Талай өнерпаздың жұлдызын жаққан «Айгөлектің» жалғасын табуына не кедергі?

/uploads/thumbnail/20170710030115533_small.jpg

Білімді ұрпақ – мемлекеттің келешегі, ал біліммен қатар өнердің туын  желбіретіп жүрген жас өрендеріміз қаншама. Әр халықтың, әр ұлттың, адамзат қоғамының ертеңгі күнге үміт артар сенімі  де, серігі де – балалар.  Осы тұста жасөспірімдердің жұлдызы жанып, танымал әншілердің сынынан сүрінбей өтуге жол ашқан, қырағы көзді қазылар алқасынан әділ бағаларын алуға мүмкіндік берген, көпшілік қауым көрерменнің қошеметіне бөлендірген, жас таланттардың болашағына жолдама берген «Айгөлек» балалар байқауынының алатын орны ерекше.  2009 жылдан 2014 жыл аралығында Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген 5 жастан 14 жасқа дейінгі дарынды балалар 5 маусым бойы  дүбірлі додада бақ сынасып, өз өнерлерімен көпшіліктің көңілінен шыға білді.

«Айгөлек» балалар байқауының әр кезеңінде бақ сынасқан бала күнінен сахнаға әуестеніп, өнер жолын таңдаған жастармен Қамшы ақпараттық агенттігінің журналисі сұхбаттасқан болатын. Сұхбат барысында жас өнерпаздар өздерінің жеке шығармашылығындағы жаңалықтармен бөлісіп, «Айгөлек» балалар байқауында жұлдызы жанған балалар жайында айтып берді.

Әлихан Байсұлтанов, «Айгөлек» балалар байқауының 1 маусым қатысушысы әрі жүргізушісі: Жеке шығармашылығымда жаңалықтар көп, өзгерістер де бар. Мәселен, жаңа әндер жазып, бейнебаянды да жоспарлаудамыз. Бүгінде «Өнер қырандарының» белді актері, өнердегі, өмірдегі ағам Әнуар Шымырқұловпен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. «Айгөлекке» қатысып бүгінгі күнде Роза Рымбаева, Тоқтар Серіков, Мэлс Сағатұлымен жұмыс істеп жүрген талантты өнерпаздар бар. Олар: Айгерім Мергенбай, Дария Болсанбек, Донов Елдос, Алишер Жақсыбай.

Алишер Жақсыбай, «Айгөлек» балалар байқауының 2-ші маусым қатысушысы: Шығармашылығым жайлы айтатын болсам қазіргі кезде Мэлс Сағатұлымен бірге жұмыс істеп жатырмын. 2014 жылы Петербор қаласында өткен «Путь к звездам» байқауында  2-орын иегері атандым және қазіргі күнде өнер саласымен қатар спортты қатар алып жүрген жайым бар. Өнер жолында өзімді шыңдап, бейнебаяндар түсірмек ниеттемін.

Дария Болсанбек, «Айгөлек» балалар байқауының 2-ші маусым қатысушысы: Шығармашылығымдағы жаңалықтарды айтар болсам,  «Айгөлек» балалар байқауына қатысқаннан кейін Латвия, Литва, Қытай, Италия мемлекеттерінде өткен байқауларда бірінші орынды иелендім. Ал осы жылы Майра Ильясова апамыздың  ұйымдастыруымен өткізілген «Жан анам», «Сағындырған әндер-ай» концерттеріне қонақ ретінде шақырылып,  Роза Рымбаева апамызбен бірге ән айттым.  Ал «Айгөлекке» қатысқан балалар жайлы айтар болсам барлық қатысушылар өте мықты болды, аздаған уақыт ішінде барлығымыз бір-бірімізге бауыр басып қалдық. «Айгөлек» байқауынан мен үлкен тәжірибе жинақтадым және жас жұлдыздардың жануына жол ашқан Ғалия Байбосыноваға үлкен алғыс білдіремін.

Елдос Донов, «Айгөлек» балалар байқауының 4-ші  маусым қатысушысы: «Бүгінде өзімнің ұстазым Тоқтар Серіковпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмын және жеке авторлық әндерім жарық көруде. Болашақта әнші болу менің арманым және өнер жолында әрдайым ізденіс үстіндеміз.  «Айгөлек» балалар байқауы, ең алдымен, маған тәжірибе берді деп есептеймін, өйткені әр кезеңнен өткен сайын қазылар алқасы бізді әр қырымыздан көргісі келді. Соның арқасында біз шыңдала түстік. Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген балалармен достастырған «Айгөлек» балалар байқауының ұйымдастырушыларына алғысым шексіз және осы тектес байқаулар көптеп бола берсе екен деген тілегім бар.

Республикалық «Айгөлек» балалар байқауы – болашақтың бастауы. Жас таланттардың халыққа танылуына жол ашқан өнер сайысы көрерменнің ықыласына бөленгенін айта кеткен жөн және жас өнерпаздардың жұлдызын жаққан телевизиялық байқау өз жалғасын табады деген үміттеміз. Осы ретте Республикалық «Айгөлек» балалар байқауының продюсері Байбосынова Ғалия Ахатқызының пікірін сұраған болатынбыз.

«Айгөлек» балалар байқауының продюсері Байбосынова Ғалия Ахатқызы: «Бүгінде «Айгөлек» балалар байқауының 1-ші маусымында өнер көрсеткен өнерпаздардың жасы 17 мен 19 аралығында және басым көпшілігі өнер жолында білім алуда. Ал «Айгөлек» байқауына қатысқан өнерпаздар үлкен мектептен өтті, себебі 4-5 айналым кезінде өнерпаздар хореографиядан, вокалдан сабақ алып, камера алдында жұмыс істеу қабілетін дамытады, сахнамен жұмыс істеуді үйренеді. Сонымен қатар «Айгөлектің» сахнасында өскен жүргізушілеріміз Алихан  6 жасынан, Назым 8 жасынан, Еркеш 10 жасынан бастап Республикалық байқаудың ортасында жүр. Бүгінде Алихан жеке дара әнші, Ұлттық арнада «Әке» сериалының басты рөлін сомдады.  Еркеш пен Назым «Лүпіл» тобында өнер көрсетіп, кәмелеттік жасқа толған соң Еркеш «Alem Band» тобына, ал Назым «Кешью»  тобына шақырту алды. Шамамен 7-8 жыл көлемінде «Айгөлекте» өнер көрсеткен жаңа буын Қазақ эстрадасына келеді деп сенемін. Ал телевизиялық «Айгөлек» байқауы 2 маусым болды өткізіліп жатқан жоқ, бұйыртса Ұлттық арнадан тағы байқауымыз өз жалғасын табады деген үміттеміз»

«Айгөлек» балалар байқауынына қатысу үшін Қазақстанның әр қаласынан ұсыныстар түсіп жатқанын айтып, байқаудың өз жалғасын табуы Ұлттық арнаның шешіміне байланысты екенін атап өтті белгілі продюсер Ғалия Ахатқызы.

«Әнші балапан» байқауының қатысушылары бүгінде сахнаның жүйріктеріне айналса, «Айгөлек» балалар байқауы жас өнерпаздарға жол ашатыны анық.  Ендеше, «Айгөлектің» жұлдыздарын бірге жағайық!

Қамшыгер: Айгерім ТАУБАЙ

 

Қатысты Мақалалар