«Жан сарайы» театры өнерсүйер қауым назарына «Қара шекпен» атты қойылымды ұсынды

/uploads/thumbnail/20170710021716301_small.JPG

Қыздар университетінің студенттік «Жан сарайы» театры өнерсүйер қауым назарына «Қара шекпен» атты қойылымды ұсынды деп хабарлайды "Қамшы"ақпараттық агенттігі.

Спектакль осетиялық драматург Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» пьесасы негізінде сахналанды. Қойылымды жас режиссерлар Даулет Арипов пен Мерхат Жонусов қойды. Қойылымның ұзақтығы – 1 сағат. Айта кетейік, студенттік «Жан сарайы» театрының актерлері оқу орынның «Өнер және мәдениет» факультеті «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығының 1-2 курс студенттерінен құралған.  

Г.Хугаевтың аталмыш пьесасы көптеген елдердің сахнасында қойылған.  Ертегі ретінде де, әфсана ретінде де ұсынылған. Шығарманың кейіпкерлері жабайы аң-құс пен үй жануарлары. Туындының басты мақсаты – жан-жануарлардың бейнелері арқылы адам бойындағы әртүрлі кемшіліктерді көрсету, ой салу, адамның шынайы бет пердесін ашып көрсету. «Қара шекпен» – махаббат пен достық, адалдық пен сатқындық тоғысқан философиялық әфсана. Спектакль өмірдің ақ пен қарасын, адалдық пен арамдықты, жақсылық пен жамандықтың бітіспес күресін қойылымның басты кейіпкерлер: Тұзар-ит, Көкжал-қасқыр, Қаншық, Данышпан-қарға, Қосүрей-қоян, Сылаң-түлкі, атшабар-Шибөрі,  үй жануарлары есек, теке, қойлар мен қозы арқылы  көрерменге жеткізе білген. Адам кейпін хайуан арқылы сатиралық түрде жасыру - эзоптық әдісті қолданып, бүгінгі түлкiдей құбылған заманның ащы шындығын түрлі образдар арқылы жеткізген. Мысалы, Қарға арқалы байсалдылықты, қасқыр арқылы зұлымдық пен айланы, Төбет арқылы сенімділік пен адалдықты, Есек-қырсықтықты, түлкі арқылы қулық пен екіжүзділікті, теке арқылы билікқұмарлылық сынды адам бойындағы қасиеттерді көрсете білген.

«Рөлдерді ойнаушылар студенттер болса да, актерлар ойыны жоғары деңгейде ұсынылып, өзіндік ерекшелігімен көрермендерді баурай алды. Ең бастысы көрерменге жеткендігі. Бізге де, залда отырған барша көрерменге әсер етті. Режиссердің айтатын ойы ашылды. Менің өзіме қоян, қарға, шибөріні сомдаған актерлердің рөлі көңілімнен шықты. Негізінен, бұл қойылымның айтар ойы терең. Қазіргі заманда өзекті тақырыптардың бірі. «Жан сарайы» театрына тек сәттілік тілеймін. Репертуарлары тәрбиелік мәні зор қойылымдарға толы болсын!», деді қойылымнан кейінгі әсерімен бөліскен Т.Жүргенов атындағы өнер колледжінің, «Актер шеберлігі» мамандығының оқытушысы, актер Айдос Әуесбаев.

Адами қасиеттер мен құндылықтарды алға тартқан қойылымның жастарға  айтары көп, ой салатын, идеясы терең, тәрбиелік мәні зор заманауи спекталь. Осындай құнды дүниені ұсынып отырған жас дарындардан құралған театр ұжымының қашанда өз көрермені болатыны сөзсіз. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар