазақ бола тұра, келіншекті басқа ұлттан алуыңыз қалай?» – деп сұраса керек. Сонда Ахаң: Ол рас!
Мына отырған Александра Ивановна,
Ризамын маған оны тағдырдың қиғанына.
Бір қазақ бір кәпірді мұсылман қылса,
Татиды он қазақтың иманына, – деп жауап беріпті.
Эльза:
Тауып айтқан екен.
Елдес:
Ахаң жан-жарын мұсылман дініне кіргізіп, құлағына азан айтып, Александра атын өзгертіп, Бәдірисафа деп ат қойған. Некелерін қиып, неке суын ішіп дегендей, қазақы салт-дәстүрге сай үйленген. Әлихан Бөкейхановтың жұбайы да орыс қызы. Ол кісі де қазакша-орысшаға бірдей.
Эльза:
сықылықтап күліп
Ой, Елдес, олар орысша және қазақша білсе жетіп жатыр. Ал менің ана тілім неміс тілі ғой. Сонда маған үш тілді білу керек қой.
Елдес:
Ендеше сен маған неміс тілін үйрет, мен қазақ тілінен қолқабыс жасайын. Тіл білгеннің пайдасы болмаса, зияны жоқ.
Эльза:
Витте!
Елдес:
Данке!
Эльза:
Тіл дегеннен шығады, мен баяғыда Ташкенттен Қызылордаға кетіп бара жатқанда Міржақыпқа хат беріп жібергенің есіңде ме?
Елдес:
Ол бір ұзақ хикая. Онда мен математикалық формулалардың белгіленуі жөніндегі мәселелер туралы Ахаңмен ақылдасқым келген. Сол хат тергеушілердің қолына түсіп, есімізді шығарған. Әлгі үсті-басы түгел былғары, түсі суықтар формуланы құпия шифр деп ұғып, басымызды әңкі-тәңкі қылған.
Эльза:
Рас, рас! Сол кездегі көрген қорлық өмірі естен кетер ме?
Елдес:
Жарайды, еркем! Мен баспа жаққа барып келейін.
Есіктен шыгып кетеді. Бәдірисафа кіреді.
Эльза:
Армысыз, Бәдеш апа! Кімді айтса сол келеді деген рас екен. Әлгінде ғана Елдес екеуміз сіздерді әңгіме қылып едік.
Бәдірисафа:
Соңғы кезде біртүрлі жүрегім қобалжып, мазам кетіп жүргені.
Эльза:
Ол аумалы-төкпелі заманның ауа райына байланысты шығар. Ахаң мен Елдес те келешек үшін жандарын шүберекке түйіп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүр ғой.
Бәдірисафа:
Біз осындай қысылтаяң шақта оларға сүйеу болуымыз қажет.
Эльза:
Дұрыс айтасыз! Сүйей де, сүйе де білуіміз керек. Шынымды айтсам бар ғой, осы Еддестің етегінен ұстап, тағдырымды қосақтағалы адал да аңғал қазақ халқын керемет жақсы көріп кеттім.
Бәдірисафа:
Ұзағынан сүйіндірсін!
қолына мандолин аспабын алады
Домбыра шертуді үйренгім келіп еді, икемге келмей жүр.
Эльза:
Ендеше Абайдың әнін айтайық. Мен бастайын. Сіз қосылыңыз, Бәдеш апа!