FINANCIAL TIMES: ОРЫС ТІЛІ КСРО АУМАҒЫНДА, ӘСІРЕСЕ ҚАЗАҚСТАНДА МӘРТЕБЕСІНЕН АЙЫРЫЛУДА

/uploads/thumbnail/20170710024655156_small.jpg

Соңғы 20 жылда орыс тілінің әлемдегі мәртебесі түсіп келеді деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Financial Times газетіне сілтеме жасап. Бұрынғы кеңестік республикалар өз лингвистикалық тәуелсіздігін нығайтуға талпынуда.

Ресей президенті Владимир Путин Украина мен Сирияға әскерін кіргізу арқылы державаның беделін әлемдік аренада күшейту әрекетіне қарамастан, бұл Мәскеудің ықпалы әлсіреп жатқанын білдіреді.

БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына сәйкес, бұл процесс Қазақстанда жылдам жүруде. Мәселен, 2016 жылы қазақстандықтардың 20,7% үйінде орыс тілінде сөйлесе, 1994 жылы оның пайыздық көрсеткіші 33,7% болды. Оның үстіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу мәселесін қозғады.

Эстония мен Латвияда 1994 жылдан бері орыс тілін негізгі тіл деп есептейтіндердің саны 10% кеміген. Мұндай өзгеріс Украинада да сезіледі.Әзірбайжан, Литва, Түркменстан мен Өзбекстанда да орыс тілділердің саны күрт төмендеген.

«Бұл елдер кеңестік режимнің құлдығында көп жылдар бойы зардап шекті. Енді олар құлдық туралы еске салатын барлығынан арылуды ойлайды. Оның ішінде тіл де бар» деді Крис Уифер Macro-Advisory компаниясының серіктесі Financial Times-қа берген сұхбатында.

Уифердің сөзінше, КСРО-ның құрамында болған елдер біртендеп Ресейдің мәдени және ең алдымен саяси ықпалынан арылып келеді.

2008 жылы Ресеймен соғыста Грузияда орыс тілділердің саны 1,1% кеміген. Елдің бұрынғы президенті Михаил Саакашвили мектептегі екінші тіл ретінде оқылатын орыс тілі пәнін ағылшынға ауыстыруға тапсырма берді.

Тек Белоруссия ғана өзге елдерден ерекшеленіп келеді. 1994 жылы халықтың жартысынан көбі орыс тілін ана тілім деп есептесе, 2016 жылы белорусстықтардың 71% негізгі тіл ретінде орыс тілін таңдаған. Оған Александр Лукашенконың билікке келгеннен кейін референдум өткізіп, орыс тілін екінші мемлекеттік тіл мәртебесін бергені зор ықпал етті.

 

Қатысты Мақалалар