Айлық көбейгенімен ұяттың көбеймейтіні қандай өкінішті!

/uploads/thumbnail/20170710022742420_small.jpg

Аяулы анамның асыл тілін қорлау – қазақ топырағында жүйелі (бәлкім, жоспарлы...) түрде жалғасуда...
Ең алдымен, менің әріптестерім – журналистер – туған тіліміздің жанашыры бола тұра, аса оспадар, тым тұрпайы сөйлей салады. Мысалы, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева туралы журналистер «Қаланың бас ұстазы» деп жазады. Бұл не лауазым, қандай құрмет?
Шымқалада күллі ғұмырын бала тәрбиесіне сарп еткен өнегелі, тәжірибелі ұстаздар жоқ па, әлде, қалалық білім бөлімінің басшысы абыз мұғалімдердің бәрінен мықты ма?..
Меніңше, бұлай жауапсыз сөйлей салу – кәсібиліктің төмендігі ғана емес, тәлім-тәрбиенің тапшылығы һәм ұят-аяттың кемшіндігі. Шымқалада ұлт тәрбиесінің тұтқасын ұстаған ұлағатты ұстаздар шоғырының ұйысқандығы шындық. Егер ертеңіміз еңселі болсын десек, кешегіміздің қадірін білуге тиіспіз.

Сол Шымкенттің велик пен тазалыққа құмар, ә дегенде, жаңашылдыққа жанын сала ұмтылған әкімі Ғабидолла Әбдірахымов: «Орыс тілі мұғалімдерін Ресейден алдырып, оларға жатақ салып беру керек» – деп, соғып жіберіпті. Сөйтсек, әлгі Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева: «Қала мектептеріндегі 2,5 мың орыс тілінің мұғалімдері зейнет жасына жеткен. Бізде 18 бос орын бар, бірақ, оқытушылар жоқ. ЖОО-мен келісішартқа тұрғанбыз, алайда, оларда дәл осы мамандықты бітірген түлектер болмай тұр. Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін еліміздің солтүстік өңірлерінен тартуға ұсыныс білдіремін», – деп, «еңірегенде етегі жасқа толыпты»...

Осы да шешімі қиын мәселе ме? Мұндай болмашы түйінді шеше алмаса, күллі әкімшілік аппараттары, мемлекеттік шенеуніктер немен айналысып жүр? Бұл мәселе бір күнде пайда болған жоқ қой, неге алдан-ала жоспарлап, жүйелеп жүзеге асырмаған?..

Астанадағы сол жағалауда Ерлан Сағадиев дейтін министр (кейбіреулердің қасаң тіл, тар түсінігімен «Қазақтың бас ұстазы» деуге, аузымыз ашылмады...) қазақ тілінің қатарына орыс тілі былай тұрсын, ағылшын тілін қосақтап жатқанда, қалайша қазақтың ең қазақи мегаполисі саналатын Шымкентте орыс тілін білетін білікті мұғалім табылмай қалды?..

Шымқаланың әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтің «Егер қажеттілік туындап жатса мұғалімдерді Ресей мен Украинадан шақыртуға дайынбыз. Оларға арнап жатақхана да салу керек. Әр маманның жеке бөлмесі, ванна және ас бөлмесі болады», – деп белсене сөйлеп, бел шеше кіріскеніне қарап, «Ерлан Сағадиев ағасынан бата алды ма екен» деген ой келді, қалай десек те, ана тіліміздің қарсыластары бір кісіге көбейген секілді...

Меніңше, бұл қылық та – мемлекеттік тілге қарсылық әрекеттің бір түрі. Сондықтан, бұдан былай ана тілімізді қорлаған әкім болсын, жәй адам болсын, заңның алдында қатаң жауап беруге тиіс. Осындай тәртіп енгізуіміз керек!
Әйтпесе, «Мақтаған қыз – тойда «сасытады» демекші, күннен-күнге «кеудесі қысылып, тынысы тарылған» қазақ тілінің жалынды жауынгерлерінің бірі, мәжілісші Бекболат Тілеухан да өзінің атышулы шығармашылық кешінен кейін кежегесі кейіндеп, момақан күйге түсе қалыпты...

Күні кеше Білім министрін «жекпе-жекке шақырып» елді шулатқан Бекболат Тілеухан Ерлан Сағадиевтың орынбасарымен жеке кабинетке шақырып, оңаша сөйлесуге шақырып, мүләйімси қалды. Бір жағынан, мәжілісшілердің айлығы анағұрлым көбейіп жатқанда, өз нәпақаңа қарсы шығу – ақымақтық та шығар?!. Осыған дейін шенеуніктермен дауласқан мәжілісші Бекболат жуасып қалмай қайтсін! «Әліппені балабақшада оқытуды» көздеген бағытынан қайтпаған Білім министрлігінің басшыларымен депутат Тілеухан лезде келісіп, нанға жаққан сары майдай жылы-жұмсақ сіңісе кетті...

Арғы жақта (бәлкім кассада не бухгалтерияда) едеуір өскен айлақтарын үлестіріп жатты ма екен, мәжілісшілер «болашағымыз – балалардың» тағдырын талақ тастап, отырыстан ойқастап шығып жатты...

Тіпті, Білім министрі орынбасарының балабақша тәрбиешілер мен көмекшілерінің 25-35 мыңнан аспайтын айлығын көбейтуді өтініп, депутаттардан көмек сұрағанын – қарындары ашқан депуттардай естігісі де келмей, қатты асығысып, кетіп қалды...

Тек, Бекболат Тілеуханның ғана: «Оны жеке бір кездесеміз. Ақпарат құралдары бұрып әкетеді деп тереңдегім келмейді. Жеке кабинетте кездесе жатармыз» – деуге әзер шамасы келді...

Айдалада отырып, мен ұялдым...

Айлық көбейгенімен ұяттың көбеймейтіні – қандай өкінішті!

 

Қажымұқан Ғабдолла

 

Қатысты Мақалалар