14 сәуір күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдау мақаласына байланысты М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында ұжымның және БАҚ өкілдерінің қатысуымен талқылау жиыны өтті деп хабарлайды Қамшы АА театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Жиын барысында театр директоры Ерлан Біләл ел игілігі үшін жасалып отырған жобаның халыққа ұсынылуымен жиналған қауымды құттықтады. Театр әртістері мақаланың орынды уақытта жарияланғанын атап өтіп,өз ойларын ортаға салды:
Асанәлі Әшімов:
Елбасымыздың жолдау мақаласындағы рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты белестерінің бірі деп есептеймін. Себебі, рухы, салт – дәстүрі, тілі жоғалған халықты ешкім, ешқашан білмек емес. Тарихын бойына сіңіріп өскен ұрпақ қана мықты болып, әлемге қырағы көзбен шолу жасап, қорықпай қанат қағып, қажырлы еңбек ететіні сөзсіз! Сондықтан, Елбасымыз бүгінгі күннің ғана мүддесін ойлап қоймай, ұрпақтан – ұрпаққа сабақтасып жататын, сағын сындырмай, барын барымталатпай, бағын балталатпай, өзім дегенде өзегінде ар мен намыс біте қайнасып жататын ұл мен қыздың өсіп – өнуіне жан – жақты жағдай жасалатын бағыт сілтеп отыр. Енді, біз, әрбір сәтте жалғыз мақсатқа жаппай қолдау білдіріп, жұмыла атсалыссақ жарқын болашаққа қадам басқан әр перзентімізге табыстайтын мұрамыз да жарқын болады.
Ерлан Біләл:
Бүгінгі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдау мақаласында айтылған рухани жаңғыру мен заманауи ілгерілеудің жүгенін тартып ұстасып, жүгін қатар көтерісетін азамат, азаматша тәрбиелей алу мен білімді, жан-жақты ұрпағы бар елдердің көшбасшысы болу қай-қайсымыздың да көкейімізге қонары хақ! Елбасының «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» , «Жаңғыру елдің ұлттық - рухани тамырынан нәр алуы керек» - деген сөздерінің астарында ел мүддесін басты құндылық деп бағалау жатыр. Ендеше, бұл сүбелі ойды барлығымыз да қолдауға тиістіміз!
Жасұлан Байсалбеков:
Тәуелсіз Қазақстанның күн сайын ғарыштап дамуы жолындағы басты қағидаларының беріктігі негізінде Отанымыз түбегейлі жаңғыру мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға қабілетті болып отыр. Барша қазақстандық жастар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының құндылығы зор мақаласынан үлкен жігер, болашаққа деген сенім алды! Елбасы сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс деп жастарды заман талабына сай жан-жақты болуға үндеді. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы арқылы Н.Ә.Назарбаев дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолында жастардың қосар үлесі орасан зор маңызға ие екендігін баса көрсетті. Біз артылған үміт пен сенімді ақтауға аянбай еңбек етуге дайынбыз!
Салтанат Бақаева:
Заманға сай болу, әлемдік сана қағидаларын қалыптастыру,дамыған елдермен Отанымыздың терезесі тең тұруды басты мақсат еткен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясаты қазақстандықтардың мүддесіне бағытталған, ұлттық тарих, бүгініміз бен болашағымыз арасындағы дәнекерлеуші көпір іспетті. Білім саласы, тәрбие, отбасы,әр адамның тұлғалық қалыптасуы,ұлтқа деген шексіз махаббат қашанда жүрегімізде сақталуы керек екені, Атамекен ауылымыздың қадір-қасиетін де ұмытпауға шақырған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жан-жақты қамтылып, ұлттық мүддеде болуы қуантады!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жолдаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы келешегімізге нық қадам жасауға, бағыт-бағдарымызды анықтап, нақты мақсат-міндет қоюмызға ықпал ететін жолдау болды. Ұлт көшбасшысы айтқан ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, ұлттық кодты сақтау үшін әр сала мамандары өзінше ізденіп, жоспарлы еңбек етуі тиіс деген Елбасы мақаласындағы құнды ұсыныстарға Әуезов театрының ұжымы бір ауыздан қолдау танытатындарын жеткізді.