«Көк тудың желбірегені» әнінің ең алдымен сөзі жазылды ма, әлде әні ме?

/uploads/thumbnail/20170710011659654_small.jpeg

Еліміз Тәуелсіздік алған кезде елге оралған қандастарымыздың алғашқыларының бірі -  ақын  Алмас Ахметбекұлы.  Еңсеңді биіктетіп, абыройыңды асқақтатын «Көк тудың желбірегені» өлеңінің авторы ақын Алмас Ахметбекұлының  «Көк тудың желбірегені» кітабы халық сұранысының артуына байланысты екінші рет баспадан шығып отыр.

2017 жылдың 6-шы наурызында «Атакент-ЕХРО» көрме орталығында «ІХ халықаралық кітап және полиграфия көрме-жәрмеңкесі» өтті. Көрмеге әр баспа үйі басып шығарған кітаптарын ұсынумен қатар, көрме десе көруге құмар көпшілік тарихи оқиғаның куәгерлері болды. Тәуелсіздіктің символындай болған «Көк тудың желбірегені» атты әннің сөзін жазған, сөзіне бүкіл елге, Отанға деген сан жылдық сағынышын жазған Алмас Ахметбекұлының «Сардар» баспа үйінен 1000 дана таралыммен жарық көрген «Көк тудың желбірегені» атты жыр жинағының тұсауы кесілді деп хабарлаған едік.

Қос бірдей қуанышты жаңалық барысында Алмас Ахметбекұлымен бүгінгі кездегі өлең,  әдебиет жаңалықтары жайында ойын сұрап, сұхбаттасқан едік.

Құрметті Алмас Ахметбекұлы, бүгінгі «Көк тудың желбірегені» атты кітабыңыздың  халықтың сұранысы бойынша екінші рет баспадан шығуы үлкен қуаныш. Құтты болсын! «ІХ халықаралық кітап және полиграфия көрме-жәрмеңкесі» жайлы және бүгінгі күндегі кітаптың оқылуы жайында пікіріңіз қандай?

 Кітап көрмесі жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін іс-шара. Бүгінде кітап сүйер қауымның бас қосатын мекеніне айналып отыр.  Ал қазіргі күндегі кітаптың оқылуына келер болсақ, жақсы кітаптар оқылады. Іздеп  жүріп оқитын кітаптар да бар. Кітаптың оқылуы оның сапасы мен санына байланысты.

«Бір ел – бір кітап» Республикалық акциясы аясында жалпыхалықтық оқуға Жыл кітабын таңдау отырысының нәтижесі бойынша Алашорданың 100 жылдығына байланысты Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығы таңдап алынды. Осы жайында не айта аласыз?

Өте жақсы. Сұлтанмахмұт Алаштың алғашқы туын көтерген ақын. Ол Алаш идеясын халыққа жеткізе алады.

Өзіңіз үлгі тұтатын ақын кім?

Абай , Дулат Бабатайұлы, Міржақып Дулатов, Жұмекен Нәжімеденов. Осы кісілердің поэзиясы маған керемет ұнайды.

«Көк тудың желбірегені» әнінің ең алдымен сөзі жазылды ма, әлде музыкасы жазылды ма?

«Көк тудың желбірегені» өлеңіне Ермұраттан бұрын да әндер жазылған болатын . Алайда олар  ұнаған жоқ. Сосын Ермұратқа ұсынысты мен жасадым. Бұрынғы Әнұранның қалыбынан пайдаланып, Әнұран деңгейіндегі диапазоны кең ән жазылу керек деген идея болды.

Алмас Ахметбекұлы, уақыттың  тапшылығына қарамастан берген сұхбатыңызға рақмет!

Шығармашылығыңызға табыс, отбасыңызға береке тілеймін! 

Сұхбаттасқан : Айгерім Таубай 

Қатысты Мақалалар